Жаңа форматтағы мұғалім даярлау бағыты
Әлемдік трендтер көрсеткендей, білім саласында жасанды интеллектіні қолдану жыл сайын 30–40%-ға өсіп отыр. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалған жоқ. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, былтыр ел мектептеріндегі цифрлық білім ресурстарын пайдалану деңгейі 68%-ға жеткен. Бірақ аса маңыздысы – технологияның қарқыны емес, осы өзгерістер дәуіріндегі ұстаздың жаңа рөлі. ЖИ ешқашан адамның рухани әлемін, шәкірт тәрбиелеудегі моральдық жауапкершілігін алмастырмайды. Керісінше, технология өрістеген сайын мұғалім тұлғасының құндылығы арта береді.
Цифрлық педагогика – оқу мен оқытудың философиясын, мазмұнын және әдістемесін жаңа деңгейге көтеретін, білім алушының жеке оқу траекториясын қалыптастыруға мүмкіндік беретін жүйе. Педагог даярлаудың жаңа моделі және университеттердің стратегиялық миссиясы – жасанды интеллект дәуіріндегі аса ауқымды және маңызды мәселе. Қазіргі педагогикалық университеттердің алдында тұрған негізгі міндет – жаңа форматтағы мұғалім даярлау. Бұл модель бірнеше стратегиялық бағыттан тұрады. Оның алғашқысы – практикаға бағытталған оқыту. Теорияны мектептің нақты жағдайымен ұштастыру, студенттердің педагогикалық тәжірибесін күшейту – кәсіби шеберліктің негізгі шарты. Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Студенттер оқудан қол үзбей қала мектептерінде педагогикалық практикадан өтіп жатыр. Бұл тәжірибе балалардың теориялық білімін бекітуге, бәсекеге қабілетті маман болуға ықпал ететінін көрсетіп отыр.
Екінші стратегиялық бағыт – цифрлық құзыреттерді қалыптастыру. Ө.Жәнібеков университеті әрбір болашақ мұғалімнің «EdTech» платформаларын, адаптивті оқыту жүйелерін, цифрлық бағалау құралдарын, жасанды интеллектімен жұмыс жүргізуді меңгеруін назардан тыс қалдырған емес. Себебі «EdTech» – білім мен технологияны біріктіретін тұжырымдама: оқу үдерісінде қолданылатын барлық цифрлық құрал – онлайн платформалар, мобильді қосымшалар, интерактивті сабақтар, білім бағдарламалары, цифрлық оқулықтар, LMS (оқу басқару жүйелері), жасанды интеллект (мысалы ChatGPT), бейнесабақтар, подкастар, геймификация. Басқаша айтар болсақ, оқыту-үйретуді қолдау үшін компьютерлік жабдықтар, бағдарламалар, онлайн платформалар, цифрлық контенттер және оқыту әдістемелері қолданатын тәсілдер жиынтығы. «EdTech» – техника ғана емес, сондай-ақ «оқыту үдерісінің ұйымдастырылуы, оқыту-бақылау, кері байланыс, бағалау, мазмұн құру, онлайн / аралас оқыту, жеке-дара оқыту» сияқты педагогикалық және басқарушылық компоненттерді қамтиды. «EdTech»-тің басты мақсаты – оқытуды білім алушылардың жеке ерекшелігіне бейімдеу, жеңілдету, қызықты ету. Бейнематериалдар, анимациялар, геймификация, интерактив тапсырмалар – болашақ мұғалімдерді оқыту үдерісін қызықты әрі тиімді етеді. Мұндай формат студенттердің белсенділігін арттырып, пәнге деген ынтасын күшейтеді.
Зерттеушілік мәдениет – болашақ педагогтің кәсіби өсуінің көрсеткіші
Педагогикалық университеттегі «EdTech» технологияларының маңызы мен мүмкіндігі мол. Атап айтқанда, оқу-басқару жүйелері – LMS платформалары сабақ жоспарларын әзірлеу, тапсырма беру, тестілеу жүргізу және студенттердің академиялық үлгерімін бақылау үдерісін толық цифрландырады. Бір платформада оқу материалдарының жүйеленуі оқытушылар үшін де, студенттер үшін де оқу үдерісін тиімді басқаруға жағдай жасайды.
