Фото: Ашық дереккөз
Energy Monitor телеграм арнасының мәліметінше, Қазақстан халыққа ең төмен бағада газ жеткізу бойынша әлемдегі үздік үштікке кіреді. Алайда ТШО, КПО және NCOC компаниялары елдегі жалпы коммерциялық газ өндірісінің (тазартылған шикі газ) 75%-ын құрайды.
Қыста газға сұраныс күрт артатындықтан, Қазақстан экспорттаушыдан ішінара импорттаушыға айналады. Бұл кезеңде газ – жылу, электр және тұрмыстық қажеттілік үшін аса маңызды ресурс.
Арнаның жазуынша, КТК-ға жасалған шабуыл дәл қыс мезгілінде орын алғаны ел үшін қауіп төндіретін факторлардың бірі. Себебі мұндай жағдайда газ тапшылығы туындаса, оны Қазақстан Ресейден немесе Түрікменстаннан импорттауға мәжбүр болады. QazaqGaz шығындарының арқасында халық газ жетіспеушілігін сезбеуі мүмкін, алайда көрші елдер жеткізуді шектейтін жағдай туындаса, бұл қиындықтар ішкі нарыққа ықпал етуі ықтимал.
Energy Monitor сондай-ақ КТК бағытындағы жағдайға байланысты Қазақстан билігі мен оператор жоспарлаған АТҚ-3 қондырғысының іске қосылуын кейінге шегеруге мәжбүр болғанын атап өтті. Қоңыржай ауа райы жағдайында қолда бар екі қондырғы резервуарларда жиналған мұнайды жөнелтуге жеткілікті болғанымен, қауіпсіздік тәуекелдері ескеріліп отыр.
Жалпы алғанда, КТК-дағы техникалық қиындықтар Қазақстан мұнайшылары мен бюджетіне айтарлықтай шығын келтірмеуі мүмкін, алайда газ тапшылығы тәуекелі – әлдеқайда маңызды фактор. Бұған дейін Қашағандағы слаг-кэтчерді ауыстыру мерзімін кейінге қалдыру мәселесі де елдегі тауарлық газ тапшылығы қаупіне байланысты көтерілген болатын.