Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде еліміздегі кәсіпкерлердің экономикадағы үлесі 40 пайызға жеткенін атап өтті. Бес жылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 есе артып, шығарылатын өнім көлемі 2,5 есе көбейген. Елімізде жұмыс істейтін азаматтардың жартысына жуығы, яғни 4,5 млн адам бизнес саласында еңбек етеді. Олардың арасында мемлекеттік грант көмегімен ауылдық жерлерде өз кәсібін ашқан кәсіпкерлер көп. Мысалы, Түркістан облысында 2020–2025 жылдары 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар беруге 640,3 млн теңге бөлініп, 122 жобаға қолдау көрсетілген және 361 жұмыс орны құрылды. Мемлекеттік гранттардың басым бөлігі өндіріс саласына бөлініпті. Нақтырақ айтсақ, кейінгі бес жылда өндіріс саласы бойынша – 98, қызмет көрсету – 8, ауыл шаруашылығы – 4, білім беру – 10 және денсаулық саласында бір жобаға қолдау көрсетілген.
Мемлекеттік грант көмегімен іске асырылған жобалардың бірі – Сауран ауданындағы «Sauran plast» өндіріс орны. Өткен жылы грант алған «Sauran plast» ЖШС-ның басты мақсаты – өңірде және елімізде пластик қалдықтарын қоршаған ортаға зиянсыз түрде қайта өңдеп, оларды өндірістік ресурсқа айналдыру. Жоба аясында ПВД және ПНД гранулаларын өндіріп, одан әрі қайта өңделген шикізаттан экологиялық қаптама – қоқыс қалталарын шығару көзделген. Қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптарды орындай отырып, полигонға түсетін пластик көлемін азайту және импортқа тәуелділікті төмендететін отандық өнім шығаруды көздеген кәсіпорын ай сайын 50 тоннаға дейін пластик қалдығын қайта өңдеу мүмкіндігіне ие. Өз өнімін «Tur Sapa» брендімен нарыққа шығаратын компанияның қоқыс қалталары бүгінде еліміздің барлық өңіріне жеткізіледі және сауда желілерінде сатылады. Алдағы уақытта өнімді экспорттау мақсатында Ресей Федерациясы, Қырғызстан Республикасымен алдын ала келіссөздер жүргізіп жатыр.
Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының еңбек мобильділігі орталығы тарапынан, «Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында» жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға 1793 азаматқа 400 АЕК көрсеткіш көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беру жоспарланған. Жаңа бизнес-идеяларды қолдауға арналған жобаға облыс көлемінде 4438 азамат өтініш білдірген. Комисия отырыстарына бизнес жобаларын қорғауға 3901 азамат қатысыпты. Комиссия отырыстарының қорытындысы негізінде 1793 азаматтың бизнес-жобалары мақұлданған. Басқарманың мәліметіне қарағанда, грант қаражатымен 56 атаулы әлеуметтік көмек алушы, 1304 көпбалалы отбасы, 259 мүгедектігі бар азамат, 132 мүгедектігі бар бала тәрбиелеуші, 42 асыраушысынан айырылған санатындағы азаматтар қамтылған. Нәтижесінде, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 56 отбасына азайды. Грант иегерлері қаражаттарын өндіріс саласы, техникалық қызмет көрсету, балық, құс шаруашылығы, көкөніс өнімдері, тамақ өндірісі салалары бағытында өз кәсіптерін ашып жатыр. Қайтарымсыз мемлекеттік грант алуға өтініш білдірушілердің ең көп бөлігі «Дәнекерлеу қызметі», «Тігін өндірісі», «Жартылай дайындалған өнімдер», «Кондитерлік өнімдер» бағытында қызығушылық танытқан.
