Саясат • Бүгін, 08:58

Әуе хабтарын дамыту мәселелерін шұғыл шешуді тапсырды

0 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік жүк авиа­хабтарын дамыту жөнінде кеңес өткізді.

Әуе хабтарын дамыту мәселелерін шұғыл шешуді тапсырды

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Президент авиахабтарды дамыту көлік-тасымал саласындағы басым бағыттардың бірі саналатынына тоқталды.

– Күллі әлем елдері транзиттік мүмкіндіктерін арттыруға ерекше мән беріп отыр. Халықаралық бәсекелестік күшейе түсті. Қазір Қазақстан арқылы жөнелтілетін жүк, негізінен, автомобиль және теміржол арқылы тасымалданады. Бірақ сарапшылар жыл өткен сайын әуе жолдары арқылы өте­тін жүк тасымалы, яғни «air cargo»-ның үлесі арта түседі деген болжам жасап отыр. 2040 жылға қарай әуе жүктерінің 20 пайызы «Азия – Еуропа» бағытына тиесілі бол­мақ. Еліміз теміржолды, автокө­лік жолын және әуе тасымалын қамтитын мультимодальді логис­тика жүйесін қалыптастыруы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елі­міздің географиялық артық­шы­лықтарын тиімді пайдалану қажет екенін айтты.

– Еліміз Еуропа мен Азия арасындағы негізгі әуе жол­дары­ның түйіскен тұсын­да орна­ласқан. Біз осы ерекше­лігіміз­ді барынша тиімді әрі ұтым­ды пай­далануымыз керек. Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ ай­мағында транзиттік жүк тасы­малына байланысты бәсеке кү­шейіп барады. Сондай-ақ көлік-ло­гистика саласына инвести­ция тартуға қатыс­ты талас қыза түсті. Біз де батыл әрі тиімді шешім­дер қабылдауы­мыз керек. Әйтпесе, қолда тұр­ған мүмкіндік пен ар­тық­шылықтан айырылып қалуы­мыз мүмкін, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірін­ше, негізгі әуежайларда толыққанды авиахаб қалыптас­тыру – өте өзекті мәселе.

– Әр әуежайдың бәсекеге қабілетті тұстарын айқындап, жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек. Қазір транзиттік карго-трафиктің қосымша құны төмен болып тұр. Жүк тасымалдаушылар көбіне жанармай құю немесе техникалық қажеттілік үшін ғана тоқтайды. Біздің әуежайлар жүкті тиеп-жөнелтуге, жинақтауға аса құлықты емес. Себебі елімізде инфрақұрылым дайын емес. Соның салдарынан транзиттік әлеуеті­мізді толық пайдалана алмай отырмыз. Осыған орай арнайы экономикалық аймақ­тардың тиімді жұмысын қамтамасыз етуіміз керек. Ұсыны­латын жеңілдіктер әрбір хабтың ерекшелігіне қарай жасалуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент осы бағыттағы қордаланған мәселелерді шешуді кейінге қалдырып, тиісті құжат қабыл­дамай отырған салалық ми­нистр­ліктің жұмысын сынға алды.

Мемлекет басшысы Үкіметке әуе хабтарын дамытудың нақты мәселелерін шұғыл түрде шешу жөнінде тапсырма берді.

– Әуежай қызметіндегі қазіргі тариф саясатын қайта қарауға баса мән беру керек. Кейінгі 10 жыл­да баға бір-ақ рет, яғни биыл ғана өсті. Тарифтерді ұстап тұру инфра­құрылымның тозуына әкеледі. Мұны тәжірибе анық көрсетті. Бағаны қайта қарау қалыптасқан жағдайды өзгертуге кепіл болуға тиіс. Сонымен қатар бағаның күрт көтерілуін болдырмау үшін оңтай­ландырылған тәсіл қолдану қажет. «Тарифті инвестицияға айыр­бастау» қағидатын енгізу алдағы жылдары саланы дамытудың негізгі шарты болуы керек. Қолайлы іскерлік орта құру – стратегиялық міндет. Инвесторларды мұқият тыңдаған жөн. Әуежайлардағы авиациялық емес қызметті шектен тыс реттеу көптеген түйткіл туындатып отыр. Конкурстар арқылы компанияларды іріктеу барысында бюрократиялық кедергі жасауды, келісімдердің мерзімін шектеуді тоқтату керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент авиаотын мәсе­лесін түбегейлі шешуді тапсырды. Мемлекет басшысының пікірінше, саланы дамытуда негізгі екі проблема бар. Бұл – бағаның жоғары болуы және ішкі өндіріс көлемінің жеткіліксіздігі.

