Қоғам • Бүгін, 15:58

«Тұрғын үй бағасы 30 пайызға өседі»: Министр пікір білдірді

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев кейбір сарапшылардың «Тұрғын үй бағасы 30 пайызға өседі» деген болжамына қатысты пікір білдірді. Үкіметте өткен брифингте журналист сұрағына жауап берген министрдің айтуынша, ведомство жекеменшік құрылыс компанияларының баға саясатына араласа алмайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Тұрғын үй бағасы 30 пайызға өседі»: Министр пікір білдірді

Фото: freepik.com

«Министрлік ретінде біз жекеменшік құрылыс компанияларының бағасына ықпал ете алмаймыз. Бұл – нарық заңы. Егер сұраныс артса, баға өзгереді. Сұраныс төмендесе, баға да реттеледі. Мұндай жағдайда нақты болжам жасау қиын», деді Ерсайын Нағаспаев.

Оның айтуынша, қазір нарықта жоғары сұраныс байқалады, мұны құрылыс компаниялары өздері күшейтіп отыр – олар пәтерлерді тезірек сатып жіберуге мүдделі.

«Қазір нарықта дүрбелең бар. Оны құрылыс компаниялары жасайды. Сол себепті халық арасында «жылдам алу керек» деген түсінік қалыптасады. Мұндай жағдайда сұраныс әрдайым бағаға әсер етеді. Бірақ мен 10-20 пайызға немесе одан да жоғары өсімге негіз көріп отырған жоқпын», деді ол.

Министр әлеуметтік тұрғын үй сегментінде ғана бағаға бақылау жүргізуге болатынын айтты.

«Біз нарықтық тетіктерге ықпал ете алмаймыз. Бірақ әлеуметтік тұрғын үйлер бағытында барлық бағаны қадағалаймыз, қажет болған жағдайда белгіленген құнды бекітуге рұқсат береміз», деді Е.Нағаспаев.

Бұған дейін Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин тұрғын үй бағасының қашан көтерілуі мүмкін екенін айтқан еді.