Саясат • Бүгін, 09:00

Сайлаушылар сұранысы назардан тыс қалған жоқ

0 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы өтті. Күн тәртібінде ел азаматтарының депутаттарға айтқан өтініштерінің орындалу нәтижелері, салық және бюджет саласын реттеу, қоғамда резонанс тудырған электр самокат пен бетті тұтас тұмшалайтын никап мәселелерін реттейтін заң жобалары талқыланып, тиісті қаулысы қабылданды. Аталған тақырыптарға қатысты заңнамалық нормалар бойынша Салық, Қылмыстық, Цифрлық және Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстеріне бірқатар түзетулер мен өзгерістер енгізілді.

Сайлаушылар сұранысы назардан тыс қалған жоқ

Халық депутаттарға 965 өзекті мәселе айтқан

Алдымен депутаттар Салық кодексіне коммуналдық меншік­тегі энергия өндіруші ұйым­дарға салық салу мәселелері бойын­ша толықтырулар енгізуді көз­д­е­ген заңның жобасы мен Қазақстан мен Тәжікстан арасын­дағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификация­лау­ға бағытталған заң жобасын екін­ші оқылымда қабылдап, қоры­тынды әзірлеу жөніндегі қаулысын бекітті.

Бұл жолғы жалпы отырыстың негізгі мәселелерінің бірі ретінде Мәжіліс депутаттарына олардың өңірлерге шығу барысында келіп түскен азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау нәтижелері талқыланды. Мұны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев баяндады.

Сөз басында вице-премьер Мемлекет басшысы айқын­даған негізгі міндеттерді іске асыру­да Үкіметпен тығыз және жү­йелі өзара іс-қимыл жасап келе жатқан Парламентке алғысын жеткізді.

– Осы жылы сайлаушылар тарапынан елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын қамтитын 965 өзекті мәселе көтерілді. Өтініштердің шамамен жартысы (454 өтініш немесе 47 пайызы) нақты секторға қатысты. Халық тарапынан ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, табиғи ресурстар, экология және көлік салаларындағы мәселелер көтерілді, – деді Қанат Алдабергенұлы.

Қ.Бозымбаев сұрақтардың 31 пайызы денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мен білім беру, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігі сынды әлеуметтік салаға тиесілі екенін атап өтті.

– 125 сұрақ мемлекеттік реттеу мен қаржы-экономикалық мәселені қамтиды. 87 сұрақ күштік құрылымдарға қатысты. Оған жеке құраммен толық­тыру, материалдық-техникалық, қоғамдық қауіпсіздік бойынша, сондай-ақ өткізу бекеттері мен мемлекеттік шекараны жаңғырту мәселелері кіреді. Өтініштердің құрылымы экономиканы және әлеуметтік саланы дамыту бойынша міндеттерді шешуге бағытталғанын көрсетеді, – дей келе Үкіметтің жыл бойы атқарған жұмысының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды.

Қысқасы, сөзінде халық көтерген мәселелерді шешуге бағытталған шаралар туралы егжей-тегжейлі баяндап шыққан Қ.Бозымбаев Парламент пен Үкіметтің бірлескен жұмысының нәтижесінде халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған барлық міндеттер орындалатынын айтты.

Қ.Бозымбаевтың баяндамасынан соң мәжілісмендер халық көтерген мәселелер төңірегін­де Үкімет мүшелеріне 30-ға жуық сұрақ қойды. Сұрақ-жауап бөлімі негізінен әлеумет­тік (білім, медицина) және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты өрбіді.

Сұрақ-жауап бөлімінен соң Мәжілістегі фракция жетек­шілері де депутаттардың өңір­лерге сапары барысында аза­мат­тардан келіп түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың қарау нәтижелері туралы сөз сөйледі.

Күн тәртібіндегі мәселенің қорытындысы ретінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та сөз сөйлеп, отырыста көп сұрақ қойылып, көп ұсыныс айтыл­ғанын, олар егжей-тегжейлі талқыланғанын жеткізді. Деген­­мен Үкімет тарапынан беріл­ген біраз жауап мардымсыз болғанын атап айтты.

– Нақты сұрақтарға көбіне сырғытпа, жалпылама жауап берілді. Нақты істерді көрсете алмады. Ол туралы жаңа Фракция жетекшілері өз сөздерін де сынға алды. Қанат Алдабергенұлы, бұл сұрақтың бәрін біз өңірлерге барып келгеннен кейін, күзде Премьер-министрдің атына жолдағанбыз. Өңірлердегі тұрғындардың мыңдаған талап-тілегі мен сұрағына, өкінішке қарай, мардымды жауап алған жоқпыз. Келесі жылдың басында тағы да кездесу болады, ол кезде нақты нәтижелер күтеміз, – деді Ерлан Жақанұлы.

