Жазушының туындылары орыс, украин, өзбек, түрік, саха, қарақалпақ тілдеріне аударылған. Өзбекстандық жазушы, филология ғылымдарының докторы Қазақбай Йулдашев Түркістанда өткен Мархабат Байғұттың 80 жылдығына арналған халықаралық симпозиумда: «Мархабат Байғұттың туындылары өзбек оқырмандарына жақсы таныс. Туысқан екі елдің бір-бірінен іргесін ажыратпауларына негіз болатын осындай дүниелер көп болса екен. Қазір мен Мархабаттың шығармаларын аударуға біржолата бет бұрдым», деген болатын. Ташкенттегі тұсаукесер рәсімінде «Ким ошди савдоси» атты жаңа жинақтың алғысөзін жазған Қазақбай Йулдашевке алғыс білдірдік. Халықаралық іс-шараға қазақ-өзбек зиялы қауымының арасына алтын көпір болып жүрген «Ижодкор» әдеби бірлестігінің құрметті төрағасы Абдирахим Пратов пен қазіргі төраға Закиржон Муминжонов атсалысқанын айта кетелік. «Ижодкор» әдеби бірлестігінің атынан Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы, әйгілі ақын Сирожиддин Саййид бастаған бірнеше өзбекстандық қаламгерге «Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл» жобасына қолдау көрсеткендері үшін Алғысхат пен аздаған сый-сияпат тапсырдық.
Ал Мархабат көкемнің аяулы жары Қыздаркүл Пернебайқызының сыйлығы тіпті ерекше болды. Ол өзі өмір бойы қабағын бағып өткен қаламгердің 7 томдық жинағы мен бір дорба шағылған жаңғақты тарту етті. Жаңғақ классик жазушының кіндік қаны тамған Таупістелідегі қара шаңырағындағы Насыр мен Шерхан бауында өсіп тұрған өнім екенін естіген елдің көңілі толқыды, жүрегі тебіренді. Мақаңның қаламдастары мен тағлым-тәрбиесін, қамқорлығын көрген талай шәкірттерінің басқосуымен көптеген әдеби іс-шаралар өткен бұл жөні бөлек, жосығы ерек баудың көшеттерін бір кездері қазақ-өзбек әдебиетінің алыптары, екі елдің руханиятына ажырамас байланыс орнатқан Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазылов өз қолдарымен еккені тасқа қашалған тамаша тарих, өшпес өнеге.
Өзбекстан Жазушылар одағында өткен рәсімге қатысқан ақын-жазушылар мен жастар, студенттер дарынды драматург, тарихи туындыларымен де танымал қаламгер Сая Қасымбектің әсерге толы әңгімесін сүйсіне тыңдады. Қаламгер түркі дүниесінің бірлігіне, рухани байланысына, өзара сабақтастығына тоқталды. Ел ынтымағын, дала дипломатиясын, қазақтың төбе биі, даңқты Төле би туралы тарихи дерекпен тамырластыра баяндағанына көпшілік тәнті. Ал Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық өкілдігінің жетекшісі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Айдар Сейдазым Өзбекстан Жазушылар одағының еңселі ғимаратында ұйымдастырылған Мархабат Байғұттың өзбек тіліндегі әңгімелер жинағының тұсаукесер рәсімі әдебиетке деген құрметтің, мәдени байланысқа деген адалдықтың жарқын үлгісі іспетті болғанын жеткізді. Бауырлас елдің жазушылары қазақ қаламгерінің шығармашылығына терең талдау жасағанына, бірі оның қарапайым ауыл өмірін философиялық тереңдікпен суреттеуін тілге тиек еткеніне, енді бірі көркем тілдің тазалығы мен адам мінезін ашудағы шеберлігін ерекше атап өткеніне жан-жақты тоқталды.
Сондай-ақ Ташкент төріндегі басқосуда зиялы қауым «Мархабат Байғұт атындағы Әдебиетшілер үйін ашу» туралы бастаманың өте орынды екенін айтып, жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.
Шымкент – Ташкент – Шымкент