Экономика • Бүгін, 09:20

«Энергетикалық тұрақтылық – экономикалық өсімнің негізі»

10 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Экономиканы жедел дамыту үздіксіз әрі сенімді электр энергиясыз мүмкін емес. Энергетика – ел экономикасының тұрақтылығына тікелей ықпал ететін стратегиялық мемлекеттік актив. Отандық нарыққа тартылып жатқан инвестициялар мен іске асырылып жатқан ауқымды жобалар энергетика жүйесінің сенімділігін арттыра түседі. Еліміздің Біртұтас электр энергетикасы жүйесінің операторы – «KEGOC» акционерлік қоғамының ел экономикасы ілгерілеуіне қосып отырған үлесі жөнінде Басқарма төрағасының орынбасары Бақытхан Медеғалиұлы Жазықбаевпен сұхбаттасқан едік.

«Энергетикалық тұрақтылық – экономикалық өсімнің негізі»

– Нарық кезеңінде ертеңді екшеп, болашаққа батыл қадам жасау үшін бүгінгімен тоқмейілсімей, келешекке көз жүгіртіп, оның тәуекелі мен тиімді тұстарын таразылай білу қажеттігі айдан анық. Сондықтан да әңгімемізді «KEGOC» компаниясының ел экономи­ка­сындағы салмағын бағамдай отырып, келер күнге жоспарланған инвес­ти­ция­лық жобалары мен бүгінгі ахуалынан бастасақ.

– Компанияның үздіксіз жұмыс істеуі үшін инвестиция құю – шарт. Бұл – нарықтың бұлжымас талабы мен жазылмаған заңы. Даму үшін негізгі тетік те – осы. Сондықтан компания елдегі Біртұтас электр энергетикасы жүйесінің операторы ретінде бұл мәселеге айрықша мән береді. Жыл сайын жүйенің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету, оны дамыту мақсатында белгілі бір көлемде инвес­тиция құюды компания өзінің негізгі міндеттерінің бірі деп санайды.

Компания энергетикалық инфрақұры­­лым­ды жүйелі түрде дамыту үшін жыл сайын ауқымды инвестициялар тартады. Соның ішінде өндірістің қолданыстағы деңгейін сақтау мен сенімділігін арттыруға бағытталған іс-шараларға басымдық беріледі. Бұл жалпы жылдық жоспардың 23,3%-ын құрайды.

Биыл өңірлердегі Жетіқара, Нұра, Сарыөзек, Састөбе қосалқы стансаларында автотрансформаторлардың қуатын арттыру жұмыстары іске асырылып жатыр. Аталған объектілер бойынша орнатылған қуаттың жиынтық өсімі шамамен 860 МВА-ны құрайды. Алдағы бес жылда KEGOC филиалдарындағы 18 объектіде автотрансформаторлар мен күштік трансформаторлардың қуатын күшейту жоспарланған. Күтілетін жиынтық өсім – 1 837 МВА.

Қазір компания екі ірі инвестициялық жобаны іске асыруда. Соның бірі – «Қазақстан БЭЖ Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» жобасы. Бұл жоба Солтүстік–Оңтүстік транзитіндегі «Алматы–Жамбыл» желісінің өткізу қабілетін 440 МВт-қа дейін арттыруға, сондай-ақ газ генерациясы мен жаңар­тылатын энергия көздерін энергия жүйесіне енгізуге мүмкіндік туғызады. Жоба аясында жалпы ұзындығы шамамен 475 шақырым болатын екі 500 кВ электр жеткізу желісі салынады. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жобаны 2027 жылдың ортасында аяқтау жоспарланған.

Ал «Батыс Қазақстан энергожүйесін Қазақстан БЭЖ-мен біріктіру» жобасы Батыс өңірі тұтынушыларының электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға, Атырау және Ақтөбе облыстарындағы электр стансаларының қуатын ұлғайтуға, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін әлеуеті жоғары өңірлерде дамытуға бағытталған. Бұл жоба еліміздің Біртұтас электр энергетикалық жүйесін шеңберлеудің бірінші кезеңі болып табылады. Жоба аясында ұзындығы шамамен 604,3 шақырым болатын 500 кВ электр жеткізу желісі салынады. Жобаны аяқтау мерзімі 2027 жылға жоспарланған.

Энергетикалық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету мақсатында KEGOC 2035 жылға дейінгі Ұлттық электр торабын дамыту бойынша стратегиялық тұжырымдаманы әзірледі. Біз генерация жоспарларымен инте­грациялау үшін маңызды жобалар пулын айқындадық. Пулға шамамен 10 жоба енгізілді. Барлық жобалар «Энер­ге­ти­калық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске асырылып жатыр. Бұл – еліміздің энергетикалық жүйесін тұрақ­ты дамыту жолындағы маңызды қадам болмақ.

п

Сондай-ақ, бірқатар маңызды жобалар бар. Атап айтқанда, жаңа цифр­лық «Астана» қосалқы стансасын салу елорданың қуатын бірнеше есе артты­рады. Бұл жобалардың іске асырылуы сенімді энергожүйесін құруға, еліміз­дің маңызды энергетикалық аймақтарын тұтас етуге мүмкіндік береді.

– Қазақстан БЭЖ-дегі генерациялық қуатының жай-күйі қандай? Электр стансаларына алаңдауға негіз бар ма?

– 2025 жылдың тоғыз айының қорытын­дысы бойынша Қазақстан БЭЖ-нің электр стансаларында жалпы ұзақтығы 67 775 сағатты құрайтын 1 088 апаттық тоқтау тіркелді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда апаттық жөндеулер саны – 20%-ға, ал олардың ұзақтығы 24%-ға төмендеді.

Электр стансаларындағы апаттылық деңгейінің төмендеуі электр энергиясын өндіру көлемін  3 млрд кВт·сағ немесе 3,7%-ға арттыруға мүмкіндік берді.

Апа­тық жөндеу саны мен ұзақтығының төмендеуіне қарамастан, жыл басынан бері электр стансалары қуатының орташа төмендеуі жоспардан тыс және апаттық жөндеулерге байланысты 400 МВт-тан 1 000 МВт-қа дейін құрады. Бұл елімізде айтарлықтай теңгерімсіздіктерге әкелді. Осыған байланысты биыл KEGOC негізгі жабдыққа жоспарлы техникалық қызмет көрсетуді және жөндеуді сапалы жүргізгені үшін энергия өндіруші ұйымдардың қаржылық жауапкершілігін күшейту жөнінде бастама көтерді. Бұл ұсыныс Энергетика министрлігі тарапынан қолдау тапты. Аталған заңнамалық бастама энергия өндіруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңге дайындығы кезінде ерекше маңызға ие.

Ұсынысқа сәйкес, есептік кезеңде жаб­дық­тың қайталап ажыратылуы орын алған жағдайда айыптық коэффи­циент­тің мөлшері ұлғайды. Қазір Энергетика министрінің тиісті бұйры­ғы­ның жобасы мемлекеттік органдарда келісу сатысында екенін айта кеткен жөн.

– Қыс мезгілінің басталуы энергетик қауым үшін жауапты кезең екені белгілі. Табиғаттың тосын мінездері электр желілерінде күтпеген жағдай­лар­ға әкелуі мүмкін. Күзгі-қысқы кезең­ге дайындық қаншалықты мығым?

– Расымен де күзгі-қысқы кезең – жауапты әрі сынақ кезеңі. Дегенмен, біз бұл уақытты тек сыналатын мезет емес, жаңа қадамдар жасауға мүмкіндік беретін кезең деп қабылдаймыз. Анықталған кедергілермен жүйелі жұмыс жүргізу арқылы компания өз стратегиясын одан әрі жетілдіруді көздейді.

Электр стансаларындағы жөндеу жұмыстары бекітілген жылдық жөндеу кестесіне сәйкес орындалды. Бұл жұмыс­тардың барысы туралы ақпарат энер­ге­тикалық бақылау және қадағалау коми­тетіне апта сайын жолданып отырады.

Қазақстанның БЭЖ бойынша 2025 жылға арналған жөндеу кестесінде 137 бірлік жабдықты күрделі және орта жөндеуден өткізу көзделген. Ұлттық электр торабының сенімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында компания жыл сайын күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында электр желілері объектілерінде ауқымды жөндеу жұмыстарын жоспарлап, оны жүйелі түрде іске асырады.

2025 жылы күзгі-қысқы кезеңге дайын­дық шеңберінде жалпы сомасы 3,8 млрд теңгеге 577 объектіде жөндеу жұмыстары жоспарланды. Жөндеу жұмыстары бекітілген кестелерге сәйкес жүргізілді. Электр желілері мен қосалқы станса жаб­дық­тарын жөндеу қазан айының соңына дейін толық аяқталды. Қараша айында ғимараттар, құрылыстар және көлік құралдары бойынша жұмыс­­тар кестеге сай мәресіне жеткізілді.

Бұған қоса, күзгі-қысқы кезеңнен сәтті өту мақсатында апаттық қор материалдары, қосалқы бөлшектер мен құрылымдар толықтырылды. Трансформаторлық май мен жанар-жағармай материалдарының қажетті қоры қалыптастырылды. Желілік бригадалардың апаттық жағдайларда жедел әрекет етуге дайындығы қамтамасыз етілді.

