Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:40

Заңнамадағы оң өзгерістер

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Құқықтық мемлекеттің басты қағидаты – заң үстемдігі. Тәртіпке бағынатын елде әділетті қоғам орнайды. Осы орайда жаңа уақыт талаптарына сай заңнаманың жетілдіріліп отыруы – үздіксіз құбылыс. Тарих қойнауына енгелі тұрған осы жылы да елімізде бірқатар жаңа заң қабылданды. Соның ішінде құқық саласын жүйелейтін заңнаманың даму барысына арнайы тоқталып, биыл қолданысқа енген ең маңызды заңдарға шолу жасауды жөн көрдік.

Заңнамадағы оң өзгерістер

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

2 қаң­тарда Мем­лекет басшысы «Қазақстан Рес­публикасы­ның кейбір заң­на­малық актілері­не есірт­кі, психотроптық заттардың, сол тек­тес­­тердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойып, көпті алаңдатқан қоғам кеселінің жолын кесті.

Бұл заң Президенттің 2024 жылы 15 наурызда Ұлттық құрылтайда бер­ген тапсырмаларын орындау мақса­тында қабыл­данғанын айта кетейік. Жаңа құжат есірткі өндіру мен өткізу­ді ұйымдастырушылар үшін жауапкер­шілікті қатаң­датуға, ал есірткіні жасырын орналастырушылар үшін жазаны жұмсартуға бағытталған.

Ақорда таратқан мәліметке сүйенсек, жаңа заң есірткі өндірісі үшін ғана емес, осы қылмыстық әрекет үшін лауазымды адам­дар­дың да жауапкершілігін едәуір қатаңдатты. Енді қылмысқа қа­ты­сы бар тұлғалардың мүлкі тәр­кіленіп, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.

Ал есірткіні жасырып кету­ші­лер өздері оны затын дайын­дамайтындықтан, тек көп ақша ұсынған қылмыскерлердің тұза­ғына ілініп, олардың тапсырмасын орындайтындықтан, қылмыстық жауапкершілік аздап жұмсартылған. Мұндай жалдамалы іске көбіне жасөс­пірімдер баратыны белгілі. Бұдан былай олар алғаш рет қылмыс жасаған болса, 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылмақ.

Биыл қоғамда көп талқылан­ған тағы бір құжат – «Қазақстан Республикасы­ның кейбір заңна­малық актілеріне құқық қор­ғау қызметін жетілдіру, құқық қор­ғау органдарының, арнаулы мем­лекеттік органдардың, азамат­тық қорғау органдарының қыз­мет­керлерін және әскери қызмет­шілерді тұрғын үймен қамта­масыз ету және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ ішкі істер орган­дарының қызметі саласында артық заңнамалық регла­менттеуді болғызбау мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңы. Оның ішінде адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті киюге тыйым салатын норма жұрт­шылық назарын аударғаны белгілі.

Дін саласында ниқаб немесе пәренже деп аталатын бетті жабатын киім мәселесі көптен бері қоғам талқысында жүрген. Расында, бұл заңнамадағы уақы­ты келген түзету еді. Өйткені қыл­мыс­керлер де жасырыну мақса­тында бетін ниқабпен жауып жүруі ғажап емес. Дегенмен бұл норманың мақсатын сан-саққа жүгіртіп, оны дінге жасалып жатқан қысым деп түсіндіргісі келгендер де табылғаны белгілі. Алайда заңгерлер мен дін қызметкерлері осы мәселеге араласып, ислам дінінде бетті жауып жүру парыз емес, тек кейбір ха­лықтардың салты екенін анықтап түсін­дірді. Ал қазақ қыздары ешқашан бетін жауып жүрмегені белгілі.

«Шариғатта әйелге бет-жү­зін, біле­зіктен әрі қолын және тобықтан төмен аяғын жауып жүру бұйырылмаған. Яғни асыл дініміз қыз-келіншекке орамал тағып, ұзын етекті кең киім киюді міндеттегенімен, бетті толық жабуды талап етпейді. Бәлкім, бұл кейбір араб елдерінде қалыптасқан дәстүр шығар. Ал біздің ата-бабамыз хадис­те айтылған талапқа байланысты діні мен дәстүрін сабақтастырып, шариғат талаптарына жауап беретін ұлттық киімдерімізді киді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымы да осы», деген Бас мүфтидің кеңесшісі Смайыл Сейітбеков зайырлы мемлекеттің заңы бәріне ортақ екенін жеткізді.

Бұдан былай елімізде қыз­меттік міндеттерді, медициналық, азамат­тық қорғаныс, ауа райы жағдайында, сондай-ақ спорттық және бұқаралық-мәдени іс-шараларға тікелей қатысатын адамдар­дың талаптарын орындау қажет болған жағдайларда ғана бетті жабуға рұқсат, ал басқа жағдайда қоғамдық орындарда бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті киюге тыйым салынды.

Дін саласына қатысты заңна­ма­дағы өзгерістер Мемлекет басшысының биыл 10 қаңтарда қол қойған «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда да көрініс тапты. Атап айтқанда, заңның 490-бабының бірінші, үшінші және жетінші бөліктеріне «ескерту» институты енгізілсе, бірінші, екінші, үшінші және жетінші бөліктерін бұзу бойынша әкімшілік айыппұлдардың мөлшері 50%-ға азайтылды. Баптың бұл бөліктерінде діни жоралар мен жиналыстарды өткізу талаптарын бұзу, заңды діни қызметке кедергі келтіру, азаматтардың діни сенімін қорлау, дін ұстанушылар қастерлейтін ғимараттар мен орындарды бүлдіру, миссионерлік қызметті тіркеусіз жүзеге асыру, уәкілетті органмен келіспей, шетел­дік діни орталық тағайындаған адам­­ның діни бірлестікті басқа­руы секілді маңызды нормалар қамтылған.

Есірткі секілді қоғам ішіне зиянын тигізіп отырған тағы бір проблема – ойын бизнесі. Биыл 25 сәуірде Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актілеріне ден­саулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңна­малық регламенттеуді болғыз­бау мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң осы сала­дағы келеңсіздіктерді реттеу­ге бағыт­талды. Атап айт­қанда, букме­керлік кең­селер мен тотализаторларды ұялы бай­ланыстың абоненттік құрыл­ғылары, сондай-ақ онлайн-платформалар ар­қылы жарнамалауға тыйым салынды.

Сонымен қатар букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалау рұқсат етілген бұқаралық ақпарат құралдарының шеңбері тарылып, олар енді тек спорттық бағытта болуы талап етілетін болды. Бұған қоса «Ойын бизнесі туралы» заңда бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталған немесе шартты түрде соттал­ған адамдардың құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуына тыйым салу белгіленген.

Осы жылы 30 маусымда Пре­зидент қол қойған «Қазақстан Республикасы­ның кейбір заңна­малық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қор­ғау органдарының, арнаулы мем­лекеттік органдардың, аза­мат­тық қорғау органдарының қыз­меткерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ ішкі істер ор­ган­дарының қызметі саласында артық заңнамалық регла­мент­теуді болғызбау мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңды да тілге тиек етсек болады. Заң ар­қылы «Қазақстан Республи­ка­сы­ның ішкі істер органдары туралы», «Құқық қорғау қыз­­меті туралы», «Тұрғын үй қаты­­нас­­тары туралы», «Құқық бұзу­­шылықтың алдын алу туралы», «Дактилоскопиялық және геном­д­ық тіркеу туралы» және басқа да заңдарға түзетулер енгізілді.

Айта кетсек, бұл заңда құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдар, азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру, ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру, сораны өнеркәсіпте пайдалану, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу мәсе­леле­ріне қатысты түзетулер енді. Сора демекші, заңға сәйкес Үкіметке есірткі өндіруге немесе дайындауға қатысы жоқ, өнеркәсіптік мақсатта өсіруге рұқсат етілген сора сұрыптарын анықтау құзыреті берілді және сораны өнеркәсіптік өңдеу тәртібі айқындалды.

Ал Мемлекет басшысы 16 шілде­де қол қойған «Қазақстан Республи­касының кейбір заңна­малық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу туралы» заңда қылмыстық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету, қылмыстық заңнаманы жетілдіру мен кейбір қоғамдық қауіпті әрекет­тер үшін жауапкершілікті арттыру, қылмыстық процес­те азаматтардың құқын қорғауды күшейту, қылмыстық процесті оңтайландыру, қылмыс­тық-атқару заңнамасын жетілдіру мәселелері нақтыланды.

Жалпы алғанда, биыл еліміз­дің заң шығару саласында бел­сенді жұмыс жүргізіліп, жұрт­шылықты алаңдатқан кеселдерге тосқауыл қойылып, заң мен тәр­тіп қағидаты жоғары дең­гей­де іске асырылғанын айтуы­мыз керек. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстанды орнатудың кезекті ширақ та өнімді қадамдары жасалды. 

Соңғы жаңалықтар

Бал ашып байығандар көп

Қоғам • Бүгін, 18:17