Аталған элемент алғаш рет 2014 жылы Қазақстан мен Қырғызстанның бірлескен ұсынысымен тізімге енген. Енді кеңейтілген нұсқа киіз үйді әлемдік мәдени мұраның ажырамас бөлігі ретінде таныту мүмкіндігін арттырып, Орталық Азия халықтарының ортақ мұрасына айналғанын айғақтайды.
«Қазақстан бұған дейін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының Репрезентативті тізіміне 14 аталымды енгізген. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз әлемнің 183 мемлекеті ішінде үздік 25 елдің қатарына кіреді», деді Ерлан Қарин.
Қазіргі уақытта біздің елдің бірнеше жаңа өтінімі ЮНЕСКО қарауында тұр. Атап айтсақ, «Салбурын» ұлттық дәстүрі, «Кесте тігу өнері» (Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан), «Киіз басу өнері» (Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Иран, Моңғолия, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан), «Алпамыс жыры» (Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан), «Тақия» дәстүрі (Қазақстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия).
Бұл аталымдардың ЮНЕСКО тізіміне енуі қазақ мәдениеті мен Орталық Азияның ортақ мұрасына халықаралық деңгейде жаңа мәртебе берері анық.