Сенімді экономикалық өсім
Р.Желдібай, ең басты нәтиже – халықтың тұрмыс-тіршілігінде оң өзгеріс анық байқалып, жаңа өндіріс орындары ашылып, қамба астыққа толғанын атап өтті. Сондай-ақ тұрғын үйлер, мектептер мен ауруханалар салынып, көлік жолдары жаңартылды.
«Қасым-Жомарт Тоқаев биыл еліміздің 9 өңіріне жұмыс сапарымен барып, 50-ден аса өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени нысанды аралап көрді. Сондай-ақ Президент 16 облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерінің есебін тыңдады», деді Президенттің баспасөз хатшысы.
Осы жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 6 пайыздан асады деп күтіледі. Бұл кейінгі он жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр.
Ел тарихында тұңғыш рет ішкі жалпы өнім көлемі 300 млрд доллардан асты. Ол жан басына шаққанда 15 мың доллардан келіп отыр. Елімізде жалпы құны 1 478,1 млрд теңгені құрайтын 185 жоба пайдалануға беріліп, 22,8 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылған.

Ал жобалардың барлығы толық қуатына көшкен кезде экономикаға айтарлықтай серпін бермек. Осылайша, өндіріс көлемі 2,3 трлн теңгеге жуықтайды. Биыл Президент Достық – Мойынты теміржолының екінші желісін, Қостанай облысындағы «KIA Qazaqstan» автокөлік зауытын іске қосты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Шымкент және Қызылорда әуежайының жаңа терминалдарын аралап көріп, Астанадағы «Stadler Kazakhstan» зауыты шығарған алғашқы жолаушылар вагонымен танысты.
Бұдан бөлек, Р.Желдібайдың жазбасында қара және түсті металлургия, химия, целлюлоза-қағаз, жеңіл және тағам өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында бірқатар жоба іске қосылғаны да аталған.
Көлік-логистика саласындағы ілгерілеу
«Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-логистика әлеуетін кеңейтіп, елімізді Еуразиядағы ірі транзит хабына айналдыруға жіті мән береді. 2025 жылы 13 мың шақырым автокөлік жолын салу және жөндеу жұмыстары басталды. Жаңа жолдардың ұзындығы – 1,9 мың шақырым. Стратегиялық тұрғыдан маңызды күрежолдар қатарында Орталық – Батыс автомагистралы, Қарағанды – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын, Атырау – Доссор учаскелері бар», деді Р.Желдібай.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде үш жаңа әуежай құрылысы басталып, Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары да қолға алыныпты.
«Президент әуе арқылы жүк тасымалдайтын алғашқы ұлттық компанияны құру бастамасын қолдады. Бұл еліміздің көлік әлеуетін дұрыс пайдаланып, әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік береді.
2025 жылы ел нарығына бірқатар жаңа авиакомпания кірді. Бұдан бөлек, 35-тен аса жаңа бағдар, соның ішінде тұңғыш рет Шанхай, Гуанчжоу мен Мюнхенге тікелей рейстер ашылды», деп толықтырды Президенттің көмекшісі – Баспасөз хатшысы.
Сонымен қатар Қызылжар – Мойынты екінші жолының, Алматы маңындағы айналма жолдың, Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз жаңа теміржол желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Ел аумағындағы 124 вокзалға күрделі жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті
Аграрлық саланы дамыту – мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі. Президент атап өткендей, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне ауыл-аймақтарды, яғни бүкіл елді дамыту деп қараған жөн.
Мемлекет басшысы қараша айында өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІ форумында мал шаруашылығын дамыту, ауылшаруашылық жерлерін оңтайлы пайдалану, судың тиімділігін арттыру, ирригациялық жүйелерді жаңғырту, агроөнеркәсіпті қаржыландыру тәсілдерін жетілдіру, саланы цифрландыру, өнімді терең өңдеу секілді бірқатар негізгі міндеттерді айқындап берген.
Осы ретте жыл басынан бері аграрлық саладағы негізгі капиталға құйылған инвестиция 20 пайызға ұлғайып, 790 млрд теңгеге жетіпті. Сөйтіп, кейінгі үш жылда еңбек өнімділігі 37,3 пайызға артып отыр.
Р.Желдібай биыл елімізде алғаш рет ауыл шаруашылығына жеңілдікпен берілген несие көлемі 1 трлн теңгеден асқанына тоқталыпты.
«Бүгінде ауылшаруашылық техникаларына ішкі сұраныстың 90 пайызын отандық өндіріс қамтамасыз етеді. Еліміздегі 10 зауытта әлемге белгілі брендтердің 19 түрлі техникасы құрастырылады», деді ол.
Ал агроөнеркәсіп өнімдері 70 елге экспортталады. Оның жалпы құны 5 млрд доллардан асады. Биыл диқандарымыз 27 млн тонна астық жинап, ел қамбасын толтыруға барлық өңір атсалысқан.
Цифрландыру мен жасанды интеллект
Президент биылғы Жолдауында Қазақстанды алдағы үш жылдың ішінде толық цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойған еді. Сәйкесінше, еліміздің цифрлық экожүйесін қалыптастыру аясында Президент тапсырмасымен қыруар шаруа атқарылды.
«Жасанды интеллект туралы» заңның қабылдануы – аталған саладағы жаңалықтың бірі. Осылайша, Қазақстан ЖИ саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге заң жүзінде негіз қалаған әлемдегі алғашқы елдердің қатарына енді.
Аталған саладағы мемлекеттік саясатты үйлестіру мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды.
Президент шілде айында Астанада Аlemcloud ұлттық суперкомпьютерін ресми түрде іске қосты. Қараша айындағы тестілеу нәтижесінде аталған жүйе суперкомпьютерлердің әлемдік TOP-500 рейтингінде 86-орынға ие болды.
«Қазақтелеком» АҚ Алматыға екінші Al Farabium суперкомпьютерін жеткізді. Ол жаһандық рейтингте 103-орынға табан тіреді.
«Президент, ең алдымен, білікті мамандар даярлауға баса мән беру қажет деп санайды. Сондықтан елімізде ЖИ саласындағы арнаулы зерттеу университетін құруды ұсынды. Астанада Alemai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Студенттерге арналған AI-Sana бағдарламасы басталды. Сол арқылы қазірдің өзінде 440 мыңнан аса студент ЖИ саласын меңгерді.
Жасанды интеллект саласындағы алғашқы қазақстандық «сыңармүйіз» стартап – Higgsfield AI пайда болды», деді Р.Желдібай.

Жұмысшы мамандықтары жылы
Президент Жарлығымен жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы кәсіптік білім беру саласын реформалаумен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеумен есте қалды.
Мемлекет басшысы жыл бойы өндірісте және әлеуметтік салада еңбек ететін қызметкерлерді Ақордада қарсы алып, ерекше құрмет көрсетті.
Республика күні қарсаңында өнеркәсіп және құрылыс саласында жұмыс істеп жүрген 500-ге жуық азаматқа жоғары марапат табысталды. Олардың 138-і – еңбек династиясының өкілдері.
Сонымен қатар 130-дан аса педагог пен ғалым, 100-ден аса медицина қызметкері мемлекеттік наградаға ие болды. Кәсіби мерекелеріне орай көлік, энергетика, мұнай-газ, ауыл және су шаруашылығы, жедел қызметтер, білім, ғылым, мәдениет, журналистика саласының өкілдеріне ерекше сый көрсетілді.
Ізашар заң
Биыл Мемлекет басшысы 95 заңға, 388 Жарлыққа, 80 өкімге, 22 отырыс хаттамасына, 3 504 қызметтік құжатқа қол қойған. Олардың қатарында Бюджет, Салық, Су кодекстерінің жаңа редакциялары мен «Жасанды интеллект туралы» заңды ерекше атап өтуге болады.
Сонымен қатар Президент «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңға, сондай-ақ «Алатау қаласына даму қарқыны озық қала» арнаулы мәртебесін беру туралы» Жарлыққа қол қойды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған шешімдері экономикалық өсімнің жаңа ортасын қалыптастыруды, Түркістанды мәдени-туристік орталыққа, ал Алатау қаласын жоғары технологиялық индустриясы бар, іскерлік хабқа айналдыруды көздейді.

Жаһандық сұхбаттастық
Бір жыл ішінде Мемлекет басшысы 23 рет шетелге шыққан. Оның ішінде Ресейге және Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барса, ҚХР, Иордания, Түркия, Қырғызстан және Жапония секілді елдерге 5 ресми сапар ұйымдастырылыпты. Ресей (екі рет), АҚШ (екі рет), Түрікменстан (екі рет), БАӘ, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан және Қырғызстан сияқты мемлекеттерге 16 мәрте жұмыс сапарымен барған.
Шетелдік сапарларда сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және инвестициялық ықпалдастықты нығайтуға айрықша мән беріліпті. Ал сол халықаралық кездесулер кезінде жалпы сомасы 70 млрд доллардан асатын коммерциялық келісімдер жасалыпты.
Президент сонымен қатар шет мемлекеттердің үкімет басшыларымен, басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен, халықаралық құрылымдар жетекшілерімен, іскерлік топ өкілдерімен және сарапшылармен 186 кездесу өткізген.
Ал биыл шет мемлекеттердің басшылары Қазақстанға 30 рет cапармен келген екен. Олардың арасында ҚХР, Италия (екі рет), Грузия, Өзбекстан, Словения, Вьетнам, БАӘ, Руанда, Солтүстік Македония, Болгария, Словакия, Иордания, Конго Демократиялық Республикасы, Мьянма, Мажарстан, Әзербайжан, Финляндия, Эстония, Армения, Түрікменстан, Швейцария және Иран елдерінің мемлекет және үкімет басшылары бар.

Президенттің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзге де президенттермен 43 мәрте телефон арқылы сөйлескеніне де тоқталған. Бұдан бөлек, 4 ресми рәсім барысында 30 мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдаған.
Жалпы алғанда, бір жыл ішінде Президент өңірлерге және шет мемлекеттерге жасаған сапары барысында 168 960 шақырым жол жүріп, 252 сағат уақыты ұшақта өткен екен.
Қоғам үні мен сенімі
Р.Желдібай Мемлекет басшысы жүктеген маңызды міндеттің бірі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да жемісті жүзеге асып жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, 2025 жылы Президент Әкімшілігіне 82,5 мың өтініш келіп түскен екен. Бүгінде азаматтардың талап-тілегін сапалы қарау үшін eOtinish жүйесінде толық цифрлық инфрақұрылым жасақталып, оған 50 мың ұйым және 320 мың қызметкер қосылыпты.
«Өтініштерді қарау үдерісі ұдайы жетілдіріліп отырады: жасанды интеллект элементтері енгізіліп, АҚШ, Оңтүстік Корея және Сингапур секілді озық елдердің цифрлық үкімет тәжірибесі зерделеніп жатыр», деп жазды Р.Желдібай.
Сондай-ақ диалог офлайн-форматта да жүретіні айтылған. Нақтылай түссек, өңірлерде азаматтардан өтініш қабылдайтын 150-ден аса орталық жұмыс істеп тұр екен. Нәтижесінде, биыл 360 мыңнан аса адамға тиісті көмек көрсетіліпті.