Экономика • 26 Желтоқсан, 2025

«Бәйтерек» – экономикалық орнықты дамудың драйвері

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Бәйтерек» холдингі – ел экономикасының тұрақты өркендеуіне серпін беріп отырған стратегиялық құрылым. Мемлекеттік даму институттарын бір арнаға тоғыстырған холдинг кәсіпкерлікті ілгерілетуге, инвестициялық ахуал­ды жақсартуға, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ұдайы үлес қосып келеді. Жақында «Бәйтерек» – ұлттық инвестициялық холдинг болып өзгертіліп, қызмет аясын кеңейте түсті. Ендеше, қайта құрылған бірегей институттың алдағы межелі міндеттері мен атқарған ауқымды жұмыстары жөнінде айта кеткенді жөн көрдік.

«Бәйтерек» – экономикалық орнықты дамудың драйвері

Қаржыландырудың рекордтық көлемі

2025 жылы «Бәйтерек» холдингі тұрғын үй сек­торын қоса алғанда, экономиканың нақ­ты секторын қолдауға 9 трлн теңге бағыт­­тады. Бұл бастапқыда көзделген 8 трлн теңгелік жоспардан асып түсті, оның ішінде 1 трлн теңге – капиталдандыру есебінен жүзеге асырылды. Аталған көрсет­кіш холдинг тарихындағы ең жоғары дең­гей болып, оның ұлттық экономиканың басым салаларын қаржыландырудағы шешу­ші рөлін айқындады. Бұл туралы үкі­мет­тегі брифинг барысында холдингтің бас­қарма төрағасы Рустам Қарағойшин мәлімдеді.

Қаржыландырудың елеулі бөлігі эконо­ми­­каның негізгі секторларына бағытталды. Атап айтқанда, «Даму» қоры арқылы ша­ғын және орта бизнесті қолдауға шамамен 1,9 трлн теңге жұмсалып, 10,6 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Агро­өнер­кәсіптік кешенді дамытуға 1 трлн теңгеге жуық қаражат тартылып, 14,3 мың ауыл шаруашылығы тауарын өнді­ру­ші қам­тылды. Бұл өңірлердегі аграр­лық сек­тор­дың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.

Ірі кәсіпкерлік те назардан тыс қалған жоқ. Холдингтің еншілес ұйымдары – Қазақстанның Даму банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры және «Qazaqstan Investment Corporation» арқылы 3,3 трлн теңгеден астам қаржы бағытталып, 450-ге жуық жоба қаржылық қолдауға ие болды.

Экспорттық әлеуетті дамытуға да ерекше мән берілді. Осы мақсатта холдингтің ен­ші­лес ұйымы – Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі арқылы 630 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 113 экспорттаушы, оның ішінде сыртқы нарыққа алғаш шыққан 18 жаңа компания қолдау тапты.

пп

Халықты қолжетімді әрі сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету ісіне де холдингтің даму институттары айтарлықтай үлес қос­ты. Атап айтқанда, Қазақстан тұрғын үй компаниясы арқылы 678,5 млрд теңге көле­мінде қаржыландыру жүзеге асырылып, тұрғын үй жобаларының іске асуына серпін берілді.

Ал «Отбасы банк» желісі бойынша берілген ипотекалық несиелер көлемі 1,5 трлн теңгеден асып, азаматтардың баспа­­на­ға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтті.

 

Экономикалық өсімге қосылған үлес

Ұлттық экономика министрлігінің баға­лауын­ша, қолға алынған шаралар жыл­дық жалпы ішкі өнім өсіміне 1,3 пайыз­дық тар­­мақ көлемінде үлес қосқан.

Жақында 2026–2028 жылдарға арналған Үкі­меттің, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агенттігінің бірлескен іс-қимыл бағдарламасы таныстырылғаны белгілі. Бұл – алдағы жылдары елдегі эко­но­ми­­калық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, инфля­цияны тежеуге, өндірісті дамы­туға және азаматтардың өмір сүру дең­гейін арт­ты­руға бағытталған маңызды құжат бол­ға­лы тұр.

– Аталған бағдарламада «Бәйтерек» холдингіне негізгі рөл жүктелген. Іс жүзінде холдинг Үкіметтің экономикалық саясатын іске асыратын басты құралдардың біріне айналады. Екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, қаржыландыруды өнеркәсіпке, бизнеске, ауыл шаруашылығына және инфрақұрылымға бағыттаймыз, – деді холдинг басшысы.

«Бәйтерек» холдингінің басты басым­дық­­тарының бірі – отандық кәсіпкерлікті да­мыту. Мемлекеттік қолдау тетіктері арқа­сында мыңдаған кәсіпкер несібесін кәсіп­тен тапты. Кәсіпкерлерді қолдауда «Даму» қоры арқылы іске асырылып жат­қан «Өрлеу» бағдарламасының да маңызы үлкен.

