baq.kz
Заң бұзушылықтардың жолы кесілді
Қаржы министрлігінің хабарлауынша, еліміздің салалық тәжірибесіне халықаралық кәсіби қоғамдастық үлкен қызығушылық танытқан. PEMPAL (Мемлекеттік қаржы менеджменті мәселелері жөніндегі желі) алаңында Қазақстандағы электронды аудитті енгізу жұмысы озық тәжірибе ретінде аталып өтіп, әлемнің кейбір елдері осындай цифрлы құралдарды өздерінің қаржылық бақылау саласына енгізуге дайын екендерін жеткізген.
Министрлік бюджетті тиімді жоспарлау, саладағы әртүрлі заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында көптеген жаңа жүйені енгізіп, өз қызметін жетілдіріп келеді. Айталық, цифрлық технологияның көмегімен бюджет шығыстарын превентивті бақылаудың жаңа стандарттары қолға алынды. Тәуекелді төлемдер мен қазынашылық деректерінің арнайы бейіні негізінде электронды аудит былтыр 26 млрд теңге сомасына қаржылық кемшілікті анықтаған. Ал 2025 жылдың басынан бері онлайн-мониторинг жүйесі шамамен 1,1 трлн теңге сомасына 5 мыңнан астам бюджет аударымын тексеріп, 184 млрд теңгеге 694 тәуекелді төлемді әшкере еткен.

Кейінгі тексерулер нәтижесінде 59,5 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар расталып, жеткізушілерге міндеттемелерін дұрыс орындамағаны үшін 237 млн теңгеден астам тұрақсыздық айыбы есептелген. «Цифрлық технологияларды енгізу Қазақстандағы ішкі мемлекеттік аудит органдарының жұмысын жаңғыртуға септігін тигізді. Электронды мемлекеттік сатып алу веб-порталы толық автоматтандырылды. 2021 жылдан бастап электронды аудит енгізілді. Қазынашылық органдарының деректері бір жүйеге біріктіріліп, оларды қашықтан тексеру мүмкіндігі пайда болды. Мұндай жаңа жобалар енгізілген сәттен бастап 120 млрд теңгеден астам сомаға бюджет заңнамасының бұзушылықтары тіркелді. 804 аудиторлық іс-шара қашықтан өткізілді» делінген министрліктің хабарламасында.
Жаңа онлайн-мониторинг институтының арқасында 2026–2028 жылдарға арналған бюджет бекітілгенге дейін 1,5 трлн теңге сомасындағы шығыстардың негізсіз жоспарланғаны қашықтан анықталған. Бұл – пост-аудиттен превентивті цифрлы модельге көшудің нәтижесі. Сондай-ақ төлемдердің қашықтық мониторингі және цифрлы ден қою шаралары арқылы әлеуметтік салада жалақы төлеу кезіндегі 1,4 млрд теңгенің алаяқтық схемалары жойылған. Ал «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулін енгізу нәтижесінде білім саласында ұзақ жыл бойы жалғасып келе жатқан ұрлау фактілерінің жолы кесілген екен.
Электронды аудит электронды цифрлы қолтаңба қойылған құжаттарды пайдалана отырып жүргізіледі. Барлық құжат e-Minfin жүйесіндегі «Электронды ішкі мемлекеттік аудиттің іс-құжаты» модулінде қалыптасады.
Аталған құжаттар аудиттің барлық кезеңін — алдын ала аудиттен бастап қорытынды кезеңге дейін қамтиды. Ал құжаттармен танысып, қол қою үшін Тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы мемлекеттік аудит нысанының басшысына автоматты түрде жіберіледі.
