«…Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның даусы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады» деп басталушы еді ғой әйгілі «Әнші» әңгімесі. Әміре туралы Жүсіпбек Аймауытовтан артық асырып айту мүмкін бе, сірә? Оның үні – ғасырда бір туатын ғажап дауыс, ал өмірі – өксік пен өкінішке толы трагедиялы тағдыр. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтің режиссерлік сараптауы аңыз тұлғаның дәл осы қырына тереңірек үңіліпті. Әміренің әншілігінен бөлек, адами болмысын, даңқ шыңына көтерілген жұлдызды шағымен қатар, өмірінің соңғы сәтіндегі арман мен мұңын қатар өріп, келешек ұрпақ үшін өнегелі өнер тудырыпты.
Алғашында моноспектакль болып қойылған туындыны, шығармашылық топ кейінірек кейіпкерлермен байытып, музыкалық драма етіп жаңаша сөйлетіпті. Десе де, қос қойылымды да салыстырып көруге мүмкіндік туған көрермен ретінде, спекаткльдің алғашқы моноспектакль формасындағы нұсқасын сәтті санаймыз. Себебі дәл сол қалыбында әнші трагедиясы тереңірек ашылып, ал басты рөлді сомдаған театрдың талантты әртісі Оразалы Игіліктің де бар мүмкіндігін танығандай тамсанып шыққан едік. Жалғыз актердің сахнада жарқырай жүріп өнер көрсетіп, Әміренің де жан жарасын жеткізудегі жан-жақтылығы көңілге айрықша құрмет орнықтырғанын да ерекше атап өткіміз келеді.
Жалпы, моноспектакль – қойылым түрлерінің ішіндегі ең ауыры һәм қиыны. Кезіндегі кәсіби театр негізін қалаған Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов сынды саңлақтар салған сахнадағы сара жол соның айғағы болса керек. Демек, моноспектакльге бара алатын актердің де шеберлік һәм шығармашылық қуаты мықты болғаны абзал. Олай болмаған жағдайда, моноспектакліңіз де өз діттегеніне жетпей жығылады. Бұл тұрғыдан келгенде, Әміре рөлін ойнайтын актерге режиссер таңдауы дөп түскен. Әні де, сәні де, үні де, ұғымы да бір бойында ұтымды үйлескен талантты әртіс, шын мәнінде, көрерменін Әміре әлеміне жақындатқандай болды.
Рас, бұған дейін кино тілінде де, сахна төрінде де түрлі Әмірелер қойылып келді ғой. Бірақ кейде сол қойылымдардан Әмірені таба алмай жиі пұшайман күй кешетініміз ұмытыла қойған жоқ. Себебі бірде режиссер аңыз әншінің тілін қазақшаға шорқақ, көркін күн қақпаған тым жылтырақ асфальт баласы деп көрсе, келесіде бас кейіпкер екінші орынға сырғып, басты планға 1925 жылғы Париждегі жәрмеңке атмосферасы шығып кетіп, көңіл күмілжитін. Енді бірінде ән сала алмайтын актерлер сахнада Әміре болып жүргенін көріп, көңіл қалған тұстар да жиі ұшырасты шығармашылық тәжірибемізде. Ал бұл Әмірені бірден қабылдауымыздың сыры – қазақтың иен даласында өскен қара баланың рухы, шыңылтыр үні басты рөлді сомдаған актер Оразалы Игіліктің бойынан табылды, онысы моноспектакль табиғатында сәтті ашылды. Кескіндейтін бейнесін, кейіпкерін ішіне сіңіргені соншалық, актердің Әміре рухымен бітеқайнасып кеткендей әсер қалдырды.
Спектакль атақты Қоянды жәрмеңкесіндегі жас Әміренің алғашқы қадамын суреттеуден басталып, «Ес-аймақ» кезеңінде кәсіби тұрғыда кемелденген шағына, Париж төрінде абырой биігіне көтерілген тарихи сәтіне дейін шарықтайды. Алайда дәл сол даңқ шыңнан кейінгі тағдырдың күрт құлдырауы – өнерпаз өміріндегі ең үлкен трагедия ретінде сахна тілінде нанымды ашылды.
Оразалы Игілік бір спектакль бойында ән айтып, сөз сөйлеп, Жапал, Ақан сері сынды бірнеше күрделі бейнені қатар алып шықты. Әсіресе аталған екі бейне Оразалының орындауында шеберлікпен ашылды. Актер әр образға сыртқы ұқсастықпен емес, ішкі жан әлемімен бойлап, олардың тағдырын өз жүрегінен өткізе білді. Әміре, оның айналасындағы замандастары, қоғам үні – бәрі актердің ішкі пластикасы мен дауыс мүмкіндігі арқылы шынайы көрініс тапты. Мұны бүгінгі театр әртісіне жүктелетін әмбебаптық қасиеттің үздік үлгісі деп бағаласақ, қателеспейміз. Себебі ән мен драманы қатар алып жүру, сахнада жалғыз тұрып көп тағдырды сөйлету – үлкен кәсіби дайындық пен ішкі мәдениетті талап ететін биік меже.
Спектакльде көпшілік біле бермейтін тарихи деректер де көркем өріледі. Париждегі әйгілі өнер байқауына қатысқанына биыл ғасыр болған Әміре Қашаубаевтың 2026 жылы жүз жыл толатын алғашқы кәсіби қазақ театрына нөмірі бірінші бұйрықпен қабылданған тұңғыш әртісі екендігі – ұлттық театр тарихындағы айрықша дерек. Сол секілді алғашқы қазақ операсы «Қыз Жібектегі» Төлеген партиясын композитор Евгений Брусиловский Әміренің вокалдық мүмкіндіктерін толық ескере отырып, арнайы жазғаны да спектакльде орынды аталады. Алайда Париж сапарынан кейін «Мұстафа Шоқаймен жүздесті» деген желеумен әншінің басына түскен саяси дүрбелең оның үлкен арманын күл-талқан етті. Опера сахнасындағы асқақ жол, халықаралық деңгейдегі өнер көкжиегі аяқ астынан үзіледі. Бұл трагедия спектакльде құрғақ дерек ретінде емес, адамның ішкі күйзелісі, үзілген үміті арқылы көрерменге әсерлі жеткізілді.
«Әміренің» моноспектакль форматында қойылуы да рәміздік мәнге ие. Өйткені бұл – алғашқы кәсіби театрдың негізін қалаған Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов сынды сахна саңлақтары салған сара жолдың рухани жалғасы іспетті. Театрдың сындарлы жолы кезінде дәл осындай жалғыз актердің үлкен ой мен биік жауапкершілікті арқалауынан басталған еді. Қорыта айтқанда, «Әміре» моноспектаклі – бір тұлғаның тағдырын ғана емес, тұтас бір дәуірдің рухани тынысын сахнада тірілткен қойылым. Ал жас та болса жауапкершілігі мол бейнені үлкен ізденіспен сараптаған Оразалы Игіліктің актерлік еңбегі – қазақ театрындағы әмбебаптық пен рухани тереңдіктің жарқын көрінісі.