Осыған байланысты 3 қазанда 2025–2026 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде жұмыс істеуге дайындық паспорты алынды. Электр желілерінде ықтимал апатты жағдайларды жою үшін «KEGOC» АҚ-нда 2025–2026 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңнен өту аясында электр желілері объектілерінде апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге арналған кешенді бригадалар ұйымдастырылды.

– Компания жұмысының тұрақты­лығы оның қызметкерлеріне тікелей байланысты екені даусыз. Осы тұрғыда әрбір қызметкер үшін қолайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамта­ма­сыз ету компанияның басты басым­дық­тарының бірі екені анық…

– Әлбетте, әрбір қызметкер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету – компанияның басымдықтарының бірі. Осы міндеттемені іске асыру аясында еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы саясат өзекті. Аталған саясат осы бағыттағы жұмыс­тың негізгі басымдықтары мен қағидат­тарын айқындайды. Мәселен, 2022 жылдан бері «KEGOC» АҚ – «Vision Zero» қозғалысының қатысушысы. Бұл бас­та­маның негізгі қағидаттары – еңбек қауіп­сіздігі талаптарын бұзуға «нөлдік төзім­ділік», еңбек қорғау жүйесін үздіксіз жетілдіру және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы озық әлемдік тәжірибелерді енгізу.

«Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компаниялары арасында еңбек қауіп­сіз­­дігі мәдениеті деңгейін бағалау қорытындылары бойынша біздің компания өткен жылғыдай көшбасшы орнын сақтап қалды, яғни жоғары көрсеткішке – 94% нәтижеге қол жеткізді. Бұл өткен жылғы 92% деңгейінен жоғары әрі Қор бойынша орташа көрсеткіш – 89%-дан айтарлықтай асып түседі.

т

Қауіпсіздік мәдениетін бақылау мен жетілдірудің маңызды құралдарының бірі – «Қауіпсіздік бойынша мінез-құлық аудиті». Аудиттер филиалдарда тұрақты негізде жүргізіледі. Олардың нәтижелері «KEGOC» АҚ-ның еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңесінде қаралады. Биыл кеңестің үш отырысы өтіп, онда қауіпсіздік көрсет­кіш­тері, олардың өзгеру үрдістері және түзету шараларының тиімділігі талқыланды.

Қызметкерлердің денсаулығына қам­қорлық нақты тәжірибелік қадам­дармен ұштасқан. Атап айтқанда, 2025 жылға ауы­сым алдындағы, сондай-ақ ауысымнан кейінгі меди­циналық тексерулерді, мерзімдік меди­циналық қарап-тексеру­лер­ді жүр­гізу, қызметкерлерді ерікті және міндетті медициналық сақтандыру бағыт­­тары бойынша тиісті шарттар жасалды.

Биыл «KEGOC» АҚ тәуекелдерді төмен­дету бағытында белсенді жұмыс жүргізіп қана қоймай, ашық диалогті дамы­туға ықпал етіп, өндірістік қауіп­сі­здік мәселелеріне арналған форумды табысты өткізді. Аталған форум үздік тәжірибелермен алмасуға, пер­со­налдың хабардарлығын арттыруға арнал­ған тиімді алаңға айналды.

Сондай-ақ компания тұрақты даму қағидаттарына және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға бейілді екенін жүйелі түрде көрсетіп келеді. 2025 жылы компанияның Экологиялық саясаты өзектендіріліп, экологиялық аспектілердің реестрлері мен 2025 жылға арналған экологиялық бағдарлама бекітілді. Аталған құжаттар компанияның корпоративтік порталында орналастырылған.

Мемлекет басшысының «Таза Қазақ­стан» жоспарын іске асыру жөнін­дегі бастамасын қолдау аясында да «KEGOC» АҚ экологиялық акцияларға белсенді қатысты. Жыл басынан бері филиалдар мен Атқарушы дирекция қызметкерлерінің қатысуымен 1 200-ден астам көшет отырғызылды. Сонымен қатар, барлық әкімшілік ғимараттарда қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізілді. Қызметкерлер түрлі экологиялық акция­лар мен сенбіліктерге белсенді қатысып келеді.

Іргелі бастамалардың іске асырылуы «KEGOC» АҚ-ның еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік әрі экология мәселелеріне жауапкершілікпен қарайтынын, осы бағытта жүйелі әрі айқын ұстанымы бар екенін дәлелдейді. Аталған қағидаттар компанияның даму стратегиясының ажырамас бөлігі.

– Әңгімеңізге рахмет. Еліміздің игілігі жолындағы еңбектеріңізге еселі табыс тілейміз.

 

Әңгімелескен –

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Соңғы жаңалықтар

Асауға тұсау салынды ма?

Өнер • Бүгін, 10:00