Қоғам • Бүгін, 08:50

Халықтың әл-ауқаты қайтсе нығаяды?

30 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кез келген мемлекет халықтың жайлы әрі қауіпсіз ортада алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасайды. Әлеуметтік сала­ның ішінде денсаулық, білім, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту мәдениет, спорт сынды бағыттарды бірінші орынға қояды. Экономикасы қуатты, бай елдердің әлеуметтік салада жетістікке жететінінің бір себебі – осы. Біз бүгін әлеуметтік қорғау саласына арнайы тоқталамыз.

Халықтың әл-ауқаты қайтсе нығаяды?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Мемлекет – мұқтаж жандарға қамқор

Әлеуметтік қорғау туралы айтқанда көпшілік алдымен балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау, мүгедектігі бар адам­дарға көрсетілетін көмекті еске алады. Басқа тармақтарына үңіле бермейді. Мысалы, бала тууына байланысты төленетін бір реттік мемлекеттік жәрдем­ақыдан бөлек, бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне деп берілетін жәрдемақы да қарастырылған. Көпбалалы аналарға бала санына қарай белгіленіп, ай сайын төленетін жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасына, бала асырап алушыға, қорғаншыға тағайындалатын, төленетін мемлекеттік жәр­дем­ақы тағы бар. Бұдан бөлек, асырау­­шысынан айырылуына бай­ланысты да төлем тағайын­далады. Әлеуметтік кодекске сәйкес, жан басына шаққан­дағы орташа табысы кедейлік шегінен аспай­тын азамат­тар атаулы әлеумет­тік көмек (АӘК) алуға құқы­лы. АӘК мөл­шері отбасының әрбір мүшесі­не ең төменгі күнкөріс деңгейі­нің көрсеткішіне байланыс­ты айқындалады. Әлеу­меттік көмек­тің осы тәсілін енгізгендегі негізгі мақсат – аз қамтылған азамат­тарға немесе отбасыларға мем­лекеттік қолдауды кешенді түрде ұсыну. Мемлекеттен қара­лып отырған қаражат шын мұқ­таж жандарға үлестірілуге тиіс.

АӘК-тің кешенді тәсілі кедейліктен құтылуға көмектеседі. Енді одан қалай құтылуға болатынын тізіп берелік. Бірін­ші, мұқтаж отбасыларға ай сайын мемлекеттен ақшалай төлем түріндегі көмек қарастырылған. Екінші, жұмыспен қам­ту­ға жәрдемдесу шаралары бар. Білік­­тілікке оқыту, «Жастар практикасы» бағ­дарламасына қатыстыру немесе әлеу­меттік жұмыс орындарына жіберу жағы да көзделген. Сондай-ақ өз ісін ашуға немесе бар бизнесті кеңейтуге микро­кредит алуға мүмкіндік беріледі. Үшінші, АӘК алатын отбасыларда тәр­биеленетін
1 жас­тан 6 жасқа дейінгі ба­ла­ларға ай сайын әр бала үшін 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша төлем жасалды.

1 қарашадағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек 54 мың отба­сындағы 290,6 мың адамға 30,3 млрд теңге сомасында тағайындалған. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 98,4 млрд теңге қарастырылған. Желтоқсанға дейін АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 90,5 мың балаға 3,7 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалған. Еңбекке қабілетті азаматтарды жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға грант беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу арқылы жұмыспен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Мұның барлығы – отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығаруға бағытталған іс-шаралар жиынтығы. АӘК тағайындауға өтінішті отандастарымыз тұрғылықты жеріндегі мансап орталығында, ауыл әкіміне, сондай-ақ Электрондық үкімет порталы арқылы бере алады. Әлеуметтік төлемдер дегенде Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау қарастырылғанын айта кеткен жөн. Сол секілді Арал өңірін­дегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтар әлеуметтік жағынан қорғалады.