«EdTech» технологияларының тағы бір артықшылығы – студенттердің білім деңгейін автоматты талдап, әр студентке жеке оқу траекториясын ұсына алады. Бұл болашақ педагогтердің қабілеті мен оқу қарқынына сәйкес материал алуға, өз темпімен меңгеруге мүмкіндік береді. Цифрлық бағалау құралдары студенттердің нәтижелерін, қатысуын, тапсырмаларды орындау динамикасын нақты деректер арқылы бақылауға мүмкіндік береді. Ө.Жәнібеков университетінде бұл үдерістер «Platonus» жүйесі арқылы басқарылып, жүргізіледі. Осы тұрғыда айта кету керек, аналитикалық есептер оқу сапасын арттыруға, оқу бағдарламаларын жетілдіруге және оқытушының кәсіби шешімдерін дәлелді етуге көп көмектеседі.
Демек, «EdTech» технологиялары – бүгінгі педагогикалық университеттердің дамуына жаңа серпін беретін қуатты құрал. Цифрландырылған оқу үдерісі оқу орнының инновациялық бағытын күшейтіп, заман талабына сай жаңартылған білім ортасын қалыптастырады. Заманауи әдістемелерді қолдануға жол ашқан бұл технологиялар оқытушыларға сабақ берудің жаңа тәсілдерін еркін енгізуге мүмкіндік беріп, білім сапасын жаңа деңгейге көтереді. Деректерге негізделген мониторинг жүйесі студенттердің білім алу барысын нақты бағалап, оқу үдерісін тиімді басқаруға жағдай жасайды. Сондай-ақ «EdTech» құралдарын меңгерген болашақ мұғалімдер еңбек нарығында сұранысқа ие цифрлық құзыреттерді қоса меңгереді. Нәтижесінде, заманауи технологиялармен қаруланған педагогикалық университеттер бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықаралық стандарттарға сай сапалы білім ұсына алады. Осы мақсатта университетімізде ғылыми-практикалық конференциялар мен оқу-әдістемелік семинарлар, арнайы курстар, дәріс сабақтар ұйымдастырылып, цифрлық технологияны, жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу бойынша білім бағдарламаларына арнайы пәндер енгізіліп, тұрақты жүргізіліп келеді.
Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті CAREC институтының халықаралық гранттық байқауында жеңімпаз атанды. Бұл жетістік еліміздің жоғары білім жүйесінің ғылыми әлеуетін айқындап қана қоймай, халықаралық серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашып, инклюзивті және цифрлық білімді дамыту бағытындағы маңызды қадам ретінде бағаланды.
Осы жеңістің аясында университетте Орталық Азия Өңірлік экономикалық ынтымақтастық институтымен
(ОАӨЭЫИ, CAREC) бірлесе отырып, «Инклюзивті білім үшін жасанды интеллектіні пайдалану: ОАӨЭЫИ өңірі үшін масштабталатын модель» атты халықаралық ғылыми-практикалық іс-шара ұйымдастырылды. Халықаралық жиын барысында шетелдік және отандық сарапшылар университеттің цифрлық трансформация мен инклюзивті білімді дамыту бағытындағы бастамаларын жоғары бағалап, жасанды интеллектінің бағдарламалау үдерісін, педагогикалық әдістемелерді жаңғыртудағы рөліне ерекше тоқталды. Сондай-ақ ЖИ технологиясын білім жүйесіне енгізудің болашағы, аймақтық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту тетіктері және жаңа зерттеу бағыттары жан-жақты талқыланды. Бұл іс-шара инклюзивті білім мен жасанды интеллектіні ұштастыру арқылы ОАӨЭЫИ өңірінде сапалы білімге тең қолжетімділік қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болды. Ө.Жәнібеков университетінің мұндай халықаралық жобаға жетекшілік етуі – оның аймақтық әрі жаһандық білім кеңістігіндегі инновациялық көшбасшы ретіндегі мәртебесін айқын көрсетеді. Ғылыми жиынға Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасы м.а. Гүлжан Жарасова, CAREC институтының әлеуетті арттыру жөніндегі маманы Стивен Хао Лю, АҚШ-тағы Стэнфорд университетінің Жасанды интеллект профессоры, «LiveTech.AI» компаниясының негізін қалаушы Юнес Бенсуда Мурри, Назарбаев университетінің Smart жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) бас директоры Хусейн Атакан Варол және ЖИ мен инклюзивті білім саласындағы өзге де халықаралық сарапшылар қатысты.
Университетте қазіргі таңда инклюзивті білімнің жаңа моделіне сәйкес жаңартылған білім бағдарламалары әзірленіп, оқу үдерісіне енгізіліп жатыр. Барлық білім бағдарламасының 3-курс студенттері үшін «Білім үдерісінде жасанды интеллектіні қолдану» пәні оқу жоспарына енгізілді. Сонымен бірге жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар бағыты бойынша 3 мемлекеттік гранттық ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр.
Аталған халықаралық басқосу – білім мен технологияны тоғыстырып, болашаққа бағдарланған жаңа идеялар мен шешімдер қалыптастырудағы маңызды қадам. АҚШ, Еуропа және Орталық Азия елдерінен келген сарапшылардың тәжірибесі негізінде әзірленген инклюзивті білімге ЖИ технологияларын енгізудің аймақтық жол картасы бүкіл Орталық Азияның білім кеңістігін жаңғыртуға серпін бермек.
Жаңа форматтағы мұғалім даярлаудың негізгі стратегиялық бағытының бірі – зерттеушілік мәдениетті қалыптастыру. Бүгінгі педагогикалық университеттердің алдында тұрған басты міндет – заман талабына сәйкес шығармашыл, ғылыми ойлауы қалыптасқан кәсіби маман даярлау. Осы міндетті жүзеге асыруда зерттеушілік мәдениетке басымдық беру – болашақ мұғалімнің кәсіби дамуы мен білім сапасын арттырудың маңызды шарты. Зерттеушілік мәдениет – болашақ педагогтің кәсіби өсуінің негізгі көрсеткіші, оның педагогикалық құбылыстарға ғылыми тұрғыда талдау жасай білуімен, дәлелді шешім қабылдауымен және оқыту үдерісін үнемі жетілдіруге деген ұмтылысымен анықталады. Педагогикалық университеттер осы мәдениетті дамыту мақсатында студенттерді ғылыми ізденіске жүйелі түрде тартып, оларды зерттеушілік дағдылармен қаруландырады.
Біріншіден, университеттер ғылыми зерттеу жұмысын оқу үдерісіне интеграциялау арқылы студенттердің ғылыми ойлауын қалыптастырады. Ғылыми жобаларға, шағын зертханалық жұмыстарға, педагогикалық эксперименттерге қатысу болашақ мұғалімнің зерттеушілік қабілетін ерте қалыптастыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, ғылыми семинарлар, конференциялар, дебаттар мен авторлық жобалар студенттердің өз идеяларын пікірталас алаңында қорғауына жағдай жасайды. Бұл олардың дәлелді сөйлеу, талдау, салыстыру, гипотеза құру, зерттеу әдістерін меңгеру сияқты академиялық дағдысын шыңдайды. Үшіншіден, университет жанындағы ғылыми орталықтар, зертханалар, инкубациялық зерттеу жобалары студенттердің бастамаларын жүзеге асыруына қолдау көрсетеді. Мұндай орталар болашақ мұғалімнің педагогикалық жаңалықтарды сараптап, практикада сынап көруіне мүмкіндік береді. Төртіншіден, зерттеушілік мәдениет педагогтің кәсіби рефлексиясын дамытуға ықпал етеді. Ғылыми тәсілге сүйенген мұғалім оқу үдерісін сыни тұрғыда талдап, өзінің педагогикалық шешімдерін негіздей алады, әдістемесін дәлелдерге сүйене отырып жаңартады. Осының барлығы жаңа буын педагогтің – ізденімпаз, жаңашыл, деректерге сүйенетін, кәсіби тұрғыдан зерттеуші мұғалімнің қалыптасуына ықпал етеді.
