Инвестициялық серпін
Қор басшысы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, энергия тасымалдаушылар нарығындағы бағаның құбылмалылығына, сыртқы экономикалық жағдайлардың күрделі болуына қарамастан «Самұрық-Қазына» тобы негізгі қаржылық көрсеткіштер бойынша оң динамика көрсетті. Жыл қорытындысында топ активтері шамамен 45 трлн теңгеге жетеді деп болжанып отыр. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 10%-ға жоғары. Сондай-ақ, болжам бойынша, кіріс көлемі 18 трлн теңгеден асып, былтырғы деңгейден 12%-ға артады. Таза пайда 2 трлн теңгеден асуы мүмкін.
Бүгінде «Самұрық-Қазына» тобының инвестициялық портфелінде жалпы құны шамамен 52 трлн теңге болатын 130-дан астам жоба бар. Бұл жобалар мұнай-газ химиясы, энергетика, логистика, коммуникациялар сынды экономиканың стратегиялық маңызды салаларында жүзеге асырылып жатыр.
2025 жылы су, газ тарту, энергетика, логистика, «таза» энергия салаларында жалпы құны 1,1 трлн теңгеден асатын 9 ірі инвестициялық жоба аяқталды. Атап айтқанда:
- Кендірлі ауылында тәулігіне 50 000 м³ су тұщытатын зауыттың құрылысы аяқталды. Сөйтіп Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысының тұрғындары үшін ауызсу тапшылығы мәселесі шешілді;
- Caspi Bitum зауытының қуаты 1,5 есеге артып, жылына 750 мың тоннаға жетті. Бұл ішкі нарықты тұрақты түрде жол битумымен қамтамасыз етеді;
- «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры салынды. Маңызды жобаның арқасында 134 мың адам тұратын 84 елді мекенге көгілдір отын тартылды. Бұл тұрғындардың өмірін жеңілдетіп, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға сеп болды;
- Жаңаөзенде қуаты 50 МВт болатын күн электр стансасы іске қосылып, өңірде «таза» электр энергиясын өндіру көлемі артты;
- Логистиканы дамыту мақсатында Ақтауда жаңа контейнерлік хаб ашылды, Алматыда Zhetysu терминалы жұмысын бастады. Бұл республиканың транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Халықаралық ынтымақтастық нығайып келеді
2025 жылы қордың халықаралық аренадағы рөлі нығайып, шетелдік серіктестерінің қатары біршама толықты. Қазақстан–Қытай іскерлік кеңесі аясында жалпы сомасы 15 млрд доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық құжатқа қол қойылды.
Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары барысында қор ұйымдары бірқатар ірі келісім жасасты. Атап айтқанда, «Boeing» компаниясымен 18 әуе кемесін сатып алу жөнінде келісімшартқа қол қойылса, «Қазақстан темір жолы» «Wabtec» компаниясымен 300 жүк локомотивін жеткізу, оларға сервистік қызмет көрсету туралы уағдаласты. Ал «Қазақтелеком» «Amazon Kuiper» компаниясымен елімізде спутниктік байланыс қызметтерін іске қосуға келісті.
Сонымен қатар Иордания, Моңғолия, Руанда елдерімен ынтымақтастық жөнінде келісімдер орнатылды. Қазақстан Президентінің Жапонияға ресми сапары аясында «Самұрық-Қазына» тобының компаниялары энергетика, жаңартылатын энергия көздері, цифрландыру, тау-кен өнеркәсібі, көлік салаларында жалпы сомасы 1,5 млрд долларды құрайтын 9 құжатқа қол қойды.
Халықаралық серіктестермен бірлескен жобалар ел экономикасын нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашып, өндіріс пен өнеркәсіп саласын дамытуға мүмкіндік береді.
Отандық бизнесті қолдау
Отандық тауар өндірушілерді қолдау қор қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. «Самұрық-Қазынаның» отандық кәсіпорындардан сатып алған тауарлар мен қызметтер көлемі 2023 жылғы 625 млрд теңгеден 2025 жылы 2 трлн теңгеге дейін өсті. Осылайша, қордың сатып алу жүйесі Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы, Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі сынды әлемдік беделді қаржы ұйымдары тарапынан халықаралық озық стандарттарға сай деп танылды.
Әлеуметтік жауапкершілік
Қор қызметіндегі басым бағыттардың бірі – әлеуметтік жауапкершілік. Соңғы екі жылда компаниялар тобы әлеуметтік жобалар мен қайырымдылыққа шамамен 1,5 трлн теңге бөлген. Бұл қаражат медицина мекемелері мен мәдени нысандарды салуға, инфрақұрылым мен спортты дамытуға, инклюзивті білім беруді қолдауға жұмсалды.

Жыл соңына дейін елімізде қордың қолдауымен 55-оңалту орталығы ашылмақ. Бүгінде 1,5 мың балаға арналған 31 инклюзия кабинеті жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ ел көлемінде 740 мың тұрғынды қамтитын 18 спорт кешені халық игілігіне берілді. Сонымен қатар Жұмысшы мамандықтар жылында 10 мыңнан астам студент Қор тобының өндірістік нысандарында дуальды оқыту мен тәжірибеден өтіп жатыр.
Экологиялық бағыттағы «Таза Қазақстан» жобасы аясында 5,8 млн түп ағаш отырғызылды. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы еліміздің шалғайдағы ауыл-аймағын аралап, 100 мыңнан астам адам медициналық және құқықтық қызметтерді тегін алды. Жалпы алғанда, «Самұрық-Қазына» жыл сайын 1 миллиондай адамға қолдау көрсетеді.
Жасанды интеллект – басқарудың жаңа құралы
Бүгінде «Самұрық-Қазына» тобы өндіріс, өнеркәсіптегі қауіпсіздік, технологиялық үдерістерде жасанды интеллект қолданылатын 62 жобаны іске асырып отыр. Корпоративтік ЖИ-ассистенттер әзірленіп, Директорлар кеңесінің мүшесі ретінде басқарушылық, қаржылық материалдарды талдайтын SKAI нейрожелісі енгізілді.
Қор алдағы екі жыл ішінде 70%-ға дейін басқарушылық шешімдерді жасанды интеллектінің қатысуымен қабылдауды жоспарлап отыр. Осылайша, 2026 жылға қарай ЖИ-шешімдерді енгізу есебінен EBITDA көрсеткішін 5%-ға арттыру көзделген.
Келер жылға жоспар
«Биыл «Самұрық-Қазына» тобы үшін маңызды жетістіктер жылы болды, дегенмен алға қойған мақсаттарымыз бұдан да ауқымды», дейді қор басшылығы. Ұлттық қор өкілдері 2026 жылы басқарудағы активтер құнын әрі қарай арттырып, 50 трлн теңгеге жеткізуді көздейді. Сондай-ақ келесі жылы Алматыдағы екінші жылу электр орталығын жаңғырту, жаңа теміржолдар салу, басқа да стратегиялық бастамаларды жүзеге асыру жоспарланған.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