Қоғам • Бүгін, 10:30

Елшіл қайраткерге құрмет

70 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тарихи Алаш автономиясы күні қарсаңында еліміздің солтүстік өңіріндегі Ақжар ауданы мен Көкшетау қаласында ұлт азаттығы мен теңдігі жолында аянбай күрескен біртуар саяси тұлға, жастар көшбасшысы, экономист, ғасырдан астам шежіресі бар «Egemen Qazaqstan» газеті мен «Aqiqat» журналының бастауында тұрған редактор, жазушы, әдебиет сыншысы, ұлт театрының негізін қалаушы Смағұл Садуақасұлының (1900–1933 жж.) туғанына 125 жыл толуы­на арналған елдік іс-шаралар өтті.

Елшіл қайраткерге құрмет

Ақжардағы игі істер

Бүгінгі Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданындағы Ұялы-Жарқын ауылы – көрнекті мем­лекет және қоғам қайраткері, Алаш тұлғасы Смағұл Садуақасұлы­ның кіндік қаны там­­ған жер. Ол осы өңірде ұлт пен отбасы құндылығына, ел дәстүріне қанығып, адалдық пен табандылыққа баулынды. Әліпбиді де алғаш ауылында үйренді. Қарашекпенділер әділетсіздігін де бала кезінен сезініп өсті. Тәуелсіздіктен кейін Ұялыдағы мектепке, аудан орта­лығындағы музей­ге С.Садуақасұлы есімі бе­ріл­ді. Ауданды Қайыргелді Әкім­беков басқарған 1993 жылы қайраткерді еске алуға арналған республикалық конференция өткізілсе, 2003 жылы Ерік Нұрақаев басшы болып келген кезде әкімдік үйі алдына бюсті қойылды. Биыл 16 мамырда Астанада С.Садуақасұлының туғанына 125 жыл толуына орай өткен халықаралық ғылыми конференциядан соң, Ақжар ауданының әкімі Рүстем Елубаев бастаған делегация Ұлттық музейге қайраткерге қатысты құнды жәдігерлікті тапсырды.

Таяуда біртуар тұлғаның жерлестері Талшық кентінде (аудан орталығы) «Смағұл Садуақасұлының қайраткерлік тұлғасы» атты ғылыми-мәдени іс-шара өткізді. Конференция қонақтары таңнан Смағұл ескерт­кі­шіне гүл шоқтарын қойып, мұражай экспонаттарымен танысты.

Ғылыми жиынды аудан әкімі Р.Елубаев ашып, пленарлық бөлігінде «Қаһармандар» қоғам­дық қорының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, экс-сенатор Сабыр Қасымов, Ұлттық құрылтай мүшесі, ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этно­логия институтының бас директоры, ҰҒА академигі Зиябек Қабылдинов, Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төра­ғасы Ерік Нұрақаев баяндама жасады. Қоғам қайраткері С.Қасымов: «Кешелі бері бізге аудан ардагерлері жолығып, С.Садуақасұлы есімін мәңгілікке қалдыру туралы 90-жылдардағы өңір ақсақалдары мен ұлт зия­­­­лы­лары ұсынысының аяқсыз қалғанына қам жейтінін айтты. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай, бәріміз аға буынның аманатын жауапты орындарға жеткізуге міндеттіміз. Біз аудан әкімдігі мен жұртшылықтың смағұлтануға қатысты бастамаларын толық қолдаймыз. Смағұл – нағыз халық қаһарманы. Оған қайраткерлігі, қағидаты, намысты қайсарлығы куә» деді. Академиктер Д.Қамзабекұлы мен З.Қабылдинов Смағұлдың ел мен жер тұтастығына, ұлтты дамытуға бағыт­тал­ған ерен істерін, өжет­тігін айғақ­тайтын маңызды дерек­терді осы күнмен байланыс­тыра баяндаса, Е.Нұрақаев облыс көлемінде қайраткер мұрасын тану мен ұлықтаудың бел-белесіне, мәселелеріне тоқталды. Сабыр Ахметжанұлы ауданға кітап дестесін тарту етіп, тұлғаны танытуға атсалысқан азаматтарды қор атынан мерейтойлық медальмен марапаттады.

мм

Жиынның білім және мәдениет саласы қызметкерлеріне арналған бөлімінде Талшық мектебінің мұғалімдері А.Жағы­па­рова, Ж.Қуандық, кітап­хана­шысы А.Бекболатова, Жаңаауыл мек­те­бінің мұғалімдері З.Қожұлдақова, С.Ғазизова, Д.Қабдулуахит, Қазан мектебінің кітап­ханашысы А.Кувакина, Дәуіт мектебінің кітап­ханашысы Б.Жантазина, аудандық білім бөлімінің әдіскерлері А.Хасенова мен С.Мұқанова Смағұл Садуақасұлы мұрасын пән сабақтарында, тәрбие жұмысында, мәдени шараларда заманауи құралдармен және ЖИ арқылы тү­сіндіру, насихаттау тәжірибелерін ор­таға салды.

