Лу Бань шеберханасы құрылған сәттен бастап тек оқу алаңы ғана емес, болашақтың автомобиль саласына мамандар даярлауға бағытталған заманауи білім беру және инновациялық орталыққа айналды. Бүгінде мұнда Қазақстаннан және шетелден келген студенттер электромобильдер технологиясын, гибридті күш қондырғыларын, интеллектуалды көлік жүйелерін, жасанды интеллектті және автономды жүргізу технологияларын меңгереді. «SMART Driving Technology» орталығының ашылуы технологиялық экожүйені одан әрі нығайтып, жаңа буын гибридті және электрлі автомобильдерге, автопилот платформаларына, AR/VR симуляциялық кешендеріне және цифрлық негіздерге қолжетімділікті кеңейтті.
Салтанатты жиында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлнар Кобенова жаңа орталықтың Президент қойған міндеттерге толық сәйкес келетінін атап өтті.
– Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» Жолдауында пилотсыз және смарт-көлік технологияларын жедел дамыту қажеттілігі ерекше айтылған. Орталықтың ашылуы – ұлттық технологиялық құзыреттер желісін қалыптастырудағы маңызды қадам. Шығыс Қазақстан мықты инженерлік мектепке ие. Ал ШҚТУ білім, ғылым және инновацияны табысты ұштастырып келеді. Бұл орталық болашаққа қажетті құзыреттерді дамытып, елімізге және шетелге қажет жоғары білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді, – деді Г. Көбенова.
Тяньцзинь кәсіптік университетінің президенті У Цзунбао өз сөзінде жобаның серпінді дамуын ерекше атап өтті.
– Лу Бань шеберханасы Қытай мен Қазақстан ынтымақтастығының жаңа белесі. Жобаның бірінші кезеңі 2023 жылы іске қосылса, бүгін екінші кезеңі ашылды. ШҚТУ индустрияның қажеттіліктерін білім беру үдерісімен терең интеграциялау арқылы жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Интеллектуалды көлік жүйелері инженерлік орталығы озық автомобиль технологияларын дамытуға және Қазақстан үшін жоғары білікті мамандар даярлауға ықпал етеді, – деді У. Цзунбао.
Иә, жаңа белеске жеткен шеберханадан шыңдалып шыққан түлектер заманның ағымына қарай жаңа қызмет түрлерін көрсетуге әбден машықтанған. Мұнда білім де, білік те шыңдала түседі.
Өскемен