Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина, Мұхтар Ниязов сынды айтулы ақындар қатысқан айтыстың тартысты өткеніне көрермен де куә. Жобаны қоғам қайраткері Аманжол Әлтай жүргізіп, айтыс барысына салмақ пен әділдік дарытты.
Финалға «Айтыстың ақтаңгері», қостанайлық Айбек Қалиев пен астаналық Еркебұлан Қайназар жолдама алып, «Қазақ үшін отан жалғыз, ту жалғыз» тақырыбында тартысты айтыс өткізді. Бұл кездесу аға мен іні арасындағы сыйластықты, ел алдындағы жауапкершілікті, айтысқа тән мәдениетті айқын көрсетті. Төрелік тізгінін айтыстың абызы Жүрсін Ерман ұстады.
Финалдың бас жүлдесі – «Q4 Tulpar» ұсынған автокөлік. Тартысты жекпе-жек пен қайым айтыстың қорытындысын саралаған қазылар алқасы Айбек Қалиевті жеңімпаз деп танып, Бас жүлде – автокөлік пен «Алтын қамшы» жүлдесін табыстады. Айтыскер ақын Еркебұлан Қайназар бірінші орын алып, 5 миллион теңге жүлдені қанжығасына байлады. Екінші орын Дидар Қамиевке (3 млн теңге), үшінші орын Жансая Мусинаға (2 млн теңге) берілді. Көрермен көзайымы атанған - Айым Асылбекқызы (500 000 теңге). Ал тағы бір автокөліктің иесі кәсіпкер Талғат Сақановқа ерекше ұнаған айтыскер Нұрбол Жауынбаев болды.
«Бұл жыл мен үшін өте сәтті болды. Айтыс өнеріндегі шығармашылығымдағы соңғы жылым. Абыройдың биігімен айтыспен қоштасып жатырмын. Осы жекпе-жек айтыста төл өнерімізді насихаттап ұйымдастырып жатқан Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы, Жүрсін ағамыз бастаған, Аманжол ағамыз қостаған одаққа және жекпе-жек айтысқа алаң беріп отырған «Хабар» арнасына, қазақ халқына көп-көп рақмет айтқым келеді», деді Айбек Қалиев.
Жобаның жоғары деңгейде өтуіне Magnum компаниясының да қолдауы зор болды. «Хабар» Агенттігінің төрағасы Кемелбек Ойшыбаев арна эфирінде алаштың бекзат өнері, ұлтымыздың рухани қазынасы айтысты насихаттау жалғаса беретінін атап өтті.