2025 жылы республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімгерінен бастап, жергілікті жерлердегі қаражаттың түпкілікті алушыларына дейін өтпелі тәртіппен Пирамидалық аудит тәсілі сынақтан өткізілген. Осындай аудиттің нәтижелері бойынша агроөнеркәсіптік кешенде 22,8 млрд теңгеге мемлекеттік қолдау шараларын мақсатсыз пайдалану фактілері анықталыпты. «Мысалы, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алған 2 мыңға жуық займшы 13 млрд теңге мөлшеріндегі қаржыны ауыл шаруашылығына қатысы жоқ мақсатқа алғаны әшкереленді. Бұған қоса кейбір әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары «ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландыру мақсатында» деген желеумен мемлекеттен жеңілдетілген бюджеттік кредиттер алып, бұл қаражатты банк депозиттеріне салып, қолды қылғаны анықталды. Пайызға шаққанда олардың табысы 2 млрд теңгеге дейін жетіп отырған. Мұндай әрекетке кейбір қарыз алушылар да барғаны мәлім болды», дейді ведомство мамандары.
Негізгі қаражат әлеуметтік салаға бағытталды
Бюджеттің шығыс бөлігі – әлеуметтік-экономикалық дамудың басымдықтарын көрсететін және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың бірі. Биыл азаматтардың әл-ауқатын арттыру мен өңірлерді үйлесімді (теңгерімді) дамытуға айрықша мән берілді.
Нақты шығыстар жоспарда белгіленген межеден 96% асып, жоғары деңгейге жеткен. Бұл ретте негізгі қаражат әлеуметтік қажеттіліктерге және жергілікті жерлердегі экономиканы нығайтуға бағытталғанын атап өткен жөн.
Ведомство өкілдері айтқандай, 2025 жылы бюджет саясатының әлеуметтік және өңірлік бағыты айқын түрде сақталып қалды. Айталық, әлеуметтік бағдарламалар мен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету, денсаулық сақтау мен білім саласын қаржыландыру арта түскен.
Тұтастай алғанда, әлеуметтік блок (білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек) бюджеттің ең ірі бағыты ретінде қалып отыр. 11 айда бұл мақсатқа барлығы 8,3 трлн теңге аударылған.
Бюджет шығысындағы тағы бір маңызды бағыт – өңірлерді қолдау. Жергілікті бюджеттер 6,9 трлн теңге сомасына трансферт алып, бұл тікелей облыстар мен қалалардағы инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды қаржылай қамтамасыз етті.
«Сыртқы сын-қатерлерге төзімді болу тұрғысынан алғанда, биылғы бюджет өз икемділігі мен бейімділігін айқын көрсеткенін атап өткен маңызды. Орнықты өсімнің драйверіне айналған жергілікті бюджеттер мен тиімді әкімшілендіру ісі қолайсыз сыртқы жағдайлар салдарын өтеуге септесті. Қаржы министрлігі тың цифрлы шешімдерді енгізу арқылы жағымсыз сыртқы факторлардың әсерін реттеп, оларды тежеудің нақты жолын көрсетті. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қазынаға қосымша кіріс тартуға оң әсерін тигізді», делінген министрліктің дерегінде.

Жаңа реформаның пайдасы көп
2025 жылы елімізде Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң күшіне енгені мәлім. Бұл тың реформаның нәтижесі жылдың алғашқы тоқсанында-ақ байқала бастаған. Атап айтқанда, сатып алу рәсімдерінің мерзімі қысқарып, отандық бизнес айтарлықтай қолдауға ие болған.
Аталған реформадағы жаңашылдықтардың бірі ретінде құрылыс саласындағы сатып алуларда рейтингті-балдық жүйені (РБЖ) пайдалануды айтуға болады. Мұнда байқау нәтижелері автоматты түрде (адамның қатысуынсыз) шығарылады. «Бұл орайда рәсімдерді жеңілдету, бағадан тыс өлшем шарттарды кеңейту және сатып алу мерзімін азайту есебінен конкурс жеңімпазы орта есеппен 5 жұмыс күні ішінде анықталатынын атап өткен жөн. Басқа да тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша конкурсты өткізу уақыты 10 жұмыс күніне дейін азайды. Осы өзгеріске қарап-ақ жаңа заңның артықшылықтарын бағамдай беруге болады. Неге десеңіз, бұған дейін байқау 60 күнтізбелік күнге жалғасатын. EPC және EPC-F келісімшарттары түрінде нысандарды салудың жаңа тетіктері енгізіліп, бұл сатып алу процесін және тұтастай алғанда, нысандардың құрылысын жеделдетуге мүмкіндік берді», дейді Қаржы министрлігінің өкілдері.
