Қоғам • Кеше

Қазақстанның туристік сақтандыру нарығында өсу көрсеткіші байқалды

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Туристік сақтандыру нарығы дүниежүзінде тұрақты өсіп жатыр. Бұл динамикаға халықаралық сапарлардың артуы, сақтандыру саласына цифрлық шешімдердің енгізілуі және туристер полистерді онлайн рәсімдейтін платформалардың кеңеюі әсер етіп отыр. Мемлекеттік құрылымдар мен туроператорлардың саяхат кезінде сақтандыруды негізгі қорғаныс құралы ретінде жиі ұсынуы да сұранысты арттырып отыр. Қазақстанда да туристік сақтандыру нарығы өсіп келеді, бірақ сегменттің үлесі небәрі 1%, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанның туристік сақтандыру нарығында өсу көрсеткіші байқалды

Фото: freepik.com

Егде саяхатшылардың саны артқан

Қосымша серпіннің болу себебі – орта жастағы және егде азаматтардың сақтандыруға деген қызығушылығы артуымен байланысты, себебі олардың шетелге саяхаттары жоғары медициналық тәуекелдермен қатар жүреді. Нарықта ең ірі үлесті медициналық сақтандыру мен жазатайым жағдайлардан сақтандыру алады. Бұл сегменттің күшеюі – егде жастағы саяхатшылар санының артуына және кешенді полистерге сұраныстың өсуіне байланысты болып отыр. Айта кету керек: туристік сақтандыруды ең белсенді қолданатындар – егде адамдар.

2024 жылы дистрибуция арналары арасында ең үлкен үлес сақтандыру компанияларына тиесілі болды және сарапшылар олардың көшбасшылығы сақталады деп болжайды. Бұл – полистерді ресми, түсінікті шарттармен ұсынатын сенімді дереккөздерге сұраныспен түсіндіріледі.

Аймақтық бөліністе 2024 жылы Еуропа 35,1% үлеспен көш бастады. Ал Азия-Тынық мұхиты өңірі алдағы жылдары ең жылдам өсетін аймақ болады деп күтіліп отыр.

Қазақстандағы туристік сақтандыру нарығы

Қазақстанда туристік сақтандыру сыйлықақыларының көлемі өсіп келеді. 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында туристік сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақылары 15,6% өсіп, 11,8 млрд теңгеге жеткен. 2024 жылы көрсеткіш 6,6% өскен еді.

Сонымен қатар бұл сегменттің жалпы сақтандыру нарығындағы үлесі екі жыл қатарынан 0,8% болып отыр. 2022-2023 жылдары оның үлесі 1-1,1% деңгейінде болған. Ең төмен үлес (0,5%) пандемия кезеңіне (2020 жыл) сәйкес келеді.

Міндетті туристерді сақтандыру

Міндетті сақтандыру нарықта басым үлеске ие: 2025 жылдың қаңтар–қазан айларында бұл сегмент бойынша сыйлықақылар 7,6 млрд теңге болды – бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,6% көп.

Міндетті сақтандырумен бар-жоғы 4 компания айналысады, және олардың біреуі сегменттің 76,1% үлесін иеленеді. Айта кету керек, міндетті сақтандыру тек турпакет құрамындағы, турагенттік арқылы рәсімделетін сапарларға қатысты.

Ерікті медициналық сақтандыру

Шетелге шығушыларға арналған ерікті медициналық сақтандыру полистері бойынша сыйлықақылар 10,7% өсіп, 4,2 млрд теңгені құрады.

Бұл – шетелде ауру, жарақат, госпитализация, дәрі-дәрмек, эвакуация немесе репатриация шығындарын өтейтін сақтандыру. Қазақстаннан шығу үшін міндетті емес, бірақ көптеген елдер өз визалық талаптарының бөлігі ретінде осындай медициналық сақтандыруды сұрайды.

Бұл сегментте 16 сақтандыру компаниясы жұмыс істейді, бірақ нарықтың басым бөлігін небәрі 3 компания иеленеді (76%+).

Сақтандыру төлемдері

2025 жылдың қаңтар-қазан айларында туристік сақтандыру бойынша төлемдер көлемі 88,8% өсіп, 5,1 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде:

4,5 млрд теңге – міндетті туристік сақтандыру (жылына 2 есе өсу),

614,5 млн теңге – ерікті медициналық сақтандыру (+27,5%).

Қорытынды

Қазақстандағы туристік сақтандыру нарығы өсіп келеді, бірақ сегменттің үлесі әлі де өте шағын (1%). Нарықта жоғары шоғырлану байқалады: жинақталған сыйлықақылардың басым бөлігі 1-3 компанияға тиесілі.

Сарапшылар атап өткендей, Қазақстанның сақтандыру компанияларына егде жастағы саяхатшылар сегментіне ерекше назар аудару қажет, өйткені олардың шетелдегі медициналық тәуекелдері жоғары және сақтандыруға деген сұранысы да тұрақты.