Жыл маңызды оқиғаларға, кездесулерге, бастамаларға толы болып, «бейбітшілік» пен «келісім» ұғымдарының шынайы мағынасын терең түсінуге мүмкіндік берді. Бұл құндылықтар этномәдени бірлестіктердің, ақсақалдар және аналар кеңестерінің, ғылыми қауымдастық өкілдерінің, шығармашылық ұжымдардың және белсенді жастардың бірлескен еңбегі арқылы күн сайын нығайып жатыр. Осы сан қырлы жұмыстың жүрегі – көптеген жыл бойы елордалық Достық үйі болып келеді.
Астана тұрғындары үшін елорданың атын абыроймен алып жүру – үлкен мәртебе. Ал этносаралық келісім саласында қызмет ететіндер үшін бұл мәртебе тәуелсіздіктің басты құндылығы – бейбіт өмірді сақтау және нығайту жолындағы зор жауапкершілікпен ұштасады. Жыл бойы елордалық Ассамблея адамдарды ортақ жасампаз мақсаттарға біріктіретін институт ретіндегі мәртебесін сенімді түрде дәлелдеді. Ассамблея бастамалары әлеуметтік, мәдени, білім беру және ағартушылық бағыттарда жүзеге асырылып, халықтың әртүрлі топтарын қамтыды.
Мерейтойлы жыл айтулы іс-шаралардан және Ассамблея ардагерлерін ұлықтаудан басталды. Достық үйлерінде естелік тақталар ашылды. Әр этномәдени бірлестік жыл бойы өтетін мерекелік шаралар жоспарын әзірледі. Елорда Ассамблеясының бірқатар мүшесі этносаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін қоғамдық марапаттар мен мерейтойлық медальдармен наградталды. Бұл – біздің қоғамға деген көпжылдық адал қызмет пен тынымсыз еңбектің жоғары бағалануы.
Жұмыстың негізгі бағыттарының бірі қайырымдылық қызметі болды. Астана қаласы ҚХА жанындағы «Жомарт жан» орталығы қиын жағдайға тап болған елорда тұрғындарына көмекті жалғастырды. Биыл 16 мың адам қолдау алды, көрсетілген көмек көлемі 63 млн теңгені құрады. Бұл жұмыс жоспарлы және жүйелі түрде жүргізіліп, этномәдени бірлестіктерге тән адамгершілік пен өзара қолдаудың жоғары деңгейін көрсетеді.
Әдеттегідей, қалалық Ассамблея көпэтносты отбасыларға, көпбалалы аналарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, ерекше қажеттіліктері бар балаларға және елорда еңбек ұжымдарына ерекше көңіл бөледі. Осы санаттардың әрқайсысына бағытталған қоғамдық маңызы бар жобалар жүзеге асырылып, сенім, әлеуметтік қолдау және өзара түсіністік нығайтылды.
Дәстүр бойынша Достық үйінде Ассамблея ардагерлерін әрдайым құрметтеп, олардың кеңесіне құлақ асып, жоспарлар сол тәжірибелі тұлғалардың ұсыныстарына сәйкес үйлестіріліп отырады. Жыл сайын Қарттар күнінде ардагерлерді құрметтеп, әріптестерімен қауышуға мүмкіндік беріледі. Олар өз тәжірибесін, өмірден түйген дана ойларын көпшілікпен бөлісетін «Ассамблея. Тұлға. Тағдыр» атты бейнероликтер сериясының және «Birlik Talks» подкасттарының кейіпкерлеріне айналды.
2025 жыл Достық үйінің халықаралық деңгейдегі қызығушылық орталығына айналған кезең болды. Оған шетелден мәртебелі қонақтар келді: Израиль Кнессетінің спикері Амир Охана, Франция Ұлттық жиналысының депутаты Бруно Фукс, Румыния мемлекеттік хатшысы Джанина Ситару және Румыния Мәдениет министрлігі мемлекеттік хатшысының орынбасары Ирина Санда Марин Каджал. Бұл сапарлар еліміздің этносаралық келісім моделінің халықаралық деңгейде зор қызығушылық пен құрметке ие екенін айқын дәлелдеді.
Ассамблея жұмысының маңызды бөлігі – жастар бағытын дамыту. Биыл отансүйгіш, әлеуметтік белсенді жас буынды тәрбиелеуге ерекше жағдай жасалды. Түрлі жобалар арқылы жастар көшбасшылық қабілеттерін дамытып, көп тілді меңгеріп, мәдени бастамалар мен халықаралық бағдарламаларға қатысу мүмкіндігін алды. Бұл елдің дамуына жауапкершілікпен қарайтын болашақ азаматтарды қалыптастыруға үлес қосады.
Елорда шығармашылық ұжымдары жыл бойы Астананы және жалпы мемлекетімізді халықаралық алаңдарда лайықты танытып, этномәдени өмірдің бай палитрасын және жоғары деңгейдегі мәдени қарым-қатынасты паш етті. Олардың фестивальдар мен концерттерге қатысуы мәдени диалогті нығайтып, әлемге көпэтносты қоғамымыздың әсемдігін және алуан түрлілігін көрсетті.
Өз аясын кеңейте отырып, елордалық Ассамблея кәсіпорындарда Еңбек Ассамблея желісін, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қоғамдық өмірге тарту үшін Инклюзивті Ассамблеяны және Спорттық Ассамблеяны дамытуға кірісті. Жаңа идеялар мен жаңа адамдардың келуі келісім мен татулықты нығайту ісінде жаңа жобалар мен ауқымды нәтижелерге жол ашатыны сөзсіз.
Жыл қорытындысында мерейтой тек есеп беру кезеңі ғана емес, Ассамблеяның бірегей қоғамдық келісім институты ретінде дамуының маңызды белесі болғанын атап айтуға болады. Ассамблея жыл бойы Мемлекет басшысы айқындаған тұрақтылықты, әлеуметтік тұтастықты және ұлттық бірегейлікті нығайту бағытын берік ұстанды. Астананың этномәдени бірлестіктері алдағы уақытта да осы міндеттердің жүзеге асуына маңызды үлес қоса отырып, этносаралық диалог пен өзара ынтымақтастықтың негізгі орталығы болып қала береді.
Келер жыл қол жеткізілген нәтижелерді бекітіп, жаңа мүмкіндіктер әкеліп, елордамыздың әр шаңырағында бейбітшілік, келісім және жасампаздық атмосферасын сақтасын. «Татулық – табылмас бақыт» деп халық даналығында айтылғандай, шынайы бақыттың өлшеусіз құндылығы татулық екені сөзсіз!
Есет БАЙКЕН,
Астана қаласы әкімінің орынбасары,
елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары