Саясат • Бүгін, 07:28

E-museum бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде E-museum порталының ресми таныстырылымы өтті. Жоба еліміздегі музейлердің бірыңғай цифрлық кеңістігін қалыптастыру мақсатында, Мемлекет басшысы айқындаған міндет­тер аясында жүзеге асырылып отыр.

E-museum бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді

Қазақстан Республикасы Премьер-министрі­нің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева музей саласы елдің мәдени-рухани дамуы мен тарихи мұрасын сақтау үшін ерекше маңызды екенін атап өтті. Оның айтуын­ша, бүгінде жаһандану мен цифрландыру үде­рісі мәдениет саласына да жаңа талаптар жүк­теп отыр. Осы орайда Мемлекет басшысы мәде­ни мұраны цифр­ландыруға ерекше көңіл бөле­тіні де сөз етілді.

«Ұлттық мұрамызды сақтау, ғылыми айналым­ға ен­гізу және кең ауди­торияға қолжетімді ету – мем­­­лекетіміздің мәдени саясатының басым бағыт­­­тарының бірі. Музей саласын цифрландыру оның халық­аралық дең­гейде танылуына және наси­хат­­­талуына ерек­ше әсер етері сөзсіз», деді А.Балаева.

Бүгінде елімізде 280-нен астам республикалық, өңірлік музей және музей-қорық жұмыс істейді. Музей қорларында 4,5 миллионнан астам экспонат сақталған. Музейлерге жыл сайын 6 миллионнан астам адам келеді.

Айта кетейік, E-museum порталы еліміз­дегі музей қорларын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді. Аталған жоба мәдени құндылықтарды ғылыми тұрғыда сипаттап, халықаралық мәдени кеңістікте таныстыруды мақсат етеді. Сондай-ақ шетелдік музейлермен, ғылыми орталықтармен, мәдени ұйымдармен ақ­параттық, ғылыми ынтымақтастықты дамы­ту­ға ықпал етеді.

Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, нақты нәтиже көрсетті. Мәселен, 2023 жылы жүйеге 33 музей қосылды. 15 мыңнан астам музей экспонаты цифрлық форматқа көшіріліп, 50 үшөлшемді модель жасалды.

Ал 2024 және 2025 жылдар қорытындысы бо­йынша жүйеге еліміздің мемлекеттік музейлері толық енді. Жүйеге еліміздің барлық өңірінен ­252 музей қосылды. Цифрлық каталогке 66 мыңнан астам музей қорының бірлігі енді. 750 үшөлшемді модель әзірленді. Бұдан бөлек көрерменге арналған музей экспозицияларынан тұратын 15 виртуалды тур бар.

Жаңа жоба өңірлік музейлердің әлеуетін арттырып, қашықтыққа қарамастан, мәдени мұраны қолжетімді етуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. E-museum жобасының дамуы еліміздің халықаралық мәдени имиджін нығайтуға сеп болады.

Соңғы жаңалықтар