Алғашқы жылдары қай салаға да оңай болған жоқ. Тарихқа үңілсек, бастапқы экономикалық дағдарыс, қаржы тапшылығы, жұмыссыздық – құрылыс саласына да салмақ салды. Көптеген ғимарат соғылып бітпеді. Құрылыс алаңдарындағы бұрынғы қарбалас тіршілік саябырсыды.
Дегенмен, бұл тоқырау үміттің үзілгенін емес, қайта жаңаруға деген толқыныстың алғашқы қадамдары еді. Сол күрделі кезеңдегі ең маңызды әрі стратегиялық бағыттардың бірі – құрылыс саласын жаңғырту болды. Нарықтық экономикаға көшу, жекеменшік құрылыс компанияларының пайда болуы, шетелдік инвестициялардың тартылуы – құрылыс саласына жаңа леп әкелді. Осы кезеңде құрылыс тек ғимарат тұрғызу емес, мемлекеттің ертеңіне деген сенімді қалыптастырудың басты құралына айналды.
Салаға түбегейлі өзгерістер енгізіле бастады. Елдің ерік-жігері мен ертеңге деген сенімін нығайту үшін ең алдымен, тұрғын үй саласын дамыту қолға алынды. Мемлекет алғашқы бағдарламалық құжаттар мен стратегиялық шешімдерді қабылдай бастады. Ресми деректерге сүйенсек, соның ең алғашқысы – 1992–1995 жылдарға арналған тұрғын үй саясаты бағдарламасы. Осы құжат аясында мемлекеттік тұрғын үй қоры жекешелендірілді; азаматтарға пәтерлерді жекеменшікке алу мүмкіндігі берілді; мемлекеттің құрылыс саласындағы тікелей рөлі біртіндеп азайып, нарықтық тетіктер енгізілді. Бұл қадамдар тұрғын үй қатынастарын жаңаша қалыптастырудың негізін қалады.
Бұдан кейін 2000–2002 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы бағдарламасы жасалып, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, құрылыс көлемін арттыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту көзделді.
Ал 2003–2005 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы – тәуелсіз еліміздегі ең алғашқы жүйелі әрі кешенді құрылыс бағдарламаларының бірі болды.
Құрылыс сарапшыларының пікірін сараптасақ, елдегі құрылыс саласына қатысты алғашқы бағдарламалар елдің жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын көрсеткен. Қаржылық қиындықтарға қарамастан сол жылдары қабылданған шешімдер бүгінгі заманауи қалалар мен дамыған инфрақұрылымның бастауы болған.
Енді бүгінгі статистиканы сөйлетсек: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан 2024 жылға дейін 97,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның ішінде 39,3 млн шаршы метрі – жеке тұрғын үй құрылысына, ал 58,6 млн шаршы метрі көппәтерлі тұрғын үйлерге тиесілі.
2024 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарының нақты көлем индексі 9 трлн теңгені немесе 115,3%-ды құраған. «Қазір салада 53 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 2,9 мыңнан астамы – құрылыс материалдарын өндіретін өндірістер. Былтыр 19,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Жалпы 173,9 мың тұрғын үй нысаны салынды, оның 38,9 мыңнан астамы жеке тұрғын үйлер», делінген министрлік дерегінде.
Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл алғашқы жартыжылдықта құрылыс жұмыстарының көлемі 3,31 трлн теңгеге жеткен. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 18,4%-ға артық көрсеткіш. Бұған қоса, 11 млн шаршы метрден астам жаңа нысан пайдалануға берілсе, оның 7,9 млн шаршы метрі тұрғын үй, қалғаны мектеп, балабақша, денсаулық сақтау нысаны.
Тұрғын үй құрылысы саласында да ауқымды бағдарламалар жалғасын тапқан. 2025 жылдың аяғына дейін 19,2 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған.
Саладағы инвестициялық белсенділік те тәуір. Кейінгі алты жылда тұрғын үй құрылысына 15,4 трлн теңге бағытталса, 2025 жылдың алты айында 1,5 трлн теңге инвестиция тартылған.
Жалпы құрылыс саласы тек республикалық маңызы бар қалаларда ғана емес, басқа елді мекендерде де екпінді жүргізіліп келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, республиканың он сегіз өңірінде құрылыс көлемінің ұлғаюы байқалған. Оның көш басында әдеттегідей Астана (39,4%) мен Алматы қалалары (35,4%), одан кейін Солтүстік Қазақстан (30,1%), әрі қарай Түркістан (28,6%), Қостанай (27,5%), Павлодар (22,6%), Ақмола (21,7%) және Алматы облыстары (20,7%) тұр.
Былтыр елдегі тұрғын үй қоры 434,3 млн шаршы метрге жетті. Соның ішінде қалада 287,1 млн шаршы метр, ауылда 147,2 млн шаршы метр баспана тұрғызылған.
Міне, осылайша, абат елдің айшықты бейнесін танытатын саланың қай бағыты да қарқынды дамып жатқанын байқауға болады. Жыл сайын миллиондаған шаршы метр тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, көлік және инженерлік инфрақұрылымдар, жаңа шағын аудандардың салынуы – соның бір айғағы.