Сурет: aqtobegazeti.kz
– Қазір көпшілік «рәміз» бен «нышан» сөздерін синоним ретінде қабылдайды. Олардың арасында айырмашылық бар ма?
– Иә, бұл екі сөздің мағынасы ұқсас болып көрінгенімен, мазмұны мен қолданылу аясы – әртүрлі. Рәміз – нақты, көзге көрінетін заттық бейне, ал нышан – дерексіз, рухани-көркемдік образ. Рәміз сыртқы пішін арқылы білдірілсе, нышан ішкі мағына арқылы танылады.
Қазақ тіліндегі «рәміз» термині – араб тілінен енген парсы текті лексема. Этимологиялық тұрғыдан алғанда, «белгі», «таңба» мағыналарын қамтиды. Терминологиялық контексте геральдикалық жүйемен сабақтасып, заттық және графикалық бейнелер жүйесін білдіру үшін қолданылады. Мысалы, мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба, Әнұран. Олар – көзге көрінетін, сипаттауға, сызуға келетін нақты бейнелер. Айталық, Тудағы көк түс – бейбітшілікті, күн – өмір мен жаңаруды, қыран еркіндікті білдіреді. Олардың геометриялық құрылымы, түстері, пропорциясы белгіленген.
Ал нышан керісінше, дерексіз. Оның нақты пішіні жоқ. Ол – адамның ішкі дүниесіндегі сезім, ой, түйсік арқылы қабылданатын көркем образ. Нышан – әдебиетте, поэзияда, мифологияда жиі кездеседі. Тікелей емес, астарлы мағынада қолданылады. Мысалы, «көктемнің нышаны» дегенде біз нақты көктемді емес, оның жақындағанын білдіретін белгілерді (құстардың келуі, қардың еруі) меңзейміз. Сол секілді «жақсылықтың нышаны» – бұл да нақты зат емес, көңіл күй, болжам, сезім.
«Нышан» сөзі қазақ тілінің төл лексемасына жатады. Семантикалық тұрғыдан алғанда, бұл ұғым да белгілі бір құбылысты, идеяны немесе сезімді бейнелейтін рәміздік мәнге ие. Алайда оның «рәміз» ұғымынан айырмашылығы – заттық емес, дерексіз және метафизикалық сипаттағы бейнені білдіреді.
– Рәміз – міндетті түрде көзге көрінетін зат немесе бейне, ал нышан тек ойдағы белгілер ме?
– Дәл солай. Рәміз – көрнекі, қолмен ұстауға болатын немесе қағазға салып көрсетуге жарамды таңба. Оның мағынасы жалпыға ортақ: бәріміз Туды көргенде бірдей мағына қабылдаймыз. Бұл – рәміздің ресми және ортақ сипатынан туындайды.
Біз нышанды да бейнелеу мүмкін емес деп айта алмаймыз. Бірақ оны бейнелеу үшін суретші немесе жазушы міндетті түрде метафоралық тәсілге жүгінеді. Нышан – мағынаға жол ашатын образ. Мысалы, «сағыныштың нышаны» ретінде терезеге қарап отырған жалғыз адамның бейнесін салуға болады. Бұл жерде терезе – тек ішкі күйді білдіретін көркем бейне. Яғни нақты зат емес, идеяны білдіретін астарлы сурет.
– Геометриялық пішін рәміз бе, әлде нышанға да қолданыла ма?
– Геометриялық пішін – тек рәмізге тән ұғым. Себебі рәміз – құрылымы бар, жүйеленген бейне. Елтаңбалар, логотиптер, эмблемалар – барлығы нақты геометрияға сүйенеді. Мысалы, шеңбер, жұлдыз, қалқан сияқты пішіндер арқылы мағына беріледі. Ал нышанда ондай талап жоқ. Тағы да айтайын, ол пішінге емес, мағынаға сүйенеді.
– Нышанды әр адам әртүрлі қабылдауы мүмкін ғой?
– Иә, бұл – нышанның ең басты ерекшелігі. Ол – субъективті мағына. Әр адам өзінің ішкі тәжірибесіне, сезіміне қарай оны әртүрлі түсінуі мүмкін. Мысалы, шырақ біреуге үміттің нышаны болса, екінші біреуге еске алудың, сағыныштың нышаны. Бұл нышанның көп қабатты, көп мағыналы табиғатын көрсетеді.
– Бұл екі ұғымды ажыратудың маңызы неде?
– Бұл – тек тілдік мәселе емес, мәдени таным мен көркем ойлаудың негізі. Біз рәмізді тарихи, ресми, ортақ құндылық ретінде қабылдасақ, нышанды жеке, рухани және көркемдік образ ретінде түсінуіміз керек. Осыны ажырата білу әдебиетті, өнерді, тілді терең түсінуге жол ашады. Сонымен қатар бұл ұлттық болмыс пен сана деңгейіндегі ойлау жүйесін қалыптастыруға көмектеседі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»