Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, әуе кемелерін мұздан тазарту (деайсинг) – ұшақты қауіпсіз ұшыру үшін жүргізілетін дайындықтың аса маңызды бөлігі.
– Қыс мезгілінде мұздану қаупі айтарлықтай артады. Қанаттарда немесе басқа да маңызды беттерде пайда болған мұздың, қыраудың немесе қардың жұқа қабатының өзі әуе кемесінің аэродинамикалық қасиеттерін нашарлатып, ауа кедергісін арттырып, көтеру күшін азайтады. Бұл ұшу сипаттамаларының төмендеуіне алып келеді, – делінген хабарламада.
Осы себепті халықаралық тәжірибе мен ұлттық рәсімдерде міндетті түрде мұздан тазарту қолданылады. Ол әдетте бір немесе екі кезеңде жүргізілетін арнайы сұйықтықты қолдануды қамтиды:
- Әуе кемесінің маңызды беттерінен мұзды, қарды, қырауды және басқа да ластануларды алып тастау;
- Қайта мұзданудың алдын алу үшін белгілі бір уақыт ішінде әсер ететін қорғаныс қабатын жағу.
Азаматтық авиация комитеті мұздануға қарсы өңдеудің не себепті жолаушылар ұшаққа отырғаннан кейін басталатынын да түсіндірді.
– Мұздан тазарту жұмыстары жолаушылар толық отырғызылып, әуе кемесінің барлық есіктері жабылғаннан кейін жүргізіледі. Бұл талаптың негізгі себебі – мұздануға қарсы сұйықтықтардың әсер ету уақытының шектеулі болуында. Қорғаныс қабатының тиімділігін барынша арттыру және оның ұшып шыққанға дейін сақталуын қамтамасыз ету үшін өңдеу мүмкіндігінше ұшу уақытына жақын жасалуы тиіс, – делінген хабарламада.
Жолаушылар отырғызылып, есіктер жабылғаннан кейін ұшақ тұрақта қалады немесе арнайы мұздан арылту алаңына жеткізіледі. Ауа райы жағдайына байланысты өңдеу бірден немесе жағдай жақсарған кезде орындалады. Комитет мұндай кешігулердің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың міндетті бөлігі екенін атап өтті.