Ұлттық құндылыққа негізделген жаңа формула
Жаңа форматтағы мұғалімді даярлаудағы маңызды стратегиялық бағыттың бірі – құндылыққа негізделген білім беру. Ұлттық, мәдени және адамгершілік құндылықтарды білім мазмұнына енгізу – болашақ педагогтің тұлғалық және кәсіби бейнесінің іргетасы. Мұғалім өскелең ұрпақты дұрыс бағыттай алуы үшін құндылықтық бағдары айқын, қоғам алдындағы жауапкершілігін терең түсінетін және рухани-мәдени тұрғыдан кемелденген тұлға болуға тиіс. Құндылыққа негізделген білім болашақ мұғалімнің жеке дүниетанымын, этикалық ұстанымын, кәсіби мінез-құлқын қалыптастыруға арналған ұзақмерзімді үдеріс. Бұл – ұлттық рухани мұраларды оқу бағдарламаларына кіріктіруді, мәдени көптүрлілікті қабылдауды, толеранттылық, жауапкершілік, елжандылық секілді базалық адамгершілік құндылықтарды дамытуға жағдай жасауды, оқытудың мазмұны мен әдістемесін тұлғаға бағытталған, гуманистік көзқараспен қайта құруды талап етеді.
Қазіргі педагогикалық университеттер үшін құндылыққа негізделген білім беру – оқу мазмұнын байыту ғана емес, сонымен бірге жаңа форматтағы мұғалімнің кәсіби келбетін қалыптастырудың жүйелі моделі. Бұл модельде студенттің академиялық дайындығы мен педагогикалық құзыреттілігі рухани-адамгершілік дамумен үйлесіп, біртұтас кәсіби-педагогикалық мәдениет ретінде қарастырылады. Осылайша, құндылықтық бағдарларды нығайту – болашақ мұғалімнің кәсібилігін арттырудың, білім сапасын жаңғыртудың және оқу үдерісін адамға қызмет ететін гуманистік бағытқа келтірудің маңызды тетігі ретінде айқындалады. Жаңа форматтағы мұғалім білім беруші ғана емес, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды таратушы, қоғамды дамытушы тұлға ретінде қалыптасады.
Ө.Жәнібеков университеті үшін ұлттық құндылыққа негізделген педагогика – рухани-мәдени білімнің жаңа формуласы. Жасанды интеллект дәуірінде технологиялар педагогтің қолындағы құрал болса, құндылықтар – оның адами бағдарын айқындайтын компас. Ұлттық құндылықтарға негізделген педагогика – бүгінгі рухани жаңғырудың өзегі. UNESCO-ның «Education for Sustainable Development» бағдарламасы білім мазмұны ұлттық мәдениетке сүйенгенде ғана тұрақты болатынын айтады. Қазақстан жағдайында бұл – Абай мұрасы, Ы.Алтынсарин педагогикасы, Шоқанның дүниетанымы, ғасырлар бойы жинақталған халықтық тәрбие үлгісі. Ұлттық құндылықтарды цифрлық форматта жеткізу міндеті мынандай бағыттарды қамтиды:этнопедагогикалық платформалар, ұлттық мұраға арналған цифрлық кітапхана, мультимедиялық оқулықтар, рухани-адамгершілік модульдер. Ұлттық тәрбие – жасанды интеллект дәуірінде адами қасиетті сақтап қалудың жалғыз жолы.
Бұл жаңа модель қазақ дүниетанымының гуманистік табиғатын оқу мазмұнына енгізуді, тіл, тарих, мәдени мұра негізінде тұлға қалыптастыруды, «адамдық, ізгілік, кісілік» қағидаларын оқу-тәрбие үдерісінің негізіне айналдыруды көздейді. Ұлттық құндылықтарға сүйенген педагог – ұлттық болмысты сақтайтын рухани елші. Бұл тұрғыда Абайдың «Толық адам» ілімі университет миссиясының мазмұнын құрайды.
Цифрлық болашақты жарқын ететін – ұстаздың парасаты
Бүгінгі мұғалімге қойылатын талап күн сайын өзгеріп жатыр. Ол – цифрлық ортада еркін әрекет ететін, зерттеушілік мәдениеті қалыптасқан, құндылықтық бағдарлары берік, оқушы психологиясын терең түсінетін, жасанды интеллектімен бірге жұмыс істей алатын әмбебап тұлға. Осы күрделі миссияны орындау – педагогтер даярлайтын жоғары оқу орындарының басты жауапкершілігі. Университет білім беретін ғана орта емес, елдің педагогикалық болашағын қалыптастыратын стратегиялық институт. Сондықтан білім мазмұнын тұрақты жаңартып, еңбек нарығына сәйкес кадр даярлау, инновациялық педагогикалық зерттеулерді жүйелі қолдау және болашақ мұғалімдердің кәсіби, рухани және цифрлық әлемін үйлесімді дамытуымыз қажет.
