Қоғам • Кеше

Тосын мінезді Тоқаш

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, майдангер, тосын мінезді ақын, прозашы Тоқаш Бердияровтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай Ұлттық кітапханада ақтаңгер ақынның өмірі мен шығармашылығын дәріптеу мақсатында еске алу кеші өтті. Аталған іс-шара аясында «Тағдырлы дарын» атты естеліктер кітабының тұсауы кесілді.

Тосын мінезді Тоқаш

Жазушылар одағы ұйытқы бол­ған бұл іс-шараға елдің рухани ортасында жүрген зиялы қауым өкілдері мен шәкірт­тері, туған туыстары мен студенттер қа­тысты.

Іс-шараға жиналған қаламгерлер ерекше мінезді ақын-майдангер туралы естеліктерін айтып, емен-жарқын әңгіменің тиегін ағытты. Кітапхана қоры ұйымдастырған көрмені тамашалады.

Кеш тізгінін Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, профессор Қансейіт Әбдезұлы алып, бас баяндаманы ақын Болат Шарахымбай жасады.

Ол бүгінгі мерейтой иесінің өмір жолы мен шығармашылығы жайында кеңінен толғай келіп, Тоқаш Бердияров тұлғасына ерекше тоқталды.

«Тоқаш Бердияров – әдебиетке өткен ғасырдың бел ортасында келген. Соғыс көрген аға буынның қатарына жатады. Ол әдебиетке жай келмей, поэзияға өзіндік өрнегін сала келген сыршыл, сыншыл, шыншыл ақындардың бірі болып қосылды. Ашығын айтсақ, Тоқаш Бердияров өткен ғасырдың 50-80 жылдар аралығындағы атағы мен шатағы қатар шыққан ең даңқты ақын. Көптеген ізбасар ақын Тоқаштың жанында жүргенді, үстел басында онымен бірге отырғанды үлкен дәреже санайтын. Осы кезеңде аты шыққан Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әлі, Төлеген Айбергенов, Өтежан Нұрғалиев, Есенғали Раушанов, Аманхан Әлім, Қасымхан Бегманов, тағы басқа сияқты тегеурінді ақындардың бәрі Тоқашты ұстаз тұтқан, оның шы­ғар­­машылығынан көп үйренген. Тоқаш – бір өңірдің, не бір аймақтың ғана ақыны емес, ол қара орман бүкіл қазақ халқының ақыны. Сондықтан ел басында жүрген әкім-қаралар осы жөнінде мықтап ойланғандары жөн демекпін,  деді баяндамашы өз сөзінде. Сондай-ақ, баяндамашы кітаптың ерекшеліктеріне қатысты ой өрбітіп, жинаққа заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтен бастап 50-ден астам автордың естеліктері мен зерттеулері топтастырылғанын атап өтті.

Кеш барысында белгілі қаламгерлер Марат Тоқашбаев, Жұмаш Кенебай, Мырзан Кенжебай, Елдос Тоқтарбай, Әлібек Байбол, Қанат Алтынбек, қазақтың мұз­­балақ ақыны Мұқағалидың ұлы Жұлдыз Мақатаев, белгілі фарабитанушы ғалым Жақыпбек Алтаев, дәрігер-про­фес­сор Сәуірбек Рузиддинов, Орталық мем­ле­кет­тік архив директоры, тарихшы-ғалым Сәбит Шілдебай сөз сөйлеп, кітап жайын­да лебізін білдірді.

Іс-шараға Тоқаңның туған жерінен арнайы ат басын бұрып келген қонақ­тар «Тағдырлы дарын» кітабының құрас­­ты­ру­­­шы­с­ы әрі Тоқаш ақынның іздеушісі ақын Болат Шарахымбайға аудан әкімі аты­­нан алғыс айтып, құрметтерін көр­сет­ті.

Кітапханада өткен бұл басқосу азулы ақын Тоқаш Бердияров шәкірттерінің басы қосылып, ұстаздарын дәріптеп, ақын­­­ның артында қалған мұрасын ел рухания­­­тын­­­­­да­ғы орны мен миссиясын тағы бір мәрте айғақ­тайтын ерекше кеш ретін­де есте қал­ды. 

Соңғы жаңалықтар

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Кеше

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Кеше

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Кеше

Қазақстанда мал ауруы 51%-ға төмендеді

Шаруашылық • 12 Желтоқсан, 2025