Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі болып жұмыс істейтін кезім. Кішкентай пациент Айым 2024 жылғы 23 сәуірде Алматы облысы Қарасай ауданында дүниеге келген. Туған соң бір тәулік өтер-өтпестен жағдайы нашарлай бастаған. Нәрестенің тыныс алуы қиындап, орталық жүйке жүйесінің депрессиясы, анемия белгілері байқалған. Жергілікті дәрігерлер оған арнайы көмек қажет екенін бірден түсініп, жансақтау бөліміне ауыстырады. Алайда нәрестенің жағдайы күннен күнге қиындап бара жатқанынан хабардар ата-ана перзентін қалай да қаладағы ауруханаға ауыстыруға бел буады.
Сол күні әдеттегідей операциядан шығып, смартфонға үңілдім. Қаптаған хаттардың арасынан «бүгін бөлімшеге өте ауыр жағдайда науқас жеткізіледі» деген хабарды оқыдым. Көп ұзамай, 11.30 шамасында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының бөлімшесіне кішкентай Айым қабылданыпты. Баланы Қарасай ауданынан жедел жәрдем көлігімен жеткізген дәрігердің айтуынша, нәрестенің халі ауыр. Осыны ескеріп, әр минутты тиімді пайдалануға тырыстық. Палата дәрігері тез арада диагностика мамандарын шақырды. Бүлдіршінге респираторлық, инфузиялық ем тағайындадық. Қалған емшараларды анализ, зерттеулердің қорытындысынан кейін қосамыз деп келістік. Осы аралықта жоспарлы операцияларға анестезиялық көмек көрсету мақсатында операция бөлмесіне тағы кеттім. Шамамен екі сағаттан соң жоспарлаған зерттеулеріміз, алған анализдеріміз дайын болды. Нәтиже көңіл көншітерлік емес. Тромбоциттердің төмен деңгейі геморрагиялық асқынулардың қаупін арттыратындықтан алаңдай бастадық. Биохимиялық қан анализінде де ауытқулар анықталды. Жүректі УЗИ жасағанда екі қарыншаның айқын гипертрофиясы, өкпелік гипертензия, төменгі қуыс тамырының жүрекке құя берісінде тромб анықталды. Сол сараптамаларды басшылыққа алып бірден емшара тағайындадық. Нефролог, кардиохирург, ангиохирург, невропатолог, гематолог, клиникалық фармаколог мамандарымен бірге консилиум жүргіздік. Барлық алынған мәліметтерді талқылап, нәрестеде сепсис диагнозы, ағзаның жүйелік зақымдануы байқалады деген қорытындыға келдік. Қарқынды еммен қатар перитонеалды диализді қосамыз деп шештік. Шынында бізге шешім қабылдау өте қиын болды. Себебі бір емшара науқас ағзасындағы басқа асқынуларды қоздыруы мүмкін.
Жүргізіп жатқан қарқынды емге қарамастан, алғашқы үш күн науқастың жағдайы нашарлай берді. Сағат сайын оның жағдайы қиындап, септикалық шок туды. Бізге әр минут қымбат еді. Бір сәтте жағдай одан да ауырлап, жүрек-қантамыр жеткіліксіздігі қосылды. Салдарынан бір ғана емес, үш бірдей кардиотоникалық (норадреналин, допамин, симдакс) дәріні қолдануға тура келді. Жағдайдың ауырлығына қарамай, қолдан келгенше әрекет ете бердік. Бесінші күн дегенде науқастан өзгерістердің алғашқы белгілерін байқай бастадық. Алғашқы күндері емшараға араласқан әрбір дәрігер, медбике отпен ойнағандай күй кешті. Бесінші күннен кейін де жағдай оңалатынына жүз пайыз сенімді болмадық.
Жетінші күні нәрестенің беті бері қарай бастады. Зәрі көбейіп, ісінгені аздап басылды. Бұл нәресте ағзасы су балансын сақтай бастады деген сөз. Бірнеше күн бұрын анализдерде байқалған азотты шлактар біршама азайған. Сегізінші күн дегенде ғана біздің көңіліміз аздап орнына түскендей болды. Осы кезеңде екі кардиотоникалық препараттан біртіндеп бас тартуды шештік. Келесі қадаммен баланың санасын тексеретін «Дексдор» деп аталатын седативті препаратты тоқтаттық. Бірнеше минут күдіктен кейін баланың төңірекке қарай бастағанын байқадық. Осыдан соң баланы тыныс алу аппаратында мәжбүрлі режімнен қолдаушы режімге ауыстыруды ұйғардық. Нәрестені зонд арқылы қоректендіруге көштік. Бұл баланың қалпына келу жолында маңызды кезең болды. Себебі тамақтану – өмір сүруге қажетті үдеріс, баланың қалпына келуіне ықпал ететін басты факторлардың бірі. Әрбір тамшы азық зонд арқылы түскен сайын бізге кішігірім жеңіспен пара-пар болды. Оның әрбір қимылын, өзгерісін бақылап, ағзасы жаңа жағдайға бейімделе бастағанын байқап
отырдық.
Оныншы күні баланың ес деңгейі жақсарды. Көзін ашып, жан-жағына қарады. Денесін белсенді қозғалтады, аузындағы эндотрахеалды түтікті сорады. Бұл белгілер ағзасы өмірге қайта орала бастады дегенді білдіреді. Жасанды тыныс алу аппаратына тәуелді болмай, өздігінен тыныс ала бастады. Гемодинамикасы да реттелді, жүректі ынталандыратын дәрілерден толықтай арылдық. Жүректі ультрадыбысты зерттеу кезінде тромб көлемінің нүкте секілді жоқ болғанына көз жеткіздік. Шлактардың, электролиттердің, ақуыздардың, басқа да маңызды көрсеткіштердің қалыпқа келгенін көргенде ерекше қуандық.
Жансақтау бөліміндегі 12 күннен соң бала жағдайын ескеріп, оны неонатология бөліміне ауыстырдық. Бұл бөлімде бала тағы бес күн бақылауда болды. Сәбидің ата-анасы дәрігерлерге алғысын жаудырып, тілек-лебіздерін жеткізді. Олардың жылы жүздерін көріп, біздің мойнымыздан ауыр жүк түскендей болды. Шын қуандық, бірақ көңіл босата алмадық. Себебі сол сәт дәрігер келіп, кезекті тағы бір операцияға кіретін уақыт таяғанын хабарлаған еді.
Нұрсұлтан ҚҰРБАНБЕКОВ,
№2 қалалық көпбейінді балалар ауруханасы Анестезиология, реаниматология және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі
Астана