Медицина • 29 Желтоқсан, 2025

Алматы облысында жаңа клиника жұмысын бастады

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында 324 маман қамтылған және заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған жаңа емхана бой көтерді. Нысанның ашылу салтанатына басқарма басшылары, жергілікті атқарушы органдар және медицина саласының ардагерлері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы облысында жаңа клиника жұмысын бастады

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жиналған қауымды жаңа денсаулық сақтау мекемесінің ашылуымен құттықтап, заманауи талаптарға сай жабдықталған емханада тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге толық мүмкіндік барын атап айтты.

«Денсаулық сақтау жүйесін дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы әсіресе өңірлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмекті нығайтудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Осы жобаның жүзеге асырылуы – сол жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Бұл емханада медицина қызметкерлерінің сапалы әрі нәтижелі жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Соның арқасында, әрбір тұрғынға сапалы медициналық көмек уақытылы көрсетіліп, аурулардың алдын алу, ерте анықтау және тиімді емдеу толық қамтамасыз етілетініне сенімдімін», деген өңір басшысы емхананың құрылысын сапалы әрі уақтылы жүргізген мердігер «AK Construction» компаниясына зор алғысын білдірді.

Заманауи жаңа емхана ауданның 200 мыңнан астам халқына қызмет көрсетуге лайықталған. Күніне 250 адам қабылдауға қауқарлы. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған және алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің барлық талаптарына сай келеді. Мұнда жоғары технологиялы диагностикалық аппараттар, цифрлық рентген, ультрадыбыстық зерттеу құрылғылары, зертханалық талдау жүйелері, телемедицина мүмкіндіктері және жедел медициналық көмекке арналған заманауи жабдықтар орнатылған. Мекеменің штаттық құрамында барлығы 324 қызметкер бар. Оның ішінде 98-і дәрігерлік персонал болса, олардың 66-сы бейінді мамандар. Орта медициналық персонал саны – 194 адам, кіші медициналық персонал – 24. Сонымен қатар, өзге бағыттағы 8 қызметкер еңбек етеді.

Қазіргі уақытта Алматы облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 38 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 13 дәрігерлік амбулатория, 14 фельдшерлік-акушерлік пункт және 11 медициналық пункт бар. Жобалардың жалпы құны 8,2 млрд теңгеден асады. Бүгінде 38 нысанның 12-сі пайдалануға берілді, қалғанын жыл соңына дейін беру жоспарлануда.

Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар

Алматыға кіру ақылы бола ма?

Аймақтар • Бүгін, 11:34