Бұл шығармада кейіпкер Балрам Халвайи өз оқиғасын Қытай премьері Вэнь Цзябаоға жазған, бірақ ешқашан жібермеген хаттары арқылы баяндайды. Вэнь Цзябао Үндістанға кәсіпкерлерді қалайша табысты даярлай алатынын білу үшін сапармен келмек болады. Соны естіген Балрам қазіргі Үндістанда билік пен ықпалға қалай қол жеткізуге болатынын оған түсіндіріп беруді жөн көреді. Алайда Балрамның әңгімесі – парақорлық, жемқорлық, айла-шарғы, жол кептелістері, ұрлық пен кісі өлтіруге толы хикая. Қалай болғанда да, Балрам өз оқырманына сары нәсілділер мен қоңыр нәсілділер ақ нәсілділерден әлемдік үстемдікті тартып алады деп сендіреді. Бұл роман осыдан он бес жыл бұрын халықаралық Букер сыйлығын алыпты. Шығарма үшін бұл үлкен жетістік.
Сөйтіп, «Ақ жолбарыстың» кезекті он бес бетін оқып, сәл тыныстап отыр едім. Әлдебір әлеуметтік желіден «жазушы Төлен Әбдіктің шығармалары мен Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» атты романы халықаралық Букер сыйлығына ұсынылады екен» деген ақпаратты көзім шалды. Міне, ғажап! Сондағы менің басыма келгені мынау: «Қашанғы шетел жазушыларының кітаптарына тамсанып жүре бермекпіз, біздің қаламгерлердің де шығармаларын әлем оқысын», деген мағыналы ой.
Қош, бұл да бір жақсы бастама емес пе? Ғасырлар бойы өз қазанымызда бұрқ-сарқ етіп қайнағанымыз да жетер. Ендігі бекет – әлем оқырманы. Бірақ қазақ әдебиеті үшін қуанатын, сүйіншілейтін сәт туса деп армандап жүргендер жалғыз болмауы тиіс. «Ағыраптағы аты жоқ адам» – күрделі роман. Шаңырағы шайқалған отбасының қанқұйлы тағдырын туындысына арқау ету арқылы қаламгер үйсіздіктің азабын тартқан бүгінгі тұтас қоғамды суреттеуге тырысқан. Автордың айтуынша, көпшілікті қызықтырған – кітап атауы. «Ағырап – жұмақ пен тозақ арасындағы мекен. Қиямет таразысында жақсылығы мен жамандығы тең тартқан құлдар жұмаққа бара алмайды. Тозаққа да түспей, сол ағырапта қалады. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімнің «Ағырап» сүресінде де айтылған. Осы жауапты естіген оқырманымның бірі «Ағырап мекенінің астарында сіз бен біздің де қазіргі кеңістігіміз бар секілді» депті. Мен ол оқырманның ойымен мүлде келіспеймін. Біздің Отан жер бетіндегі жұмақ мекенге айналуы керек. Солай боларына сенейік», дейді кітап авторы.
Ал ендеше, жұмақ пен тозақ арасындағы мекенді алыс-жуықтағы оқырманға бір кейіпкердің көзімен баяндап беру үшін, әрине Мұхтар Әуезов секілді тереңдік, Хемингуэй стиліндегі жазушылық шеберлік, Маркес сынды әңгімешілдік керек шығар. Ол да біздің қаламгерлерден табылары сөзсіз. Аталған жаңалықты жұртқа жария еткен Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов «біз бұл шығармаларды әлемдік аудиторияға, сосын әлемдік сыйлыққа ұсынуға дайындалып жатырмыз» деген екен. Осындай жақсы жаңалықты жұртпен бөлісудің өзі де бір ғанибет емес пе?
Ал енді Нобель туралы айтайық. Бұл сыйлыққа да қазір қазақтың құлағы ептеп үйрене бастады. Өткенде аталған алпауыт сыйлыққа Олжас Сүлейменовті ұсыну мәселесі талқыланды. Бұның бәрін сәйкестік дейміз бе, жоқ па, оны оқырман өзі саралай жатар. Олжас сынды айтулы тұлғаның әлемдік сыйлыққа ұсынылуы да біз үшін қуанатын дүние. Қалай десек те, бір жылда үш бірдей қазақ қаламгерінің әлемдік сыйлыққа ұсынылуы қазіргі қазақ әдебиетінің деңгейі мен биіктігін көрсетеді. Осындайда Румидің «жолға шық, жол өзі апарады» деген сөзі еске түседі. Біз тамсана оқып жүрген тамаша шығармалардың бәрі де Букер мен Нобель сапарын тәй-тәй қадамнан бастаған. Ал сол үрдіс енді біздің қаламгерлердің шығармашылық әлемінде жалғасып жатса, несі айып? Әдебиетіміз үшін биылғы жыл осындай қадаммен есімізде қалса игі еді.