 

Атаулы көмек әділ үлестірілуге тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Аймақ­тардағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеумет­тік төлемдерді біріздендіру керек. Мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді. Біз әлі күнге дейін бұрынғы КСРО аума­ғындағы, одан тыс басқа да аймақ­тар­дағы қақтығыстарға қатысқан аза­мат­тарға арнайы төлемдер жасап, медициналық қызмет көрсетіп келеміз. КСРО-ның ыдырағанына 35 жыл болса да, ардагерлеріміз барған сайын «жасарып», көбейіп барады. Мемлекет өзі­нің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңіл­­діктерді қолдан көбейту – елді дамы­­туға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфра­құрылымдарын, басқа да нысандар са­лу­ға жұмсалуы қажет қыруар қара­жатты желге шашу деген сөз», деп атап өтті.

Жалпы, қазірде әлеуметтік көмектің түрі жетіп артылады. Бірақ бұл жерде Мемлекет басшысы шын мұқтаж жандарға төленетін әлеуметтік көмекті емес, еңбекке қабілетті болса да масыл­дыққа бой ұрғандарды айтып отыр. Ең қиыны, қазір әлеуметтік төлем алуға кө­мектесемін деп ашықтан-ашық жарнама жасайтындар көбейді. Олар өз күнін әрең көріп жүрген отбасының төле­міне ортақтасады немесе әлгіндей үйін­де еңбекке қабілетті адам болса да заңнан аттап, төлем алуына жәрдемдеседі.

Осындай келеңсіздіктерді жүйелеп, бірізділендіру мақсатында 2023 жылы сәуірде Әлеуметтік кодекс қабылданған еді. Отандастарға мемлекеттің қолдау шараларын оңай түсінуге мүмкіндік туды. Себебі Әлеуметтік кодексте туғаннан кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жастағыларды жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру іс-шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмек, басқа да қолдаулар қамтылған.

Осы құжат аясында «Отбасының цифрлық картасы» енгізілді. Мұнда отба­сылардың дербес дерекқоры сақта­лады. Жалпы, жүйенің өзі халық­тың мемлекеттік қолдауға теңдей қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін өзі анықтап, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алады. Отбасының цифрлық кар­тасы арқылы кез келген отбасы әлеу­меттік мәртебесін нақтылап, мемле­кеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екенін біліп отырады. Яғни мемлекеттен әлеуметтік қолдау алу үшін өзгенің көмегіне жүгінудің еш қажеті жоқ. Елдегі барлық отбасыға әлеуметтік көмектің қандай түрін алуға құқылы екені туралы ақпараттар SMS-хабарлама түрінде жетеді. Мұның барлығы саладағы жүйесіздікті рет­тейді. Әлеуметтік қолдау жүйесін трансформациялау әлі де жалғасып жатыр. Оның бір бағытын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлі­гі Әлеуметтік көмек департаменті басқармасының басшысы Гүлмира Жәкенқызы баяндап берді.

 

Отбасын қолдаудың жаңа әдісі енгізіледі

– Бүгінде біз отбасының әл-ауқатын анықтаудың жаңа әдісін енгізіп жатырмыз. Қанатқақты жоба алдымен Қара­ғанды облысы мен Шымкент қала­сында іске асырылады. Қазір бұл модель 4 мемлекеттік қызметке толы­­ғы­мен енгізіліп, 26,7 мың өтініш бе­ру­шіге қосымша қолдау шаралары көрсетілді. Жаңа әдістеме 23 әлеуметтік-демог­рафиялық, экономикалық критерийлерге негізделген. Қосымша қол­дау шараларына өтініш білдірген барлық отбасылар әлеуметтік көмек аса қажет отбасылардан бастап, әл-ауқаты жоғары отбасыларға дейін 6 деңгейге жіктеледі. Бұдан соң шешім Отбасының цифрлық картасы арқылы жиналған объективті деректер негізінде автоматты түрде қабылданады. Көмек барлығына бірдей емес, қажеттілігіне қарай көрсетіледі. Материалдық көрсеткіш ретінде табыс, мүлік, көлік, несиелердің болуы, ма­териалдық емес (денсаулық, мүгедектік, білім деңгейі), сондай-ақ тәуелділік ауыртпалығы, жасырын табыстың болуы, мысалы, бейресми жұмыс есепке алынады, – деді Гүлмира Жәкенқызы.

