Мәдениет және ақпарат министрлігінің айтуынша, ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра орталығына Қазақстан тарапынан екі аталымға құжаттар жолданған. Атап айтсақ, «Маңғыстаудағы жерасты мешіттері» және «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық жобасы.
Сондай-ақ Түркістан қаласында өткен «Заман мен мәдениет диалогіндегі Ясауи мұрасы» атты халықаралық симпозиумына 15 елден жүзге жуық ғалым қатысқан еді. Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымдастырылған форум қала мәртебесін Түркі әлемінің ғылыми орталығы ретінде нығайтты. Айта кетейік, қазіргі таңда Қожа Ахмет Ясауи кесенесін ғылыми қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Министрліктің хабарлауынша, елімізде алғаш рет Қарахан, Айша бибі, Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне, көне Отырар қалашығында заманауи цифрлық жүйелер орнатылады. Яғни цифрландыру аясында электрондық билет сату жүйелері, өздігінен қызмет көрсету терминалдары, турникеттер, жасанды интеллектімен жабдықталған бейнекамералар және басқа да заманауи құралдар қойылады.
Тарихи-мәдени мұраны сақтау аясында биылғы жаңалықтың бірі әрі бірегейі «E-museum» порталы болып отыр. Жоба еліміздегі 285 музей қорын біріктіріп, 66 мыңнан астам экспонат қолжетімді болады. Порталда үш өлшемді модельдер мен виртуалды турлар бар. Сонымен қатар бастама тарихи мұраны сақтау мен оны халықаралық мәдени кеңістікте кеңінен танытуды мақсат етеді.
Жылдың тағы бір маңызды жобасы – «E-кино» жүйесі. Мұнда кинотеатрлардағы көрсетілімдер біртұтас цифрлық есепке алынады. Платформаға 68 кинотеатр қосылған. Жүйе арқылы 20 310 билет сатылды. Жоба нарықтағы ашықтықты арттырып, ұлттық кино жұмысын талдауға мүмкіндік береді.
Мәдениет ұйымдары да электрондық билеттерді, өздігінен қызмет көрсету терминалдарын және заманауи бақылау жүйелерін енгізіп жатыр. Бұл өзгерістер қызмет көрсету сапасын арттырып, келушілер статистикасын есептеуге сеп болады.