Мысалы, өз кәсібін дамытып, ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп отырған жас кәсіпкерлердің бірі – Салтанат Дүйсенова киім-кешек тігу-жөндеу, көрпе-төсек дайындау сияқты қызмет түрлерін көрсетіп, жұртшылықтың сеніміне ие болды. Уақыт өте келе тұрғындар тарапынан перде тігу мен дайын перделердің өлшемін түзетуге деген сұраныс артқан. Тұтынушы талабын терең түсінген ол биыл осы бағытты жеке кәсіп ретінде дамытуға бел буып, перде тігу саласын арнайы ашуға шешім қабылдады. Алдымен тиісті курстардан өтіп, кәсіби сертификат алған. Бизнес-жоспар әзірлеген. Дайын жобасын мемлекеттік грант комиссиясының алдында қорғап, өз идеясын дәлелдей білді. Мемлекеттік грантқа қол жеткізгеннен кейін, Салтанат тігін цехын кеңейтіп, жаңа құрал-жабдықтар алып, қызмет көрсету аясын ұлғайтты.
Ал жетісайлық Роза Әскербекқызы тәтті тағамдар дайындау ісін дамытып, ауыл тұрғындарына ерекше дәм мен сапалы қызмет ұсынып жүр. Осы бағытты жеке кәсібі ретінде кеңейтіп, тәтті өнімдер дайындауға арналған шағын цех ашуға шешім қабылдаған ол алдымен кондитерлік курстардан өтіп, кәсіби сертификат алған. Сапалы әрі қауіпсіз өнім ұсыну үшін арнайы бизнес-жоспар әзірледі. Мемлекеттік грантқа қол жеткізгеннен кейін Роза жаңа пештер, миксерлер, тоңазытқыштар және кондитерлік құрал-жабдықтар алып, өндіріс ауқымын кеңейтті. Қолөнер арқылы кәсібін дамытып, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген шеберлер де аз емес. Солардың бірі – мемлекеттік грант көмегімен өз ісін жолға қойып, бүгінде тігін өнерін меңгергісі келетін жастарға бағыт-бағдар беріп жүрген Ордабасы ауданы Темірлан ауылының тұрғыны, кәсіпкер Нұргүл Сағынаева. Өткен жылы Нұргүл Сағынаева «Бастау бизнес» жобасы аясында білім алып, тігіншілік саласындағы бизнес-жоспарын қорғап, 1 476 800 теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болды. Бұл қаржы оған алғашқы қажетті құрылғыларды алып, армандаған шеберханасын ашуға мүмкіндік берді. Алғашында жеке тапсырыстар қабылдаудан бастаған шеберхана бүгінде тұрақты жұмыс істейтін толыққанды цехқа айналды. Қазір мұнда 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Азаматтарды кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттау, яғни жаңа бизнес-идеяларды іске асыру – жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бірден-бір жолы. Осы бағытта қайтарымсыз гранттар берілетіні белгілі. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға биыл Сарыағаш ауданында 477 тұрғын өтінім білдірген. Алайда грант беру қағидасына сәйкес 170 үміткерге комиссия шешімімен жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беріліпті. Сол үміткерлердің бірі, екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі Ирисгул Баратованың грант алудағы бизнес-жоспарының тақырыбы – «Ырысты Нан». Сарыағаш қаласындағы декаративті нан өндіру цехін ашу болған. Қазіргі таңда ол грант қаражатын мақсатты игеріп, өз кәсібін сәтті жүргізіп жатыр. Грант иегері Ирисгул ханым айына 3000 данаға жуық әртүрлі нан өнімін өндіреді. Алыс-жақын орналасқан дүкендерге сатады. Той-жиындарға да тапсырыстар түсіп тұрады екен. Жұмыссыз жүрген екі азаматшаны тұрақты жұмысқа алған. Алдағы уақытта цех қуаттылығын арттырып, кәсіпорнын кеңейтіп жұмыс орнын көбейтуді көздеп отыр.
Осылайша, мемлекеттен қолдау болса, кәсіптің көзін ашуға болатынын дәлелдеп жүргендер көп. Сондай-ақ өңірде кәсіпкерлікті жандандыру үшін ауқымды жұмыс атқарылып, кедергілерді жою үшін нақты шаралар қолданылып жатыр.
Түркістан облысы