Экономика • Бүгін, 08:05

Арнайы аймақтың адымдары

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Петропавл қаласының аумағында «QYZYLJAR» арнайы экономикалық аймағы 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Биылғы 10 маусымда Премьер-министр Олжас Бектеновтің Қаулысымен бұрынғы құжатқа өзгеріс енгізілді.

Арнайы аймақтың адымдары

«Qyzyljar» АЭА алдымен отандық «Даму» қорының қолдауымен құрылған. Содан бері өзінің өндірістік қуатын арттырып, шетелден инвестиция тартумен айналысып келеді. Былтырғы жылдың аяғында облыс әкімі Ғ.Нұрмұхамбетов бастаған делегацияның құра­мында «Qyzyljar» АЭА басшысы Д.Шарапиденов те Қытай Халық Республикасының Сиань қаласына барып, қытайдың Xian Ya’ao Agricultural Machinery Co., Ltd және Чан-Ба халықаралық портымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып келген. 

Ал жуырда елімізге Эстония Прези­денті Алар Каристің ресми сапары аясында «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы – «Nord Panels» ЖШС Эстонияда фанер зауытын ашатыны туралы келісімге қол қойылды. Сөйтіп, отандық кәсіпорын Эстонияның Силламяэ портындағы өнеркәсіптік әле­уетті дамыту мен оның аумағында фанер зауытын салу жөнінде инвестициялық жобаны іске асыру туралы келісім жасас­ты. «Nord Panels» үш жыл ішінде кем дегенде 5 млн еуро инвестиция салып, фанера шығаруды жолға қоюды және жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Болашақ кәсіпорын Еуропалық сапа және экологиялық қауіпсіздік стандарттарын сақтай отырып, жылына 30 000 м³ өнім өндіретін болады.

Сонымен бірге Солтүстік Қазақстан облысы мен Эстония арасындағы сауда байланыстары жыл сайын нығайып келе жатқанын да айта кету керек. 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында өзара сауда көлемі 5,9 млн долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге артты.

«Qyzyljar» АЭА жалпы жағдайына тоқтала кететін бол­­сақ, қазір оның аумағы облыс аудандарындағы субзоналарымен қоса есептегенде, 762 гектарға дейін созылған. Оның 22 қатысушысы бар, салынған инвес­тиция көлемі 317,1 млрд теңгеге жеткен. Осы аймақтың арқасында өңірімізде жаңадан 4 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Келіп жатқан инвесторлардың біразы шетелдіктер.

Бүгінде АЭА қатысушы 22,4 млрд теңгеге іске асырылған 5 жоба тұ­рақты жұмыс істеп тұр. Олардың қата­рында трансформатор және т.б. электр өнімдерін шығаратын «Алагеум Электрик» электротехникалық зауыты 300-ден артық жаңа жұмыс орнын ашып, өзінің жұ­мыскерлеріне жатақхана да салып берген.

Комбайндар мен басқа да ауыл шаруа­шылығы техникаларын құрастыратын CLAAS кәсіпорны 100-ден аса жұмыс орнын ашты, жыл бойы 600 дана өнім шығарады. «Қазтехмаш» машинажасау зауыты осы уақытқа дейін SAMPO комбайндарын шығарып келген, биылдан бас­тап LiuGong 777A экскаватор-артқышын шығаруды қолға ала бастады. Жоба толық іске асырылғанда жаңадан 70 жұмыс орны ашылмақ. Неміс бренді  Reimann компаниясы да «Qyzyljar» АЭА қатысушы болып енген. Қазір ол жылына 150 дана ауыл шаруашылығы техникаларын шығарады.

Бүгінде «Qyzyljar» АЭА аумағында инвестиция көлемі 275 млрд теңге болатын 17 ин­вес­тициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл 3 100-ден артық жаңа жұмыс орны ашылады деген сөз. Соның ішінде 380 жаңа жұмыс орнын құрады деп жос­парлап отырған «Бейкертон» ЖШС да бар. Осы ресейлік фирма 37,3 млрд теңгенің жобасын іске асыруда. Толық қуатына енгенде зауыт жыл сайын 15 мың тонна өнім шығармақ. Серіктестіктің бас мердігері – отандық «BI-Индастриал» компаниясы.

Тағы бір ресейлік «Уралкран» компаниясы «KazCraneEngineering» көлікпен көтеру крандарын шығаратын жобаны іске асырды. Инвестиция көлемі 2 млрд теңге болған бұл кәсіпорын жылына 100 дана түрлі крандар шығарады. Қазір компания басшылары жер қойнауын пайдаланатын кәсіпорындарға өз өнімдерін өткізу туралы келіссөздер жүргізуде. Ал «ECO GLADE» компаниясы жеуге жарамды саңырауқұлақтардың әртүрлі түрлерін өсірумен және өңдеумен айналысатын 11,5 млрд теңгенің жобасын іске асыруда. Кәсіпорын толық күшіне енгенде жылына 6 400 тонна саңырауқұлақ түрлерін шығарып, өңірді толық қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Қытайдың Шаньдундық компаниясы да Қызылжар өңірінде ауыл шаруашылығы техникалары және суару жүйесін жасайтын кәсіпорын тұрғызып жатыр. Жобаның құны – 2 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 1 мың дана өнім шығарып, 50 жұмыс орнын ашады деп жоспарланған.

Қызылжарда араб әлемі­нің эконо­микадағы озық елде­рінің бірі Қатардың да компа­ниясы жүр. Қатарлық «Ultra­decorTradingKazakhstan» атты бұл ком­пания бізде ультрадекор атты жоғары сапалы ағаш өнімдерін жасайтын кәсіп­орын салып жатыр. Жобаның құны – 90 млрд теңге, жылдық қуаты 10 млн шаршы метр ағаш өнімдерін шығарады. Бұл жобаны іске асыруға 75 гектар жер бөлінген, толық қуатына жеткенде 180 жаңа жұмыс орнын ашады.

«Qyzyljar» АЭА-ның Тайынша ауданындағы субаймағында Қытай кәсіп­керлері ауыл шаруашылығы өнім­дерін шығаратын кәсіпорын ашқан. Қазір оның өнімдері Қытайға экспортталуда. Сондай-ақ Ғабит Мүсірепов ауданында ашылған екінші субаймақта да ауыл шаруалығы шикізаттарын тереңнен өңдейтін кәсіпорындар салу қолға алынған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Тәртіпті тізгінші

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:58

Жұмыс орны және өңірлік карта

Аймақтар • Бүгін, 09:55