– Ең әуелі, алдағы үш жылда елі­міздің ішкі өндіріс көлемін арттыру, импортты әртараптан­дыру керек. Ақылға қонымды бәсеке­лестік сақталуға тиіс. Реттеу ісіндегі барлық өзгеріс кезең-кезеңі­мен әрі нақты, отынды тұрақ­ты жеткізуге кедергі келтір­мей іске асырылуы қажет. Жұмыс істеп тұрған ұйымдар базасында авиация ғылыми-зерттеу институтын құрған және отынды сертификаттау зертханасын ашқан жөн. Үкіметке монополияға қарсы ор­гандармен бірге аталған мәселе­лерді шешу бойынша тез арада кешенді шара қабылдауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

в

Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда елімізде құрылатын Ұлттық жүк тасымалдаушы әуе компа­ния­сының қызметіне жан-жақты қолдау көрсетуге шақырды.

– Отандық жүк тасымалы ком­пания­ларын қолдаудың ал­дағы үш-бес жылға арналған нақты ша­ра­лар жиынтығын әзірлеу қа­жет. Бас­ты мақсат – компания­лар­ды қо­сыл­ған құнды құруға ын­та­ландыра оты­рып, мультимодаль­д­ық логис­ти­каны дамыту. Әуе к­емелері фло­тын өркендету тран­зиттік әуе же­лісін қалыптастыру­дың маңызды бөлігі саналады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы елімізде жүк тасымалдайтын ұшақтардың тапшылығына тоқталды.

– Үкімет құрастырылғанына 25 жылдан асқан жүк ұшақтары­на қойылған шектеуді алып тас­тау мәселесін мұқият қарастыруы керек. АҚШ-тағы FedEx әуе компаниясы ұшақтарының шығарылғанына орта есеппен – 28 жыл. UPS компаниясында бұл көрсеткіш 30 жыл болса, Ұлыбританияның One Air әуе компаниясында 33 жылды құрайды. Мұндай мысалдар жеткілікті, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев авиация саласын цифрландыруға баса назар аударды.

– Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау нарығындағы өзара ықпалдастық «бірыңғай цифрлық терезе» қағидаты бо­йынша жүргізілуге тиіс. 2019 жылы әуе көлігімен жүк тасымалдау үдерісін жеңілдетуге бағытталған «E-freight» жүйесі іске қосылды. Бірақ бүгінге дейін бұл жүйенің қызметі шектеулі күйінде қалып отыр. Құжаттарды ресімдеуді кешіктіру фактілері бар, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өзекті мәселенің бірі – авиация саласына қажетті кәсіби мамандар даярлау.

– Білікті кадрлар болмаса, реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл салада кадр тапшылығы қатты сезіліп отыр. Жыл сайын жүздеген маман керек болуда. Осы мәселені шұғыл шешу қажет. Үкіметке кадр даярлау жүйесін реформалауға қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Халықаралық білім-ғылым мекемелерімен байланыс орнату қажет. Сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыратын құзырет орталықтарын құру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы көлік және логистика саласын дамыту­дың стратегиялық мәні зор екенін айтып, бұл мәселені өз бақы­лауында ұстайтынын жеткізді.

Кеңесте Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Астана қала­сының әкімі Жеңіс Қасымбек, «Алматы халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының прези­денті Косе Гокер баяндама жасады. Сонымен қатар талқылауға Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Бәсеке­лес­тікті қорғау және дамыту агент­тігінің төрағасы Марат Омаров, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қатысты.