Қоғам • Кеше

Қазақстанда заңсыз шырша кескендерге қандай жаза қарастырылған?

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа жыл қарсаңында әрбір заңсыз кесілген шыршаға келтірілген залал мөлшері 15 АЕК болып бағаланады, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстанда заңсыз шырша кескендерге қандай жаза қарастырылған?

Егер үйіңізді жаңа жылға безендіру мақсатында өсіп тұрған шыршаны кесетін болсаңыз, бұл әрекет Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінде жауапкершілікке әкелетінін ұмытпаңыз. Мұндай іс табиғи ортаға елеулі залал келтіру болып саналады. Кесілген ағаш неғұрлым көп болса, жауапкершілік те соғұрлым жоғары.

«Орман және бұта ағаштарын заңсыз кескені, жойғаны немесе зақымдағаны үшін Әкімшілік кодекстің 381-1-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Егер тұрғын жаңа жыл алдында орманда немесе көшеде шырша кессе, оған 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар міндетті түрде кесілген ағаш, қолданылған құралдар мен көлік тәркіленеді және келтірілген залал толық көлемде өтеледі», дейді Павлодар облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі жөніндегі аумақтық инспекциясының басшысы Исатай Абдразахов.

Орман қорына кірмейтін ағаштарды заңсыз кескен үшін:

  • жеке тұлғаларға – 50 АЕК;

  • лауазымды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге және коммерциялық емес ұйымдарға – 150 АЕК;

  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК;

  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 500 АЕК (кесілген ағаш, көлік және құралдарды тәркілеумен қатар).

Орман қоры құрамына кіретін ағаштарды заңсыз кесу үшін:

  • жеке тұлғаларға – 100 АЕК;

  • лауазымды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге және коммерциялық емес ұйымдарға – 300 АЕК;

  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 АЕК;

  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1 000 АЕК (міндетті тәркілеумен).

Бұл әрекеттер ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жасалса немесе бір жыл ішінде қайталанса:

  • жеке тұлғаларға – 150 АЕК;

  • лауазымды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге және коммерциялық емес ұйымдарға – 450 АЕК;

  • орта бизнеске – 600 АЕК;

  • ірі бизнеске – 1 500 АЕК (міндетті тәркілеумен және залалды толық өтеумен қатар).

Заңсыз кесуден келтірілген зиян 50 АЕК-тен асқан жағдайда қылмыстық іс қозғалады. Мұндай кезде айыппұлдан басқа, түзету шаралары, қоғамдық жұмыс, бостандықты шектеу немесе айыру, сондай-ақ мүлікті тәркілеу қарастырылған.

Жаңа жыл қарсаңында өңірге Ресейден жеткізілетін табиғи шыршалар көбейеді. Экологиялық инспекторлар полициямен бірге олардың заңдылығын үнемі тексереді. Тұрақты мониторинг нәтижесінде өткен жылы Жаңа жыл алдында өңірде заңсыз ағаш кесу фактілері тіркелмеген.