Шараға қатысқан аға буынның ұсы­ны­­сымен конференция қарарына қай­­ра­ткер туған аудан­ға, облыс орталы­ғын­дағы Оқу­­шылар сарайына, өңірдегі колледждің біріне ХХ ғасырдағы көрнекті саяси тұлға, экономист, жазушы, сыншы С.Садуақасұлы есімін беруді сұрау, аудан орта­лы­ғындағы ескерткіші мен му­зейін толық жаңарту мін­дет­те­рі енгізілді. Жиын барысында белгілі скульптор, Көркемсурет ака­демия­сының академигі Қазыбек Сатыбалдин ғалымдар мен жергілікті зиялы­ларға аудан орта­лығында орнатылуы жос­пар­ланған «Смағұлдың қасиеті» атты мону­мен­тальді ескерткіштің нобай-жобасымен таныстырды.

Түстен кейін облыстық театр ұжымы сия­сы кеппеген «Смағұл шыңы» атты пье­саны (авторы – ақын, драматург Баянғали Әлімжанов, режиссері – Бекболат Құрманғожаев) сахналап, аудан жұрт­шылығын рухани тұрғыдан серпілтті. 

Аграрлық-экономикалық мұрасы игеріледі

Заманында намыс пен әділ­ді­гімен, кәсіби жауапкер­ші­лігімен танылған қайраткер Смағұл Садуақасұлының мерей­тойлық шаралары Алаш күндері Көкшетау қаласында жалғасты. Мұның себебі де бар. Осы қала­­­да­ғы Ауыл шаруа­шы­лығы институты 1993–1996 жылдары С.Садуақасұлы есімімен аталып, тарихи әділеттілікті жаңғыртқан еді. Өйткені Смағұл 1918–1924 жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға атсалысқан кооперация саласында, жер-су комиссариатында, Қазақ жоспарлау комиссиясында жауапты қызметтер атқарып, осы бағытта елеулі мұра қалдырған. Оның үстіне 1997 жылға дейін қайраткер туған Ақжар ауданы (бұрынғы Ленин) Көкшетау облысы құрамында болып, осы өңірде смағұлтануға байланысты біршама іс-шаралар атқарылды.

пп

Қазір бұрынғы Ауыл шаруа­шылығы институты Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті құра­мын­­дағы ірі факультеттік құрылым – С.Садуақасұлы атын­дағы агро­тех­­ни­ка­лық институт. Осы оқу ордасында жақында «Смағұл Садуақасұлы: елшілдік пен кәсі­билік өнегесі» атты ғылыми-тә­­жіри­белік конфенция өткі­зіл­ді. Ғылы­ми жиынды университет ректоры, профессор Марат Сырлыбаев ашып, ауыл шаруашылығы, экономика, биоресурс­тар, инженерлік технологиялар саласы мен жастарды азаматтық тұрғыдан жетілдіруде С.Садуақасұлы мұрасының маңы­зына тоқталды. Мұнан кейін жиын мінберіне көтерілген «Қаһармандар» қоғамдық қоры­ның президенті, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жобалық офисін басқарған заңгер-ғалым Сабыр Қасымов – «Смағұл Садуақасұлының «Кіші қазан» солақай саясатына қарсы табанды күресі», «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы – «Елдік пен мемелекетшілдік жолдағы Смағұл ұстанымы», Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институ­ты­ның бас директоры, шектес Омбы өңірінің тумасы, тарихшы ғалым Зиябек Қабылдинов – «Смағұл Садуақасұлы сая­си қайраткерліктің біртуар тұлғасы», Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этно­логия институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, смағұлтанушы Гүлнар Мұқанова – С.Садуақасұлының экономика және оқу-ағарту саласындағы бастамалары», өлкетанушы, қоғам қайраткері Мұратқажы Ыдырысұлы «Қуғын-сүргін құрбандарына қатысты мұраларды танымалдандыру», КМУ С.Садуақасов атындағы агротехникалық институт директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Сансызбай Мемешов «Смағұл мұрасы және ғылымдағы сабақтастық», ректор кеңесшісі, тарихшы-ғалым Аманбай Сейітқасымов «Көкшелік Алаш қайраткерлері: күрескерлік пен шығармашылық үлгісі» атты баяндама жасады. Жарыссөзде облыстық «Қоғам­дық келісім» мекемесінің басшысы, қоғам қай­раткері Ермек Нұғыманов, облыс­тық Ардагерлер кеңесінің мүшесі Шияп Әлиев сүбелі ойы мен ұсынысын ортаға салды.

Конференция қарарына қаладағы С.Садуақасұлы көше­сі­нің көрнекті тұсына заманауи ескерткіш тақта орнату, Ш.Уәлиханов университетінде қайраткерге арналған аудитория ашу, озат студенттер мен магистранттарға «С.Садуақасұлы атындағы шәкіртақы» тағайындау, ауыл шаруашылығы мен экономика ғылым-біліміне арналған дәстүрлі «С.Садуақасұлы оқула­рын» (конференция) өткізіп тұру, облыстық ономастика комиссиясына өңірдегі «келешек мектептерінің» біріне Смағұл атын беруді сұрау, т.б. көкейкесті, маңызды ұсыныстар енгізілді.

Жиын соңында «Қаһар­ман­дар» қоғамдық қоры­ның президенті Сабыр Ахметжанұлы тұл­ғатану ісіне бел­сене көмек­те­сіп жүрген зия­лы­лар мен жастарды «Смағұл Садуақасұлы» мерейтойлық медалі­мен марапаттады.

Сабыр Шәріп,

PhD

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі доллар бағамы қандай?

Экономика • Бүгін, 16:00