«Мен бүгін Таразда жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа бардым. Бұл – оңтүстік аймақтарда ашылған осындай алғашқы оқу орны. Мен мектеп-интернатқа осы өлкенің тумасы, әйгілі батырымыз Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынамын. Осындай Бауыржан мектептері барлық аймақта ашылуы керек. Үкімет бұл мәселені пысықтайды. Біз жас ұрпаққа сапалы білім беріп, оларды отаншылдыққа тәрбиелеуіміз қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, күні кеше даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Десе де бүгінге дейін батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген еді. Бүгін Президент жамбылдықтармен кездесуінде Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағы ресми түрде берілгенін және тиісті Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.
Еске салайық, Қарулы күштердің әскери авиациялық базаларында қазақтың ұлы перзенті, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай ауқымды оқу-жаттығу ұшулары өтті.
Қазір Ұлттық ұлан қатарында Бауыржан есімді 249 әскери қызметші Отан алдындағы борышын өтеп жүр.