Қоғам • Бүгін, 07:30

Алма мен Аяз ата

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматылықтар жаңа жылға бұрынғыдан да ерекше даярланды. Панфилов көшесіндегі мереке Абай алаңындағы думанға ұласты. Абай алаңында думан екі күнге жалғасты. «Алматы әуендері» мекемесінің шығармашылық ұжымы дайындаған «Кел, жаңа жыл!» атты ауқымды концерт алматылықтар мен туристерді бір жерде басын қосты.

Алма мен Аяз ата

Концерттік бағдарламаның сәні мен салтанатын асыруға елге танымал Бақтияр Тайлақбаев, Өктем Алтаев, Тахмина Әшімбекова, Жұбаныш Жексенұлы, Марта Төлеп­берген, Асхат Тарғын, Бейбітгүл Нұрым­хожина, Димаш Дәулетов, Абик Жексен, Ғарифа Игісінова, Ерік Төленов пен DARO сынды белгілі өнерпаздар үлесін қосты.

«Панфилов көшесіндегі жаңа жыл» қалалық фестиваль үш метрлік қуыр­шақтар қатысқан «Алма мен Ата» атты бірегей көшелік театрландырылған шоуға ұласты. Алып қуыршақ-қаһармандар актерлермен бірге мейірім, жарық пен адам жүрегінің күші туралы әсерлі оқиға ұсынды. Иммерсивті форматтағы қойы­лым аншлагпен өтті.

«Бұл біз өмір сүріп жатқан қала, адамдар және әркім өз қолымен жасай алатын шуақ туралы фестиваль. Біз Алматының шынайы болмысын – жылы, ашық және достық рухын қайта сезінгіміз келді», дейді жоғарыдағы жобаның продюсері Майра Измайлова.

Фестиваль аясында жас музыканттар байқауы ұйымдастырылып, жас дарындар, жанды дауыстар мен көрермендердің ерек көңіл күйі алаңды шаттыққа бөледі.

Сол сияқты 27 желтоқсаннан бастап фес­тиваль аумағында «Snow Park» қыс­қы паркі жұмысын бастады. Бұл тау шаңғысы мен сноубордтағы фристайл әуесқойларына арналған арнайы аймақ. «Snow Park» 4 қаңтарға дейін күн сайын жұмыс істейді.

Ал «Эко-шырша Алматы» аллеясы қонақтардың ерекше қызығушылығын туғызды. Қайта өңделген және екінші реттік материалдардан жасалған арт-шыршалар көрмесіне open-call арқылы 30-дан астам өтінім түсіп, финалға 15 жоба өтті. Әр финалиске идеясын жүзеге асыру үшін 100 мың теңге көлемінде грант берілді.

«Игі істері киіз үйі» қайырымдылық акциясы фестивальдың әлеуметтік өзегіне айналды. Қонақтар қолдауға мұқтаж балалар мен ересектердің арманы жазылған хаттарын оқып, тілектерін орындауға мүмкіндік алды.

Соңғы жаңалықтар