Сондай-ақ палата спикері өңірлерде мәселе көп екені күні кеше өткен Ауыл әкімдерінің диалог-платформасында да байқалғанын атап өтті.

– Диалог-платформада қан­шама мәселе көтерілді. Түстен кейінгі 6 секцияның өзінде тағы да 100-ден аса мәселе ортаға салынды. Мемлекет басшысы сол жерде осы мәселелердің көбінің жүйелі шешімін ұсынды, нақты тапсырмалар берді. Бұл Мәжі­ліс депутаттарының тұрақты бақы­лауында болады, – деген Е.Қошанов әкімдер көтер­ген мә­селелер мен өңірлерден жинал­ған талап-тілектер бір-бірімен біте қайнасып жатқанын айтты.

 

Жаңа Цифрлық кодекс қабылданды

Отырыс барысында «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен ОРЕС Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сек­тордағы операцияларды ұйым­дастыру туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Оны Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин таныстырды.

Жалпы, ОРЕС қоры 5 жылда Қазақстандағы жобаларға 400 млн долларға дейін қаражат бөлетін болды. Бұл кеше Мәжіліс ратификациялаған негіздемелік келісімде көрсетілген. Келісімде Қордың инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін Үкімет кепілдігін талап етпей, 2,5–5 пайыз мөлшерлемемен несие беруі көзделген.

Сондай-ақ келісімді ратификациялау ОРЕС қорына энер­гетика, өнеркәсіп, көлік инфра­құрылымы, қаржы, ауыл шаруа­шылығы, су, телекомму­ни­кация, білім беру және денсау­лық сақтау сияқты салалар­дағы экономикалық даму мақсат­тарының бөлігі ретінде елімізге қаржылық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Келесі кезекті Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева Цифрлық кодекстің жобасын таныстырды. Депутат бір-бірімен байланысты үш заң жобасына ортақ баяндама жасады.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында үш жылдың ішінде цифрлық ел құру міндетін қойды. Оның құқықтық негізіне цифрлық кодекс айналады. Кодекс цифрлық мемлекеттің архитектурасы мен деректерді реттеуден бастап цифрлық адам құ­қық­тарын қорғауға және кибер­қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дейінгі цифрлық құқықтық тәртіптің барлық негізгі салаларын қамтиды, – деді баяндамашы.

Сондай-ақ ол бүгінде еліміз цифр­ландыру саласындағы бір­қа­тар халықаралық бастамаларды қолдайтынын және олардың бастамашысы екенін атап өтті.

 

Бетін толық тұмшалағандарға да жауапкершілік бар

Депутаттар қабылдаған «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заң бойынша енді қоғамдық орындарда бетті жауып тұратын киім кигені үшін жаза қолданыл­мақ. Бұл туралы депутат Магеррам Магеррамов заң жобасын таныстарған баяндамасында атап өтті.

Осылайша, Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бо­йынша әзірленген «Құқықбұзу­шылық профилактикасы туралы» жаңа заңды Мәжіліс екінші оқылымда қабылдады. Заңда құқықбұзушылық профилактикасы жүйесі кеңейтіліп, профилактика субъектілерінің саны 13-тен 26-ға дейін артады.

Сонымен қатар профилактика моделінің өзі қайта қара­лады. Енді оған жалпы, жеке және арнайы шаралар енгізіледі. Әкім­ші­лік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулерде қоғамдық орындарда бетті жауып тұратын, тануға кедергі келтіре­тін киім (ниқаб) кигені үшін әкімшілік жаза қарастырылған.

Заңға қайшы контент­ті жариялағандар мен тарат­­қан­дарға, сондай-ақ мемле­кет­тік органдардың бұзушы­лық­тардың себебін жою туралы нұсқауларын қасақана орын­дамағандарға қатысты жауап­кершілік енгізіледі. Табиғи және техногендік төтенше жағдайлардың алдын алу бо­йынша азаматтық қорғаныс шараларын орындамағаны үшін мемлекеттік лауазымды тұлғалар мен жергілікті билік органдарына жаңа жауапкершілік түрлерін көздейтін түзетулер енгізілді. Енді Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігі мұндай адамдарды жа­уап­кершілікке тартуға құқылы.

Мәжіліс кулуарында жоғары­да аталған заң жобасының әзір­ленуіне атсалысқан депутат­тар­дың бірі Үнзила Шапаққа жолы­ғып, заңның кейбір тұстарын нақтылап беруін сұрадық.

– Бұған дейін қоғамдық орын­дарда азаматтардың бет-жүзін толық жабуға шектеу қойыл­ғанымен, жауапкершілік қарас­тырылмаған еді. Егер адам­ның бет-жүзі анықтауға мүмкін­дік бермейтіндей деңгей­де жабық болса, алдымен ескерту жасалады, ал қайталанса – он ай­лық есеп­тік көрсеткіш мөл­ше­рін­де айып­пұл салынады. Мұн­­да мәсел­е діни жамылғыға ты­йым салу­да емес, адамды иден­ти­фи­ка­ция­лауға мүмкіндік қарасты­р­уын­да болып отыр, – дейді депутат.

Оның айтуынша, жалпы, құқықбұзушылық профилактикасы туралы заңның басты нәтижелерінің бірі – түрлі сала­дағы нормаларды бір жүйеге келтіріп, мемлекет саясатын бірегейлендіру. Бұған дейін профилактика мәселесінде негізі­нен мектеп пен ішкі істер орган­дарына ғана жүктеме түсіп келсе, енді басқа да әлеумет­тік субъектілердің қатысуы заңды түрде бекітілді.

Сондай-ақ Ү.Шапақ қоғам­дық орындар да нақты айқын­дал­ғанын айтты. Яғни олар – кино­театрлар, спорттық ареналар, концерт залдары сияқты бақылау жүргізілетін жабық кеңістіктер. Ал тротуарлар мен ашық алаңдар, сквер, аллеялар бұл санатқа кірмейді.

 

Елді алаңдатқан электр самокат

Жалпы отырыста қабылдан­ған жоғарыда аталған жаңа заңға сәй­кес, электр самокатты пай­да­­лануға қатысты ереже де күшейеді.

Жаңа заңда жол қауіпсіздігін жақсартуға және электр самокаттарын жалға беру оператор­ларының қызметін реттеуге бағытталған өзгерістер ұсыныл­ды. Енді жалға беретін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін әрбір электр самокатқа қатысты азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізілмек. Сондай-ақ мұндай самокаттарды тіркеу және тіркеу нөмірлерін беру тәртібі белгіленеді. Жалға берушілер жүргізуші куәлігі жоқ немесе одан айырылған адамға электр самокатты басқаруға рұқсат бергені үшін жауапты болады.

Бұл мәселеге қатысты депутат Ү.Шапақты тағы да сөзге тарттық.

– Электр самокаттарды пайдалану мәселесі қоғамда кең талқыланып жатыр. Бүгінгі таңда біз самокаттардың жаяу жүргіншілер жүретін орындарға кіруіне рұқсат бермей келеміз. Егер рұқсат берсе, соған сай тиісті жауапкершілік те жүктелуі керек. Негізінде мәселе – самокат қозғалысына байланысты жауапкершілікті нақтылау. Егер электр самокат қозғалысына жол ашылатын болса, онда оны жалға беретін компаниялар азаматтық-құқықтық сақтандыруды қамтамасыз етуге міндетті. Бұл – басқарушы компанияның өз мойнына алатын жауапкершілігі. Айта кететін тағы бір жайт – сөз ойыншық немесе балаларға арналған қарапайым самокаттар туралы емес, тек электр самокаттар туралы болып отыр. Қоғам мұны шатастырмауы керек. Ең үлкен талқылау туғызған жаңалықтың бірі – автомобиль жүргізушісі мен электр самокат жүргізушісі­нің белгілі деңгейде теңестірілуі. Бұл – заңда көрсетілген нор­ма­ларға сәйкес қабылданған шешім. Электр самокат жол қоз­ға­лысына қатысушы ретінде таныл­ғандықтан, оған да көлік құралдары үшін қолданылатын талаптар қойылады. Пікірта­лас барысында депутаттар жол инфрақұрылымының жүкте­луі, қауіпсіздік, бақылау мүмкін­діктері бойынша сұрақ­тар қой­ды. Бұл мәселелер ведомст­во­­лық актілер арқылы реттеле­ді, ал Үкімет өзіне тиісті міндет­темелерді алды, – дейді Ү.Шапақ.

Дегенмен бұл мәселе түп­кілікті шешілді деген сөз емес. Алда Сенаттың қарауы бар. Жоғары палата депутаттарының да электр самокаттарға қатысты біраз мәселе көтеріп жүргенін білеміз. Біздіңше, бұл тұрғыда әлі біраз талқылау болуы мүмкін. Себебі электр самокаттарға тротуармен жүруге әлі нақты ты­йым салынбады. Ал көлік жүретін жолдарда өзге өңірлер тұрмақ, Астананың өзінде самокат­тар­ға арналған арнайы жолақ бел­гі­леніп, тиісті жағдай жасала қойған жоқ.