Мәселе • Бүгін, 09:08

Су қауіпсіздігі өзара сенімге тәуелді

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Су ресурстары XXI ғасырдың ең күрделі геосаяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің біріне айналды. Климаттың өзгеруі, халық санының артуы, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің суға тәуелділігі мемлекеттер арасындағы трансшекаралық су қатынастарын барынша шиеленістіріп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ашхабад форумында БҰҰ жүйесінде су мәселесімен тікелей айналысатын арнаулы халықаралық ұйым құру қажеттігі туралы көтерген бастамасы – осы жаһандық сын-қатерлерге берілген уақтылы әрі жүйелі жауап.

Су қауіпсіздігі өзара сенімге тәуелді

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазақстан үшін су мәселесі тек экологиялық немесе экономикалық проб­лема ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен өңірлік тұрақтылықтың стратегиялық факторы болып отыр. Әсіресе транс­шекаралық өзендерге тәуелділік жағ­дайында бұл мәселенің мәні арта түседі.

Қазақстан аумағындағы су ресурс­та­рының едәуір бөлігі шекаралас мемлекеттер аумағында қалыптасады. Ірі өзендердің басым бөлігі – Сырдария, Іле, Ертіс, Шу, Талас – трансшекаралық си­патқа ие. Бұл өз кезегінде су пайдалану мәсе­лесін тек ұлттық деңгейде емес, көр­ші елдермен келісілген саясат аясында шешуді талап етеді.

Су тапшылығының күшеюі оңтүстік өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауыл шаруашылығының өнім­ді­лігіне, энергетикалық қауіпсіздікке тіке­лей әсер етеді. Сондықтан Қазақстан үшін трансшекаралық суларды әділ әрі ор­нықты басқару – ұзақмерзімді даму стратегиясының өзегі.

Қазақстан-Өзбекстан су қатынастары айрықша стратегиялық маңызға ие. Екі мемлекетті өзара тығыз байланыстыратын негізгі су артериясы – Сырдария өзені. Бұл өзеннің суы миллиондаған халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, суармалы егіншіліктің, әсіресе күріш, мақта және бақша дақыл­дарын өсірудің, сондай-ақ энерге­тика саласының тұрақты жұмыс істеуіне тікелей ықпал етеді. Сондықтан Сырдария мәселесі екі ел үшін де тек экологиялық немесе шаруашылық проблема емес, әлеуметтік-экономикалық және саяси маңызы бар фактор саналады.

Сонымен бірге екі ел арасындағы су қатынастарында шешімін толық тап­паған түйткілдер де жоқ емес. Ең алдымен, бұл – трансшекаралық су ресурстарын әділ әрі теңгерімді бөлу мәселесі. Веге­тациялық кезеңде Өзбекстан тара­пынан суды жоғары көлемде алу фак­ті­лері жиі байқалып, Қазақстанның тө­менгі ағысындағы аймақтарда, әсіресе Қызылорда облысында су тапшылығы сезіледі. Бұл өз кезегінде егіннің өнімді­лігіне, экологиялық жағдайға және жер­гілікті халықтың әлеуметтік ахуалына кері әсерін тигізеді.

Тағы бір өзекті проблема – суқойма­лары мен гидротехникалық нысан­дардың жұмыс режімін келісу. Кей жағдайларда өзбек тарапы ішкі экономикалық мүд­делерін алға тартып, суды жинау неме­се босату кестесін біржақты реттеуге ұм­тылатыны байқалады. Мұндайда «көр­пені өзіне тарту» аймақтық серіктестік рухына қайшы келіп, өзара сенімге сызат түсіреді. Су – бір елдің ғана емес, ортақ ресурс екенін ескермей, қысқамерзімді пайдаға басымдық беру ұзақмерзімді тұрақтылыққа қауіп төндіреді.

Сонымен қатар климаттың өзге­руі, мұз­дықтардың азаюы және су ресурс­та­рының табиғи қысқаруы жағ­дайын­­да бұл мәселелер одан әрі ушығуы мүм­кін. Осындай күрделі кезеңде Қазақ­стан мен Өзбекстанның алдында тұр­ған бас­ты міндет – су мәселесін саясиландырмай, халықаралық құқық нормаларына, өзара міндеттемелер мен ашық диалогке сүйене отырып шешу. Тек осы жағ­дай­да ғана Сырдария екі ел ара­сын­да­ғы келіс­пеу­шілік көзі емес, кері­сінше, өңірлік ынты­мақ­тастық пен тұрақты дамудың тірегіне айнала алады.

Кейінгі жылдары Қазақстан мен Өзбек­стан арасында су саласындағы диалог жанданып, бірқатар келісімге қол жеткізілді. Дегенмен мәселенің жүйелі шешімі институционалдық тетіктерді күшейтуді, ғылыми негізделген квоталау мен ортақ мониторингті талап етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаһандық су ұйымын құру туралы ұсынысы – тек халықаралық деңгейдегі реформа емес, Орталық Азиядағы су проблемаларын жүйелеудің де тиімді құралы. Егер UN-Water ведомствоаралық тетігі толыққанды арнаулы агенттікке айналса, трансшекаралық су дауларын реттеуде бірыңғай стандарттар мен міндеттемелер қалыптасар еді.

Бұл бастама Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы су қатынастарын да жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Халықаралық ұйым аясында ғылыми сараптама, деректердің ашық­тығы, тәуелсіз бағалау механизмдері іске қосылса, сенім факторы күшейіп, біржақты шешімдер қаупі азаяды.

Алдағы сәуір айында Астанада өтетін Аймақтық экологиялық саммиті Қазақ­станның су дипломатиясындағы белсенді рөлін айқындайды. Бұл алаңда жаһандық су ұйымын құру жөніндегі консультациялық үдерістің басталуы – Орталық Азия елдері үшін ортақ саяси ерік-жігерді қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Өзбекстанмен бірлесе отырып, су ресурс­тарын бірлесіп басқару, Арал теңізі бассейнін қалпына келтіру, су үнемдеу технологияларын енгізу секілді бастамалар осы саммиттің нақты нәтижесіне айналуға тиіс.

Қорытындылай келе айтсақ, транс­шекаралық су мәселесі Қазақстан үшін абстрактілі ұғым емес, күнделікті дамуға әсер ететін өткір шындық. Өзбекстанмен арадағы су қатынастары бұл мәселенің қаншалықты өзара тәуелді және сая­си тұрғыдан сезімтал екенін айқын көрсетеді. Мемлекет басшысының жа­һан­дық су ұйымын құру жөніндегі бас­тамасы – ұлттық мүддені халықаралық жауап­­кершілікпен ұштастырған стра­тегия­лық көзқарас.

Ортақ саяси ерік-жігер, аймақтық сенім және халықаралық институционалдық қолдау болған жағдайда ғана Орталық Азиядағы су түйткілдері жүйелі түрде шешіліп, су ресурстары қақтығыс көзі емес, ынтымақтастық факторы бола алады.

 

Руслан ДҮЙСЕНОВ,

мемлекеттік басқару саласының сарапшысы

Соңғы жаңалықтар