Экономикалық тұрғыдан қарағанда, бюрократиялық процедуралардың азаюы айтарлықтай нәтиже берген. Қажетті процестерді жеделдету есебінен биыл 12 айда жасалған келісімшарттардың көлемі 8 030 млрд теңгеге жетіпті. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда, бұл 1,6 есе (5 097 млрд теңге) көп.
Аталған заңның арқасында отандық компаниялар айтарлықтай преференцияларға ие болған. Нақты айтсақ, еліміздің өндірушілеріне келісімшарттар жасасу кезінде бірқатар басымдық беріледі. Мысалы, кәсіпкерлер келісімшартта көрсетілген сомадан 50% мөлшерінде міндетті аванс ала алады, банктің кепілдігін ұсынудан босатылып, айыппұл санкцияларына байланысты жеңілдетілген шартты қолдана алады. Бұл жергілікті бизнестің мемлекеттік тапсырыстарға қатысуы үшін барынша жайлы және қаржылық қауіпсіз жағдайлар жасауға бағытталған.
Осылайша, 2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша отандық тауар өндірушілермен жасалған келісімшарт – 17%-ға, олардың жалпы сомасы 31%-ға өсіп, қаржылай көлемі 439 млрд теңгеге жеткені белгілі болды.
Мемлекеттік сатып алу реформасы нарықты жосықсыз қатысушылардан тазартуға септігін тигізгенін де атап өткен жөн. Негізгі міндет – барлық компанияға тең және ашық жағдай жасау. Яғни құжаттарды бұрмалайтын әрі беделі күмән келтіретін қызмет ұсынушылардан гөрі жұмыс сапасы жақсы, бағасы қолайлы іскер жандарға көбірек мүмкіндік беріледі. Ол үшін бірінші кезекте мердігерлердің жұмыс тәжірибесін растауға қойылатын талаптар күшейтілді. Жалған немесе қате мәліметтерді мұқият тексеруге мүмкіндік беретін қатаң критерийлер енгізілді. Нәтижесінде ресми тізімнен құрылыс-монтаж жұмыстары, жобалау және техникалық қадағалау саласындағы тәжірибеге байланысты 18 031 дәйексіз мәлімет алынып тасталған. Бұл біркүндік фирмалармен және біліктілігі жоқ орындаушылармен келісімшартқа отыру тәуекелдерін айтарлықтай төмендеткен.
Екінші маңызды тетік – беделі төмен өндірушілерге санкцияларды автоматты түрде қолдану. Кейінгі бес жылда Жосықсыз қатысушылар тізіміне (ЖҚТ) енгізілген компаниялардан жаңа өтінім түскен кезде конкурстағы қорытынды бағасынан автоматты түрде 0,2% (балл) шегеріледі. Мұндай кішігірім кемшіліктер олардың адал орындаушылармен байқауға түскен кезде білінеді.
Осылайша, реформа жосықсыз қатысушыларға екі жақтан да тосқауыл қойып отыр: бір жағынан, жалған мәліметтер берудің жолы кесілсе, екінші жағынан заң бұзушылықпен ұсталғандар тұрақты қаржылық «бұғауға» байланады. Сарапшылардың айтуынша, бұл шаралар құжаттаманы ретке келтіріп, мемлекеттік сатып алуға жауапкершілікпен қатысу мәдениетін қалыптастырады.

Салық пен кеден саласындағы цифрлық трансформация
Осы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қаржы министрлігі қаржы тұрақтылығы мен цифрлық трансформацияны нығайту бағытында бірталай жұмыс атқарды.
Мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігі (трансферттерді есептемегенде) 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша толық көлемде орындалып, бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 2,9 трлн теңгеге көп болды.
Министрліктің биылғы іс-шаралар тізбегінде цифрлық технологияларды енгізу мен салық және кеден инфрақұрылымын жаңғырту ерекше маңызға ие болды. Бұл шаралар бюджет кірісін арттырумен қатар инвестициялық ахуалды жақсартты, сондай-ақ еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайтуға іргелі алғышарттар жасалды.
