Үкімет • Бүгін, 09:13

Үкімет Жезқазғандағы су мәселесін шешуге қомақты қаржы бөлді

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет резервінен Ұлытау облысының сумен жабдықтау инфрақұрылымын жаңғыртуға 1,8 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Қаражат Жезқазған қаласының шаруашылық-ауыз су тазарту құрылыстарын реконструкциялауды аяқтауға жұмсалады, деп жазады Egemen.kz.

Үкімет Жезқазғандағы су мәселесін шешуге қомақты қаржы бөлді

Фото: egemen.kz/Ерлан Омар

Қазір қалада жұмыс істеп тұрған шаруашылық-ауыз су тазарту кешені 1966 жылы пайдалануға берілген. Үкімет аталған нысанның 90%-ы тозғанын мәлімдеді. 

Бүгінде онда ұзындығы 4 шақырым инженерлік желілер (кәріз, жылумен жабдықтау, жарықтандыру) тартылып, трансформаторлық қосалқы стансалар мен тарату құрылғылары салынған. Ауыз суға арналған 4 резервуар реконструкцияланып, пайдалануға берілген.

Үкімет резервінен бөлінген қаражат нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтап, белгіленген мерзімде толық пайдалануға беру бағытында жұмсалады. 

2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде сапалы ауыз суға қолжетімділік қалаларда – 99,4%, ауылдық елді мекендерде – 98% көрсеткішке жеткен.

100% көрсеткішке қол жеткізу үшін 2025 жылы Үкімет республикалық бюджет есебінен 257 жобаны жүзеге асыруға 105,7 млрд теңге қарастырған. Бұдан бөлек, Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен 229 жобаны жүзеге асыруға қосымша 135,8 млрд теңге бөлінген.