Сурет: azattyq-ruhy.kz
Мыңдаған адамның жүрегінде із қалдырған ұлы актердің кетуі өлімнің ақиқат екенін түсінетін саналы жанның бәрін сең соққандай етті…
Мынау мазасыз дүниеде безгек тигендей селкілдеп қалдық.
Жүрек сыздағанымен, жан мұздағанымен ажалға қарсы амалымыз жоқ.
Ұлт киносының «Алтын қорына» өлмес рөлдер мен шеберлік үлгісін қалдырған Асанәлі ағамыз өнер қуатымен қазақ халқын әлемге танытты. Оның әрбір рөлі – сахна мен экрандағы шынайы адам тағдыры, қазақ рухының биік бейнесі еді. Өзіне тән өнері мен шеберлігі арқылы ұлттық мәдениеттің қандай болатынын ұқтыра алды. Көзі тірісінде аты аңызға айналған Асанәлі ағаның өнері, ұстаздық шеберлігі ұрпақтан-ұрпаққа жететін баға жетпес мұра. Өз дәуірін қапсыра «құшақтаған» күйі әрбір ойлы көрермен жүрегінің төрінде сақталады. Қайталанбас өнерімен, тағдыр сынағына қара нардай төтеп берген қасиетімен жұрт есінде қалады. «Көреміз» бағдарламасының түсіріліміне таяуда ғана қатысып едік. Сонда: «Ана Жармақты» барлық жерде қоюың керек. Сен өзіңді дәлелдеп келесің ғой», деген-ді…
Мақтау сөзді орынсыз айта бермейтін ағаның ризашылық білдіргені деп қабылдағам. Бәлкім, аманаты…
Алды да, соңы да жарық болғай!
Бекжан Тұрыс,
шәкірті, өнер қайраткері