Салықты басқару ісі цифрландыру жағдайында белсенді түрде жаңғырды. Саладағы рәсімдер жеңілдетіліп, салық төлеушілермен өзара іс-қимыл жұмыстары жетіле түсті.
Айталық, Мемлекеттік кірістер комитеті Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі (СӘИЖ) мен Smart Data Finance (SDF) платформасын енгізді. СӘИЖ 7 бытыраңқы жүйені бір технологияға интеграциялады. Жүйе жүзеге асырылып, жұмыс істеп тұр.
Айталық, Smart Data Finance – сыртқы және ішкі көздерден ақпарат жинайтын барлық салық төлеуші мен сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына арналған мемлекеттік қаржы жүйесінің бір түрі. Бұл жүйе мемлекеттік органдар қызметкерлеріне нақты шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік беретін 74 дерекқор көзінен алынған мәліметтерді біріктіреді.
SDF дамыту шеңберінде камералды бақылау мен тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру, сонымен қоса ЖИ қолдану арқылы кірістерді болжау жоспарланып отыр.
Кедендік әкімшілендіру де толығымен цифрлық форматқа ауысып жатыр. Атап айтқанда, Keden жаңа ақпарат платформасы жолға қойылды. Бұл – бұрын қолданыста болған 3 ақпараттық жүйені («Астана-1», «Е-терезе», «КААЖ») алмастыратын заманауи микросервистік технология. Ол деректерді тез және дәл өңдеуді қамтамасыз етеді, сонымен қатар декларацияларды автоматты түрде тексеруге және шығаруға мүмкіндік береді. Бүгінде 20 модульдің 16-сы жұмыс істеп тұр.
«Бір терезе» қағидаты бойынша интеграцияланған бақылау жүйесі енгізіліп, онда барлық аралас қызмет бір жүйеде – Keden АЖ қолжетімді. Бұл транзиттік декларацияны рәсімдеу уақытын 30 минуттан 10 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Биыл бизнес өкілдерімен, тасымалдаушылар және брокерлер қауымдастықтарымен бірлесіп, электронды кезек ережелері қайта қаралған. Шетелдік тасымалдаушыларға ыңғайлы болу үшін сервистік интерфейс 4 тілге (орыс, ағылшын, өзбек, қытай) аударылған және WeChat халықаралық мессенджерімен интеграция жасалыпты. ҚТЖ-мен бірлесіп, негізгі теміржол маршруттарында транзиттік декларацияларды автоматты түрде шығару енгізілген, контейнерлік пойызды өңдеу уақыты 3 сағаттан 30 минутқа дейін азайды.
«Қорғас» ХШЫО-да жолаушыларды бақылау процесі цифрландырылды. Бұл процесс биометрия әрі Face-ID арқылы жүзеге асып, багажды автоматты түрде бере отырып, Kaspi арқылы төленеді. Процедура бар-жоғы 10 секунд уақытты алады.
Бұған қоса ИТК суреттерін автоматты түрде талдау үшін жасанды интеллект енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жүктерді анықтап, оларды декларацияларда көрсетілген тауар позицияларымен автоматты түрде салыстыруға мүмкіндік береді. Алгоритмдер сәйкессіздіктерді тауып, жалған операцияларды жояды және инспекторларға дәл жұмыс істеуге көмектеседі.
Қаржы министрлігі қызметінің едәуір бөлігі көлеңкелі экономикамен күресуге бағытталған. Цифрлық құралдар көлеңкелі экономикамен қарсы күресте негізгі қаруға айналды. Мысалы, ІЖӨ-ге шаққанда оның деңгейі 2018 жылы 27,02% болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 16,71% дейін төмендеген.
Қаржы министрлігі қолға алған жұмыс салық түсімдерін ұлғайтуды қамтамасыз етті. Ең бастысы, еліміз қазынаны толықтырып қана қоймай, Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, жылдам және ашық инфрақұрылымды құруға мүмкіндік алды.