Мерекелік кеште ертегі кейіпкерлері балаларға жылы сөзін арнап, қызықты ойындар ойнатты. Балалардың шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл күйі сахнаны жадыратып, бірге Аяз ата мен Ақшақардың келуімен жаңажылдық ертегі одан әрі жалғасты. Сахнада «Аяз ата» әні шырқалып, Аяз ата ортаға қайта оралды. Балалар қуанып, мерекенің көрігі қыза түсті.
Аяз ата мен Ақшақар бастап шыршаның әсем шамдары жағылды. «Шырша жыры» әні шырқалды. Іс-шарада көңілді кешті балалармен бірге тамашалауға келген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ортаға шығып, балаларды құттықтап, сыйлықтар тапсырды.
Өңір басшысының қолынан бағалы сыйлық алғандардың қатарында Лиля Гузатова мен Арман Қалдыбек бар. Олар 80 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Мұндай сыйлық пен сертификат 100 баланың барлығына берілді. Облыс басшысы балалармен бірге естелік суретке түсті.
ТАРАЗ