18 желтоқсандағы жағдай бойынша бағдарлама аясында 1,9 мыңға жуық ша­ғын және орта бизнес жобасы 505 млрд теңге сомасына қаржыландырылып, 1 665 кәсіпкерге қолдау көрсетілді. Бұл бағдарламаның ел көлемінде кең ауқымды қамтуды қамтамасыз еткенін көрсетеді.

Бағдарламада мемлекеттік кепілдіктер ма­ңызды рөл атқарады. Биыл 566 кепілдік беріліп, олардың жалпы сомасы 79 млрд тең­гені құрады. Бұл бизнеске кепіл мүлік же­тіс­пеген жағдайда да несие тартуға мүм­кіндік берді.

«Жыл соңына дейін қосымша 108 млрд теңгені игеріп, 400-ге жуық кәсіпкерді қолдауды жоспарлап отырмыз. Осылайша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бағдарлама шеңберіндегі қаржыландыру көлемі 613 млрд теңгеге, ал қарыз алушы­лар саны 2 мыңнан асады. 2026 жылы бағдарлама жалғасып, ауқымы кеңейеді – 1 500 кәсіпкерді қолдау көзделіп отыр», деп атап өтті Рустам Қарағойшин.

Сондай-ақ осы жылдан бастап «Даму» қоры базасында ірі инвестициялық жобалар мен шағын және орта бизнесті несие­леуге арналған екі кепілдік қоры іске қосылғанын атап өткен жөн. Ірі бас­та­маларды қолдайтын кепілдік тетігі 7 млрд теңгеден басталатын жобаларды қам­тиды. Аталған кепілдік қорлар арқылы 2,4 мыңнан астам жоба қолдау тауып, кре­диттердің жалпы көлемі 424 млрд теңгеден асты.

 

Жаңа инвестициялық модель

Ішкі нарықты импортқа тәуелді тауар­лар­дан арылту мақсатында «Инвес­ти­ция­­­ларға тапсырыс» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бастамада «Бәйтерек» хол­дин­гі қаржылық оператор ретінде жобаларды сүйемелдеп, өңірлердегі өндірістерді іске қосу үшін инвес­тиция тартуды қамтамасыз етеді.

Мемлекет, өңірлер және қаржы институттары арасындағы өзара іс-қимылдың бірыңғай экожүйесі қалыптастырылды. Негізгі басымдықтар – импортты алмас­тыру, отандық өндірушілерді қолдау, энер­ге­тикалық және көлік инфрақұры­лы­мын дамыту.

«Орталық мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, еліміздің барлық 20 өңірінде жұмыс жүргіздік. Қайталанатын жобаларды алып тастау нәтижесінде 1 500 жобаға жуық, жалпы құны 87 трлн теңге болатын бірыңғай инвестициялық портфель қалыптасты. Бұл 2026–2032 жылдарға арналған елдің базалық инвестициялық қоры ретінде қарас­тырылады», деді холдинг басшысы.

Портфель құрылымында өңдеу өнер­кә­сібі мен инфрақұрылым жетекші орын алады – тиісінше 39,1 трлн және 39,7 трлн теңге. АӨК жобаларының үлесі 8,2 трлн теңге, яғни жалпы көлемнің шамамен 9 пайызы.

Брифинг барысында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингін инвестициялық холдингке трансформациялау мәселесі де қозғалды. Бұл – Мемлекет басшысының нақты секторды қолдауды күшейту және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған.

Трансформация аясында Холдинг инфрақұрылымдық, индустриялық және экспорттық жобаларды қолдау функция­ларын кеңейтіп, капиталды проактивті тартуға, ішкі өндірісті дамытуға және импортты алмастыруға басымдық береді.

2026 жылы Үкімет Холдингті капиталдандыруды жалғастырып, осы мақсатқа 1 трлн теңге бағыттайды. Бұл өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін кеңей­те­ді. Сонымен қатар Холдинг ішкі және сыртқы қаржы нарықтарынан жыл сайын 7 трлн теңгеге дейін қаражат тартуды жос­пар­лап отыр.

Алдағы жылдары қаржыландыру көле­мін ұлғайту, бизнестің айналым қара­жатына да, ұзақмерзімді инвести­ция­ларға да қолжетімділігін арттыру көзделген. Тау-кен металлургиясы, машина жасау, мұнай-газ химиясы, энергетика, туризм және тамақ өнеркәсібі салаларында 15–20 ірі жүйеқұраушы жоба қолдау табады. Аграрлық секторда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобаларына ерекше назар аударылады.

Инвесторлар мен бизнес үшін бірың­ғай инвестициялық терезе құру жос­пар­ланып отыр. Бұл жобаларды іріктеу, құрылымдау, сүйемелдеу және бақы­лауды бір алаңда жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Осылайша, жаңа инвести­ция­лық модель «Бәйтерек» холдин­гінің ел экономикасын жедел әрі сапалы дамытудағы рөлін күшейтеді әрі жаңартылған инвестициялық саясат экономикалық өсудің басты қозғаушы күштерінің біріне айналдырмақ.

Соңғы жаңалықтар

Атырауда базар өртенді

Оқиға • Бүгін, 09:30