Суреттерді түсірген – Валерий БУГАЕВ
Мәселен, Торайғыров көшесіндегі орталық қалалық кітапханалар жүйесінде 270 мыңнан астам кітап бар. Ал цифрлық жүйеде 85 мыңы енгізілген. Бүгінде ағаш сөрелерінің орнына 2 мыңнан астам кітап сыятын 16 қозғалмалы сөре орнатылған.
Мердігерлік ұйымның өкілі Александр Цойдың айтуынша, кітапханада орнатылған өзін-өзі басқару терминалы арқылы кітапханашының көмегіне жүгінбей-ақ, Алматы кітапхана жүйесіндегі кітаптарды да онлайн оқу мүмкіндігі бар. Бұған жаңа жабдықтағы RFID-технологияның енгізілуі себеп. Осыдан бірнеше жыл бұрын кітаптарды штрих-код арқылы тіркесе, бұдан былай аталған әдісті қолдану арқылы оқырман таңдаған кітабын үй жағдайында да оқи алады.

– Кітапханалардың мазмұндық әлеуетін барынша арттырып, балалар мен жастарды белсенді тартуды тапсырдым. Олар қала тұрғындары үшін тартымды рухани орталыққа айналып, оқу мәдениеті мен білімге құштарлықты қалыптастыратын маңызды кеңістік болуы тиіс. Қазіргі уақытта сұранысқа ие әдебиеттерге қызығушылық таныту керек. Әсіресе қаржылық сауаттылықты дамыту мақсатында экономика, кәсіпкерлік бағытта ізденген абзал. Ол отбасылық бюджетті қадағалауға, сондай-ақ алаяқтарға алданбауға септігін тигізеді, – дейді өңір басшысы Асайын Байханов.
Сондай-ақ облыс орталығындағы Мүбәрак Жаманбалинов атындағы балалар кітапханасы да жаңартудан өтті. Мұнда оқу залы, мәжіліс залы және балалар бөлімдері бар. Жаңартылған ғимаратта оқушылардың ыңғайына қарай қозғалмалы жиһаздар мен сөрелер, жұмсақ дивандар орнатылған. Сондай-ақ театр сабақтарына арналған шыны қабырға құрылған. Яғни ата-аналар балаларының дайындығын өз көзімен көре алады.
Павлодар облысы