Саясат • Бүгін, 00:07

Әріптестік әлеуетке сенім мол

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Швейцарияның вице-президенті Ги Пармеланмен кез­дес­ті.

Әріптестік әлеуетке сенім мол

Делегациялар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағ­даластықтар шеңберінде сауда-эконо­микалық қатынастарды дамыту мәсе­лелерін талқылады.

Инвестициялық байланыстарды кеңейтуге, өнеркәсіптегі, ауыл шаруа­шы­лы­ғындағы, энергетикадағы, цифрлық, көлік-логистикалық, су салаларындағы және тағы да басқа өзара іс-қимылға назар ауда­рылды.

Швейцария – еліміздің тұрақты эконо­микалық серіктесі әрі екіжақты сауда көлемі бойынша 15 жетекші елдің қатарына кіреді. Биыл 9 айда бұл көрсеткіш шамамен 1,1 млрд долларға жетті. Былтыр өзара тауар айналымы 26,2%-ға ұлғайып, 1,7 млрд доллардан асқан еді. Отандық өнім экспорты 30,6%-ға өсті.

Тараптар инвестициялық ынтымақ­тас­тықты дамытуға арналған басым бағыт­тар­ға да тоқталды. 2025 жылдың бірін­ші жартыжылдығында Швейцария­дан Қазақ­станға тартылған тікелей инвес­тиция көлемі 34,2%-ға ұлғайып, 568 млн долларды құрады.

Көлік-логистика саласында халық­ара­лық маршруттарды, теңіз порттарын, логис­тикалық орталықтарды және экс­порттық-логистикалық өндірістерді дамыту бойынша ынтымақтастық әлеуеті талқы­ланды. Сәтті мысал ретінде Stadler Kazakhstan жолаушылар вагон­дарын шығару жобасы келтірілді. Қазақстанның авиахабтарды дамыту бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары шеңберінде авиация саласындағы мүм­кіндіктері атап өтілді.

Негізгі бағыт болып өнеркәсіптік кооперация қала береді. Бірлескен жобалар пулы шамамен 3,3 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 1,6 млрд долларлық бірқатар ірі жобаны қамтиды. Өнеркәсіп саласындағы технологиялар трансфері айтарлықтай әлеуетке ие.

IT-технологиялар саласында еліміз­дің цифрлық күн тәртібімен сәйкес келе­тін ортақ мүдделер белгіленді. Ынты­мақтастықтың әлеуетті бағыт­тары меди­цинаға, өнеркәсіпке, «ақылды» қалалардың цифрлық инфра­құры­лы­мына, тағы да басқа сала­ларға ЖИ-шешімдерді енгізу мәселесін қамтиды.

Ауыл шаруашылығы саласында ірім­шік пен басқа да премиум-класты сүт тағамдарын өндіру үшін сүт өнімдерін қайта өңдеу саласында швейцариялық озық технологияларды пайдалана отырып, бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндігі туралы атап өтілді.

Сондай-ақ су ресурстарын басқару сала­сындағы әріптестік мәселелері талқы­ланды. Оларды ұтымды пайдалануға әрі озық инженерлік шешімдерді енгізу­ге баса назар аударылды.

Қаржы, әлеумет, энергетика сала­ларын­дағы, сондай-ақ ШОБ-ты қолдау бойын­ша өзара іс-қимылды кеңейтуге қатысты ұсыныстармен Economiesuisse сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі швейцариялық кәсіпорындар қауымдастығының президенті Кристоф Медер, «SWISSMEM» компаниясының бас директоры Штефан Брупбахер, швей­цариялық экспорттық тәуекелдерді сақтандыру (SERV) директорлар кеңесінің төрағасы Барбара Хайо, Switzerland Global Enterprise бас директорының орынбасары Аня Фидлер, Stadler Rail AG директорлар кеңесінің төрағасы Петер Шпулер, Біріккен сауда палатасының (JCC) президенті Марсель Павличек, Швейцария Конфедерациясы Ұлттық кеңесінің мүшесі және Қазақстан-Швей­цария парламенттік достық тобының мүшесі Роланд Рино Бюхель, Швейцария Конфедерациясы экономикасының мемлекеттік хатшылығының Еуропа және Орталық Азиямен екіжақты ынтымақ­тастық бөлімінің кеңесшісі Йохен Янсен сөз сөйледі.

Қазақстан тарапынан Премьер-министр­дің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов пікір білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты іс жүзінде кеңейтуге және екіжақты қатынастарды одан әрі тереңдетуге бейіл екендіктерін растады.