Қоғам • Кеше

Балалар құқықтарын қорғау комитеті жаңа алаяқтық туралы ескертті

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова соңғы уақытта әлеуметтік желілерде балалар мен жасөспірімдерді арбауға бағытталған алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын айтып, ескерту жазбасын жариялады, деп жазады Egemen.kz ақпарат агенттігі.

Балалар құқықтарын қорғау комитеті жаңа алаяқтық туралы ескертті

Оның айтуынша, алаяқтар түрлі бейнероликтер арқылы «ойын бұзудың құпиясы», «тегін бонус алу жолы», «жабық функцияларға қол жеткізу» секілді жалған уәделерді таратады.

Мұндай видеоларда әдетте Telegram арналарына бағыттайтын сілтемелер орналастырылады. Аталған ресурстарда кәмелетке толмағандардан «верификациядан өту», «ID арқылы кіру» немесе басқа да түсініксіз әрекеттерді орындау талап етіледі.

«Осыдан кейін қаскөйлер психологиялық қысым көрсетіп, балаға «құрылғыңыз бұзылды», «жеке деректеріңіз бен хаттарыңыз біздің қолымызда» деген мазмұнда хабарламалар жібереді. Осы әрекеттер арқылы әдейі үрей тудырылады. Қорқыныш пен сенімсіздікке тап болған жағдайда бала ақша аударуға мәжбүр болуы мүмкін. Анықталған қауіп-қатерлерге байланысты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Ішкі істер министрлігінің Киберқылмыспен күрес департаментіне жедел түрде жүгінді. Аталған факті бойынша ақпарат қаралып, бақылауға алынады. Осыған ұқсас жағдайлар анықталған жағдайда «E-Өтініш» порталы арқылы өтініш жолдауларыңызды сұраймыз», деп жазды Насымжан Оспанова.

Комитет басшысының айтуынша, баламен талқылауға тиісті негізгі мәселелер мыналар:

• Бейнематериалдарда, пікірлерде немесе жеке хабарламаларда орналастырылған, ойындарды бұзу, бонустар алу немесе жабық функцияларға қол жеткізуге уәде беретін сілтемелерге өтпеу қажет;

• Бейтаныс адамдардың не Telegram арналарын жүргізушілер талабымен ешқандай жағдайда «верификациядан», «ID-доступ» сияқты тексерулерден өтпеуі тиіс;

• Жеке мәліметтерді, SMS арқылы келетін кодтарды, аккаунт деректері мен құпиясөздерді үшінші тұлғаларға беруге болмайды, тіпті олар құрылғы немесе аккаунт бұзылды деп сендірсе де;

• Қорқыныш тудыратын мазмұндағы хабарламалар алынған жағдайда, дереу сөйлесуді тоқтатып, ата-анасына немесе заңды өкіліне хабарлау қажет.

Ата-аналар қабылдауы тиіс алдын алу шаралары:

• Балаға интернет-алаяқтықтың кең таралған әдістерін және алаяқтар қолданатын психологиялық ықпал ету тәсілдерін түсіндіру;

• Құрылғыларда ата-ана бақылауын орнату арқылы бөгде сілтемелерге өтуге шектеу қою;

• Интернет кеңістігінде туындайтын күмәнді жағдайлар туралы бала дер кезінде хабарлай алатындай сенімді қарым-қатынас орнату.

• Күдікті әрекеттер анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінуге немесе 111 байланыс орталығына хабар беруге болады.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасы аясында балаларды денсаулығына және дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға бағытталған бірқатар нормалар қарастырылып жатыр.

Мәселен, жедел хабар алмасу сервистерін қоспағанда, 16 жасқа толмаған тұлғалардың онлайн-платформаларда тіркелуіне тыйым салу ұсынылған.

«Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл бастаманы қолдайды әрі оны кәмелетке толмағандарды онлайн кеңістікте таралатын алаяқтық және қауіпті схемалардан қорғауға бағытталған алдын алу шараларының бірі ретінде қарастырады», деді Н.Оспанова.

Соңғы жаңалықтар