Аймақтар • Кеше

Шалқар ауданында екі медициналық мекеме салынды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Бершүгір ауылдық округіне қарасты Сарысай ауылында және Кішіқұм ауылдық округінің Шоқысу ауылында екі дәрігерлік пункт ашылды. Емдеу мекемелері «Ауылда денсаулықты сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске асты және облыстық бюджет пен  қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шалқар ауданында екі медициналық мекеме салынды

Шоқысу ауылындағы бір ауысымда 20 тұрғынды қабылдайтын медициналық пункт құрылысына 126,5 млн теңге, ал Сарысай ауылындағы бір ауысымда 25 тұрғынды қабылдайтын медициналық мекеме құрылысына 133,8 млн теңге қаражат жұмсалды.

«Ауыл  тұрғындары емдеу мекемесінің ашылуын көптен күткен еді.  Сырқаттарды қабылдап, қажетті ем-дом жүргізіп,  жолдама беріп,  сәбилерге екпе салу үшін  өз ауылымызда амбулатория болғанын қаладық. Ұсыныс қылып айттық. Өтінішіміз орындалып, жақсы да жайлы емдеу мекемесі салынғанына қуанып жатырмыз. Амбулаторияның жұмысын жүргізетін қажетті маман өзімізде бар. Ол 40 жылдан  бері осы салада еңбек етіп жүрген Рая Ақжапарова», дейді Сарысай ауылының тұрғыны Дариға Әлмұратова.

Медициналық пункттердің ашылу салтанатына Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Серік Тәжіғұлов қатысты.

Екі нысан да заманауи медициналық-құрал жабдықтармен  жабдықталып,  құрылыс барысында  инклюзивтік талаптар қатаң сақталды. Әсіресе, қозғалысы шектеулі тұрғындардың еркін кіріп-шығуына да ыңғайлы етіп салынған.

Айта кету керек, қайтарылған активтер қаражаты есебінен Ақтөбе облысының елді мекендерінде 11 медициналық амбулатория  құрылысы жобаланған. Қазіргі уақыттта  7 нысан пайдалануға берілсе, 4 нысанның құрылысы аяқталуға жақын.

Ақтөбе облысы