Іс-шараның маңыздылығы Қазақстан мен Еуропалық одақ және оның мүше мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуының 10 жылдығына орай өткізілуімен ерекше айшықталды.
Тараптар Астана мен Брюссель арасындағы стратегиялық серіктестіктің он жылдық нәтижелерін қорытындылап, оның болашақтағы дамуы жөніндегі көзқарастарымен бөлісті.
Отырыс барысында экономикалық байланыстар ынтымақтастықтың негізгі қозғаушы күші болып қала беретіні айтылды. Себебі Еуропалық одақ еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі мәртебесін сақтап отыр. Өткен жылы өзара тауар айналымы 50 млрд долларға жақындады, ал еуропалық инвестициялардың жалпы ағыны 200 млрд долларға жетті. Біздің елде еуропалық қатысуы бар 4 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Сыртқы істер министрі сауданы одан әрі әртараптандыруға дайын екенін жеткізіп, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің ЕО нарығына қол жеткізуін кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Ерекше назар Транскаспий халықаралық көлік бағдарын («Орта дәліз») дамыту мәселесіне аударылды. Ғаламдық жеткізу тізбектерінің трансформациясын ескере отырып, тараптар бұл бағыттың Еуропа мен Азия арасындағы сенімді әрі тұрақты көлік дәлізі ретіндегі стратегиялық маңызын растады. Қазақстан бұл коридорды одан әрі дамыту үшін ЕО және өңірлік серіктестермен ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін жеткізді.
Жеке бағыт ретінде «жасыл» және цифрлық трансформация саласындағы өзара іс-қимыл талқыланды. Тараптар бұл бағыттың Қазақстан экономикасының жаңғыртылуына және Еуропаның өнеркәсіптік тұрақтылығына бірдей үлес қосатын перспективалы сала екенін атап өтті.
Отырысқа қатысушылар парламенттік ынтымақтастықтың маңызына да тоқталып, қараша айында Брюссельде өткен «ҚР – ЕО» парламенттік ынтымақтастық комитетінің 22-отырысының табысты өткенін жоғары бағалады.
Адамдар арасындағы байланыстарды кеңейтуге ерекше назар аударылды. Тараптар 2 желтоқсанда Брюссельде Қазақстан азаматтары үшін ЕО визалық режімін жеңілдету және реадмиссия туралы келіссөздерді бастауды құптады. Бұл қадам гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, студенттер, ғалымдар мен кәсіби мамандар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге, сондай-ақ азаматтардың мобильдігін арттыруға елеулі үлес қосады.
Отырыс барысында делегация басшылары Қазақстан мен Еуропалық одақтың кемелденген, орнықты және болашаққа бағытталған серіктестік құра алғанын атап өтті. 29 негізгі өзара іс-қимыл бағытын қамтитын Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім осы жылдар ішінде өз тиімділігі мен өзектілігін көрсетіп, ынтымақтастық пен өзара сенімді нығайтудың берік негізіне айналды.
Кездесу соңында Е.Көшербаев пен К.Каллас саяси диалогті одан әрі нығайтуға, сауда мен инвестицияларды дамытуға, өңірлік өзара байланыстылықты арттыруға және гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге бейілді екенін растады.