Қоғам • Бүгін, 08:28

«Самұрық-Қазына» Жұмысшы мамандықтар жылын қорытындылады

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Самұрық-Қазына» қоры Жұмысшы мамандықтар жылы аясында салалық форум өткізіп, қорға қарасты компаниялар тобындағы атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Астанада өткен ауқымды шараға мыңнан астам адам қатысты. Форум бағдарламасы аясында панельдік сессиялар, шеберлік сабақтары, жобалардың таныстырылымы, өндіріс саласындағы үздік қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті.

«Самұрық-Қазына» Жұмысшы мамандықтар жылын қорытындылады

– «Самұрық-Қазына» тобы Жұмыс­шы мамандықтар жылы аясында жұмыстарды жүйелі түрде атқарып келеді. Бүгінде қор компанияларында 250 мыңнан астам адам еңбек етеді, оның ішінде 190 мыңнан астамы – жұмысшы мамандық иелері. Бұл – елдің өнеркәсіптік әлеуетінің өзегі әрі тұрақты экономикалық өсудің берік негізі, – деді қор басшысы Нұрлан Жақыпов.

Ұлттық әл-ауқат қоры биыл осы бағыт­та ауқымды іс-шаралар өткізіп, еңбек адамы­ның беделін арттыруға барынша атса­лысты. Соның ішінде адам капиталын дамыту басым бағыттардың бірі болды. Мәсе­лен, жыл басынан бері 175 мыңнан астам қызметкер біліктілікті арттыру курс­тарынан өткен. Бұл орайда «Бастау», «Өрлеу», сондай-ақ корпоративтік шебер­лік, тәлімгерлік бағдарламалары іске асырылып жатыр.

д

Халықаралық серіктестік аясында қор тобының мамандары озық технологиялар мен жаңа қауіпсіздік стандарттарын меңгеру мақсатында тағылымдамаларға барып, білімдерін толықтырып отырады. Тәжірибелі мамандармен қатар, жас кадрларға да ерекше көңіл бөлінеді. Олар үшін «Жеті қадам», «Мұрагер», «Алып» бағдарламалары қарастырылған. Жас мамандар аталған бағдарламалар бойынша тәлімгерліктен өтеді, көшбасшылар мектебінде білім алып, өндіріс тиімділігін арттыру жобаларына қатысып, білімі мен біліктілігін шыңдайды.

– Биыл компания жұмысшы маман­дарға арналған түрлі курстар, оқу, тәжіри­бе алмасу бағдарламаларын өткізіп жатыр. Мына форум да өте жоғары дең­гейде ұйымдастырылған екен. Мен Қызылордадан елордаға осы шараға арнайы келдім. Теміржолшылар әулетіненмін. Әкемнің ізін жалғап, осы теміржол саласында алтыншы жыл еңбек етіп келемін. Біз сияқты жас мамандарға бұл тамаша мүмкіндік, – деді Қызылорда локомотив пайдалану депосының таспа талдау инженері Аяужан Асқарқызы.

Қор тобының жұмысшылары ха­лықаралық деңгейдегі байқауларға қатысып, биіктен көрініп жүр. Мәселен, «AtomSkills», «Хайтек-2025» сынды беделді чемпионаттарда жерлестеріміз 15 жүлделі орынға ие болып, отандық мамандардың кәсіби біліктілігі жоғары әрі бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.

«Самұрық-Қазына» кадрларды даяр­лау қызметін кезең-кезеңімен қалып­тастырып келеді, яғни студенттен бастап білікті маман атанғанға дейін жүйелі жұмыс атқарылады. Бұл ретте қор тобы еліміздің жетекші оқу орындарымен 100-ге тарта меморандумға қол қойған. Мысалы, «Қазақтелеком» – Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетімен, «Қазатомөнеркәсіп» ҚБТУ-мен келісім орнатты. Осылайша, 10 мыңнан астам студент дуалды оқыту бағдарламасы мен қор тобының кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр.

год

Алғаш рет «Атырау мұнай және газ университеті» базасында «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, мұнай-газ саласына арналған оқу-өндірістік полигон ашылды. Мұнда толық өндірістік цикл жағдайында жұмысшы, инженерлік-техникалық кадрлар даярланады.

Биыл қор әлеуметтік жауап­кер­шілікке де көп көңіл бөлді. Ата-ана­ларының қамқорлығынсыз қалған балаларды және әлеуметтік осал са­наттағы жастарды қолдауға бағыт­­талған «Самұрық үміті», «Тәлімгер» жобалары іске асырылып жатыр. Бұл бастамалар аясында Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында балалар үйінің 100 тәрбиеленушісіне қолдау көрсетілді. Бүгінде олардың 38-і колледж­дерде оқиды. Бұдан бөлек, 107 түлек қордың кәсіпорындарында жұмысқа орналасып, еңбек етіп жүр.

Сонымен қатар қызметкерлердің өмір сүру сапасын арттыру компания өкілдерінің басты назарында. «Отбасы банкпен» бірлесіп жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары іске асырылып жатыр. Нақтырақ айтқанда, Екібастұз, Астана қалаларында жұмысшыларға арналған тұрғын үйлер салуға қатысты қанатқақты жобалар басталды. Алдағы уақытта бұл бағдарламаны өзге де өңірлерде іске қосу жоспарланып отыр.

Еңбек қауіпсіздігіне де жіті ден қойылған. Инфрақұрылымды жаңғырту, оқыту, апатты жағдайдың алдын алу шараларының нәтижесінде өндірістегі жарақаттану деңгейі 44%-ға төмендеген. Бұл орайда қор өндіріске цифрлық трансформацияны енгізу жұмыстарын белсенді атқарып келеді. Жыл соңына дейін жасанды интеллект технология­лары кадр үдерістеріне, персоналды басқару, еңбек қауіпсіздігі жүйесіне енгізіледі.

Кадрлық әлеуетті дамытумен қатар, қор аза­маттардың өмір сапасына тікелей әсер ететін ірі инвестициялық жобаларды жү­зеге асырып жатыр. 2025 жылы су, газ тарту, энергетика, логистика, таза энергия са­лаларында жалпы құны 1,1 трлн теңгеден асатын 9 стратегиялық жоба аяқ­талды. Олардың қатарында Кендірлі ауы­лын­дағы су тұщыту зауыты, Caspi Bitum зауыты, «Талдықорған – Үшарал» газ құ­бы­ры, Жаңаөзендегі күн электр стансасы, Ақтаудағы жаңа контейнерлік хаб пен Алматыдағы Zhetysu терминалы бар.

– «Самұрық-Қазына» қоры Жұмысшы маман­дықтар жылын бір реттік науқан емес, ұзақмерзімді стратегия ретінде қарас­ты­рады. Біз алдағы уақытта да осы ба­ғыт­­­тағы жұмыстарды жалғастырамыз, – деді «Самұрық-Қазына» қорының басқа­ру­шы директоры Ғибрат Ауғанов форум барысында.

Шара қорытындысында «Самұрық-Қазына» қоры өндірістік ұжымдардың үздік маман­­дарын, кадр әлеуетін дамыту­ға елеулі үлес қосқан портфельдік компа­ниялар­дың қызметкерлерін марапаттады.

 

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ 

Соңғы жаңалықтар