Жаңа әдіс әлеуметтік төлемдерді бірізділендіру мәселесіне тиімді болады. Бұдан былай екі, одан да көп тұр­ғын үйі, екі, одан да көп көлігі бар, заңды тұлға ретінде тіркелген, бір отбасы мүшесіне шаққандағы айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 4 деңгейінен асатын отбасылар әл-ауқат деңгейі жоғары, 6-санатқа қосылады. Мұндай отбасылар жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын қосым­ша әлеуметтік қолдау шараларын алу­шылардың қатарынан шығарылады. Жаңа әдіс республикалық бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдерге (барлығы 41 түріне) әсер етпейді. Базалық, ынтымақты зейнетақы­лар, жүктілігі, бала күтімі бойынша 1,5 жасқа дейінгі жәрдемақылар, көпбалалы ана­ларға, марапатталған аналарға бері­ле­тін, мүгедектік, мүге­дектігі барға күтім, асыраушысынан айырылу жөніндегі жәрдемақылар, арнаулы мемлекеттік, басқа да жәр­демақы түрлері еш өзгеріссіз төлене береді.

 

Масылдық пен алаяқтық – қоғамдық кесел

Мемлекет басшысы Жолдауда ескерген екінші мәселеге қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Зейнетақымен қамтамасыз ету және әлеуметтік сақ­тандыру басқармасының басшысы Әнел Шенеева айтып берді.

– Жолдауда жүктелген тапсырманы орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігі мен Қорғаныс министрлігі өзге мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимыл­дарының «жалған ардагерлерін» анық­тау жөніндегі іс-қимылдар жоспа­рын бекітті. Жоспарға сәйкес, мем­лекеттік қолдау шараларын заңсыз алу жағ­дайларына жол бермеуге бағытталған іс-шаралар кешенді жүргізіліп жатыр. Бүгінде Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетіне ардагерлер санының арту фактілерін, сондай-ақ оларға арнайы мемлекеттік жәрдемақының заңсыз тағайындалу жағдайларын анықтау жөнінде тапсырма берілді. Қазір коми­тет деңгейінде, яғни департамент қыз­меткерлері, әскери басқару орган­да­рының өкілдері, «Азаматтарға арнал­ған үкімет» мемлекеттік кор­пора­циясының қызметкерлері тар­тылған комиссия құрамы бекітіліп, ардагерлердің зейнетақыға қатысты іс құжаттарындағы мәліметтерді тексеру, салыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Ә.Шенеева.

Енді ардагер мәртебесін растау, растамау туралы шешім комиссия деңгейінде қабылданып, әрбір ардагерге жеке акт жасалады. Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық базасына сәйкес, елімізде ардагерлер саны 42 мыңнан астам адамды құрайды.

Қазір мемлекет тарапынан мұқ­таж жандарға көрсетіліп жатқан көмек көл-көсір. Дегенмен сол көмек ретін­де төленіп жатқан қаражаттың «қайта­рымы» болуы керек. Мемлекет ұсынып отырған жеңілдікті пайдаланған отбасылар үйдегі еңбекке қабілетті адам­ның қолдауымен қиын жағдайдан шықса, нағыз жеңіс – осы. Мемлекет басшысы Жолдауда толық емес отбасы санаты бойынша жеңілдікке мұқ­таж адам­дардың көбейгенін айтқан еді. Салда­рынан, ажырасқан отбасылар саны күрт көбейді. Мұндағы бас­ты түйткіл, әлеуметтік көмек алу жолында айлаға басып, тек қағаз жү­зінде ғана ажырасқан отбасылардың бар екендігі. Әлеуметтік қорғау саласында әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтық белең алып тұр. Президент тапсырмасынан кейін сала­дағы заңсыздықтардың алдын алатын іс-шаралар қабылданып жатыр. Қалай дегенде де, әлеуметтік көмекке шын мұқтаж жандар жалған дерек ұсынып, төлем алып жүргендердің тасасында қалып кетпеуі керек. Егер қазір қабылданған шешімдер оң нәтиже берсе, сәйкесінше алдағы жылдары әлеуметтік көмек алатындардың үлесі төмендейді.