Қоғам • Бүгін, 07:35

Төлегеннің «Қыз Жібегі» – бренд!

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жазда Парижде тұратын Нұржан Төлеген досымыз Астанаға арнайы сапармен келді. «Мені күтіп аларсың, сөмкем толы «Қыз Жібек» иіссуы» деп қалжыңдаған ол шынында да «Kiz Jibek» атты иіссуын ала келіпті. Ұстап көріп, иісін иіскеп, біз жаңа өнімге таңырқадық. Сан ғасыр бойы қазақ даласын өр рухымен, шынайы махаббат хикаясымен тербеп келген Қыз Жібек аңызы енді күллі әлемнің сұлулық астанасы аталған сонау Парижге жетіпті.

Төлегеннің «Қыз Жібегі» – бренд!

Осындайда «қазақ қайда жүрсе де, қазақ» деген аталы сөзді айтпасқа болмас. Әйгілі эпос кейіпкерінің есімін иіссуға айналдырған менеджер Нұржанды әңгімеге тарттық. Әуелде үш жыл IT саласымен айналысқан. Кейіннен Парижге қоныс аударған. Сауда басқару мамандығы бойынша білім алған ол өз арманын орындау үшін француз тілін жетік меңгеру қажет екенін түсініпті. «Қиын іс жоқ ғаламда, ықылас қойған адамға» демекші, көп өтпей  француз тілін жақсы меңгеріпті. Бұл жетістігі оны атағы алатаудай француз компанияларында жұмыс істеуге жетелепті.

Бала кездегі арманына қол жеткізу үшін көп ізденіпті. Талай жылғы құлшыныс пен үміт, елге деген махаббат ақыры  «Kiz Jibek» бренді болып жүзеге асыпты. Оның айтуынша, мұндай қадамға баруға «Қыз Жібек» жыры әсер  еткен.  «Tolegen Paris» атты компания құрған Нұржан қазақ мәдениетін шетелдіктерге насихаттауға арналған бұл өнімді 2025 жылдың мамыр айында шығарған. Сыртқы қорабы қазақы оюымен әдіптеліп, жусанмен жұпарланған иіссу махаббат пен еркіндікті сезіндіріп тұрғандай. Жоба авторының айтуынша, бұл өнімде дәстүр мен заманауилықты үйлестіре алған.

Астанаға сапары аясында Нұр­жанды Мәдениет және ақпа­рат министрі Аида Балаева арнайы қабылдады. Бұл кездесу ұлт мәдениеті мен рухани мұрасын өзге жұртқа насихаттап жүрген талантты жасты қолдау екені белгілі. «Нұржан Төлеген өзі шығарған бұл әтірдің XVII  ғасырдағы қазақ даласының «Қыз Жібек» лирикалық жырын қайта жаңғыртқанын ерекше атап өтті. Оның осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанға жасаған сапары өмірін түбегейлі өзгерткен екен. Соның әсерінен пайда болған бұл бренд – Шығыс пен Батысты байланыстыратын жаңа көпір іспетті. Осындай креативті, бастамашыл әрі отаншыл жастарды қолдауға шақырамын. Бұл – бәріміздің ортақ міндетіміз. Сондықтан оның жұмысына сәттілік пен толайым табыс тілеймін!», деді министр.

Қазір «Kiz Jibek» иіссуының үлкен құтысы (100 мл) 235 еуродан, ал кішкене құтысы (15 мл) 39 еуродан сатылымға шықты. Қалай десек те, алыста жүрген Нұржанның бұл өнімі ұлт мәдениетін, тарихын жаңа заманда өзгеше қырымен дүйім жұртқа таныстыра бермек.