Бүгінгі өркениеттің даму векторы – цифрландыру, жасанды интеллект. Алайда сол цифрлық болашақты шынайы мәнімен жарқын ететін – ұстаздың жүрегі, парасаты және кәсіби шеберлігі. Технология қаншалықты дамыса да, адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірген, жаңалыққа ашық, білім беру миссиясын терең түсінетін мұғалімнің рөлі ешқашан төмендемейді. Өйткені жасанды интеллект ақпаратты өңдеп, талдап, модельдей алғанымен, бала жүрегіне жол тауып, оған сенім мен шабыт дарытатын – адамдық жүрегі бар ұстаз. Ендеше, біздің стратегиялық миссиямыз – жаңа дәуірдің озық ойлы, парасатты, кәсіби ұстазын, яғни жаңа мұғалімін тәрбиелеу. Осы бағытта Ө.Жәнібеков университеті ауқымды іс-шара жоспарлап отыр.
Цифрлық педагогика бойынша ұлттық бағдарлама құрылып, «AI Literacy for Teachers» базалық стандарт ретінде енгізілуге тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – мұғалімдердің жасанды интеллектіні түсіну, пайдалану, бағалау және қауіпсіз қолдану қабілеттерінің жиынтығы. Яғни «AI Literacy for Teachers» – мұғалімнің жасанды интеллектінің қалай жұмыс істейтінін түсінуі (нейрон желілері, машиналық оқыту, ЖИ-дің мүмкіндіктері мен шектеулері). Сонымен қатар оқу үдерісінде ЖИ құралдарын тиімді қолдана білуі. Бұл – автоматты тексеру жүйелері, «ChatGPT», «Copilot», «Khanmigo» секілді ассистенттер, цифрлық бағалау жүйелері, контент генерациялау құралдары.
ЖИ көмегімен оқытуды, бағалауды, материал әзірлеуді оңтайландыруы дегеніміз – сабақ жоспарын құру, тапсырмалар дайындау, оқу аналитикасын пайдалану, жеке білім траекториясын қалыптастыру. Оқушыларға ЖИ-ді қауіпсіз әрі этикалық қолдануды үйрете алуы – академиялық адалдық, авторлық құқық, дербес деректер қауіпсіздігі, жасанды интеллект этикасы. ЖИ-ді сын тұрғысынан түсінуі – ЖИ мүмкін емес және қате жасайтын тұстарын білу, модельдердегі алгоритмдік өшпенділік (bias), нәтижелерді бағалау, тексеру. Түйіндей айтқанда, «AI Literacy for Teachers» – мұғалімдердің жасанды интеллектіні түсініп, оны сабақта тиімді, жауапты және шығармашылықпен қолдана алу қабілеті. Осы мақсатта университетте цифрлық зертханалар ашу көзделіп отыр.
Әлемнің 38 дамыған және дамушы елдері кіретін халықаралық «Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының» (OECD) білім және мұғалімдер даярлау туралы 2025 жылы шығарған халықаралық сарапшылар дайындаған аналитикалық зерттеуі де бұл ойымызды қуаттайды. Бұл – болашақта мұғалімге қандай дағдылар керек, білім жүйесі қалай өзгеруге тиіс, цифрлық дәуірдегі педагог бейнесі қандай болмақ деген сияқты мәселелерді талдаған ресми құжат. Себебі әлем елдерінің білім жүйесі дәл осы OECD зерттеулеріне сүйенеді. Университет те оқу бағдарламаларын реформалауда осы ұйымның ұсыныстарын басшылыққа алады. OECD-дің 2025 жылғы TALIS зерттеуінде Қазақстан мұғалімдерінің 51%-ы білімде цифрлық құралдарды күнделікті қолданатыны, 39%-ы жасанды интеллектіге негізделген технологияларды меңгере бастағаны көрсетілген. Бұл – мұғалім цифрлық ресурсты алмастырушы емес, оны тиімді қолданушыға айналғанын білдіреді. ЖИ – ұстазды толықтыратын құрал ғана.
Осыдан келіп мұғалімнің жаңа миссиясы шығады, ол – дерек талдаушы, цифрлық кеңістікті бағдарлаушы, адами құндылықтарды жеткізуші тәлімгер, оқушының тұлғалық өсуін бағыттаушы ментор.
Әлібек НҰРТАЕВ,
Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің басқарма төрағасы – ректор міндетін атқарушы