Қоғам • Бүгін, 07:30

Әдеби үндестік көрінісі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы музейінде Батыс Қазақстан облыстық тари­хи-өлкетану музейіне қарас­ты А.Пушкин музейі, М.Шоло­ховтың мемориалдық музейі және Семейдегі Ф.Дос­тоев­скийдің әдеби-мемориалдық музейі қорларынан жасақталған «Орыс әдебиетінің классиктері қазақ жерінде» атты көрме ашылды.

Әдеби үндестік көрінісі

Көрме қазақ жерімен тағ­дыр­лары тоғысқан әлем әдебиетінің үш алып тұлғасы – Александр Пушкин, Федор Достоевский және Михаил Шолохов­тың шығармашылық мұрасы мен тарихи байланыстарын жан-жақты таныстырады. Экспозицияға XIX–XX ғасырлардан қалған сирек құжаттар, фотоматериалдар, тұрмыстық заттар, қолжазба көшірмелері және әдеби басылымдардан тұратын 101 жәдігер қойылды.

Тағылымды шараның салтанатты ашылуы барысында Алматы музейі­нің директоры Кәмшат Бақтыға­ли­қызы ұсынылған жәдігерлердің құндылы­ғына тоқталып: ««Бұл экспонаттар – тек тарихи дерек емес, өткен мен бүгінді жалғайтын рухани көпір. Музейіміз үшін мұндай ауқымды көрмені қабылдау – үлкен мәртебе. Шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылғы 24 сәуірдегі XXXIV сессиясында берген тапсырмалары аясында, Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен іске асып отыр»,  деп атап өтті.

Батыс Қазақстан облыстық тари­хи-өлкетану музейінің директоры Жантас Набиоллаұлы, Пушкин мен Шолоховтың қазақ жерінен алған әсері – бүгінгі ұрпаққа ортақ рухани мұра екенін, бұл көрме – Тынық Дон мен Ақ Жайық арасындағы тарихи байланыстарға тағзым ретінде жүзеге асқанын жеткізді.

«Халықтар арасындағы достық пен мәдени сабақтастықты нығайту – біздің музейдің басты міндеттерінің бірі. Біз ұлы тұлғалардың шығармашылық мұрасын елге кеңінен таныту арқылы рухани көпірді нығайта түсеміз», – дейді ол.

Өз кезегінде Ф.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінің директоры Ирина Соловьёва, қаламгердің Семей кезеңі қазақ руханиятымен терең байланысты екенін, көрме сол тарихи кезеңді жаңа қырынан көрсетуге мүмкіндік беретініне тоқталды.

Ақын, халықаралық «Алаш» сый­лығының лауреаты Әділғазы Қайыр­беков әдеби байланыс туралы ойы­мен бөлісіп, қазақ әдебиеті орыс классиктерінің үздік туындыларын аудару арқылы әлемдік руханиятпен терең үндескенін, бұл ықпалдастық – екі халықтың мәдени қазынасын ба­йыта түскенін айтты.

Көрмеде Пушкиннің 1833 жылғы Орал сапарына қатысты мате­риал­дар, Достоевскийдің Семейдегі өмі­рін бей­нелейтін жәдігерлер, Шоло­хов­тың Қазақстанмен байланысын ай­­ғақтайтын кітаптар, фотосу­реттер мен жеке заттар кеңінен ұсыныл­ды.

 

АЛМАТЫ