фото: gov.kz
Турнирдің финалында Қазақстан өкілі украиналық шахматшы Анна Музычукты жеңді. Ал жартылай финалда Асаубаева қытайлық Чжу Цзиньэрді сенімді түрде ұтып, қатарынан үш партияда басым түсіп, финалға жолдама алды. Өз кезегінде Анна Музычук Нидерланд өкілі Элин Руберсті жеңіп, шешуші кездесуге шыққан болатын.

Блицтен өткен әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры бір миллион еуродан асты. 21 жастағы Бибісара Асаубаева үшін бұл атақ – спорт мансабындағы тағы бір ірі жетістік. Ол бұған дейін 2021 және 2022 жылдары блицтен әлем чемпионы атанып, рапид шахматынан әлем чемпионатында күміс жүлде иеленген. Ал 2025 жылы шахматшы ФИДЕ ұйымдастырған «Үлкен Швейцария» турнирінде қола медаль жеңіп алып, халықаралық гроссмейстер атағына қол жеткізді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстардағы айтулы жетістіктері мен ел шахматын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін оны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады.