Саясат • 26 Желтоқсан, 2025

Бастамашыл заңдардың басым бөлігі «Amanat» фракциясына тиесілі

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері осы жылы атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы уақытта қолға алынатын негізгі мақсат-міндеттерді талқылады. Депутаттар Мемлекет басшысының тапсырмалары, сондай-ақ Президент пен партияның сайлау­алды бағдарламалары сапалы әрі уақтылы орындалып жатқанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар заң шығару қызметінің нәтижелері сараланып, алдағы кезеңдегі негізгі міндеттер айқындалды және сайлаушылармен кездесу үшін депутаттардың өңірлік сапарларына дайындығы пысықталды.

Бастамашыл заңдардың басым бөлігі «Amanat» фракциясына тиесілі

Мәжіліс cпикері, «Amanat» партиясы­ның төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, қазір елімізде тарихи өзгерістер жүріп жатыр және партия осы үдерістер­дің алғы шебінде тұр. Биыл Президент­тің қатысуымен алғаш рет ауыл әкімдері­нің диалог-платформасы өткізіліп, онда ел дамуына қатысты маңызды мәселе­лер талқыланды. Бұл алаң – партия әлеуетінің және ел басшылығының оған деген жоғары сенімінің айқын көрсеткіші.

«Президент саясаты – партия жұмы­сының негізгі басымдығы. Сондықтан біз Мемлекет басшысының барлық Жол­­дауларын, реформалары мен бастама­ларын қолдаймыз. Өйткені олар­дың артында мемлекеттік мүдде, азамат­тардың әл-ауқаты және еліміздің тұрақты дамуы тұр. Партия өз жұмысында осыны басшылыққа алады. Осы шақырылым­да депутаттар бастамашылық еткен 98 заңның 88-ін партиямыздың мүшелері әзірледі. Бұл – Мәжілістегі бастамашыл заңдардың 90 пайызы «Amanat» фракциясына тиесілі деген сөз. Осы жоғары қарқынды алдағы уақытта да сақтау қажет», деді Е.Қошанов.

Сонымен қатар партия төрағасы заң шығару үдерісі барысында фракция мүшелері 7 100-ден аса өзгерту мен түзету енгізгенін атап өтті. Олар 728 депутаттық сауал жолдады. Яғни осы шақырылымда Мәжілісте жолданған депу­таттық сауалдардың жартысынан көбісі «Amanat» фракциясының мүше­ле­ріне тиесілі. Бұл сауалдардың барлығы азаматтарды толғандырған өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.

9

Ерлан Қошанов «Жер аманаты», «Цифрлық қоғам», «Қарызсыз қоғам» және «Ауыл аманаты» партиялық жобаларына ерекше назар аударды. Бүгінде осы жобалар белсенді түрде жүзеге асырылып, миллиондаған азаматқа нақты қолдау көрсетіп отыр. Депутаттар бұл жобаларды жүйелі жүзеге асыру ісіне белсенді араласып, олардың мәні мен маңызын халыққа кеңінен түсіндіруге тиіс.

Сондай-ақ Мәжіліс спикері ауыл әкімдерінің диалог-платформасында Президент айқындап берген негізгі міндеттерді жүзеге асыру жұмысын жеделдетуді тапсырды. Атап айтқанда, аудан әкімдерін сайлау және IV деңгей­лі бюджеттерді жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу қажет екені атап өтілді. Бұл мәселелер «Amanat» партиясының Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңесінде ашық әрі жан-жақты қаралуға тиіс. Сондай-ақ фракция шалғай аудан­дар мен шекаралық аумақтарды дамытуға арналған заңның тездетіп қабылдануын қамтамасыз етуі қажет. Бұл осы аудандардың тұрақты әрі кешенді әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жүйелі құжат болуы керек.

9

Жиын соңында партия төрағасы парламентшілердің өңірлерге сапары алдында депутаттарға бірқатар міндет жүктеді. Келесі жылы қаңтар айында сайлаушылармен кездесулер басталады. Сапар барысында депутаттар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен жүздесіп, азаматтарды жеке қабылдайды. Е.Қошанов бұл кездесулер жергілікті мәселелерді ашық талқылауға және қабылданған заңдардың мәнін халыққа түсіндіруге бағытталған мазмұнды диалог форматында өтуге тиіс екенін атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар