Сурет: ust.kz
Үйірме тізгінін ұстаған Нұртөре Мәлікұлы – жанарында от ойнаған жалынды, қарымды жастың бірі. 22 жасар инженер-энергетик уақыт өте келе физика пәнінің мұғалімі болып еңбек етуге бел буған екен. Белсенді жас роботтехника үйірмесін ашу туралы ұсынысты да өзі айтып, бастамашыл болыпты. Ізденіс ізіне түскен Нұртөренің ілкімді идеясы, тың бастамасы жергілікті билік тарапынан қолдау тапқаны расында да көңіл қуантады.
–Үйірмемізге келген балалардың талпынысына өз басым қатты ризамын. Олардың IT саласына, робот құрастыру мен арнайы бағдарламаға деген қызығушылығы зор екенін көз көріп отыр. Білім беру мекемелерінде мұндай үйірменің ашылуы – уақыт сұранысы. Қалай болған күнде де біз заман көшінен қалмауға барынша ынталы болуымыз керек.
«Біздің мақсатымыз – ауыл балаларының қаладағы қатарластарымен тең дәрежеде білім алуына қолдан келгенше көмек көрсету. Сол арқылы олардың уақыт тынысынан қалыс қалмай, жаңашыл бастамаларға ұйытқы болуына көмектесу», дейді үйірме жетекшісі өз ойымен бөлісіп.
Н. Мәлікұлының айтуынша, роботтехника үйірмесі былтыр қаңтар айынан бастап іске кіріскен. Қазіргі кезде жас маманнан тәлім алып жүрген талапты балалардың саны елуге жеткен көрінеді. Білікті ұстаз сабақты екі бағытта жүргізетінін айтып отыр. «LEGO» жинақтарымен робот құрастыру ісіне 1–4-сынып оқушылары құлшыныс білдірсе, «Arduino» негізіндегі автоматтандырылған жүйелерді құрастыру жұмысын 5–7-сынып оқушылары қолға алған. Әрине, олар бастапқыда жаңа бағытты түсінбесе де, уақыт өте келе, роботтехниканың қыр-сырын меңгере түскен. Осылайша, ұстаз үміті ақталған.
Маман келтірген дерекке сенсек, бұл бағыттар бойынша жұмысты балалардың жас ерекшелігі мен тапсырманың күрделі болуына қарай жіктепті. Бастауыш сынып оқушылары қарапайым механизмдер мен қозғалыс элементтерін меңгеруге назар аударса, жоғары сынып оқушылары бағдарламалау негіздерін үйреніп, күрделі жобаларды әзірлеуге ден қойған.
Жаңашыл ұстаздың қолға алған ісі балаларды баурап алғанына ешкімнің таласы жоқ. Талаптың тұлпарын мінген оқушылардың қол моторикасы, инженерлік ойлау қабілеті, логикалық пайымы мен шығармашылық дағдысы жыл ішінде айтарлықтай деңгейге жетіп отыр.
Үйірмеге келіп, роботтехниканың қыр-сырына қаныққан оқушылардың ұстаздың ізденісіне деген ілтипаты ерекше екенін аңғардық. Жаңа әлемнің есігінен аттаған олар ізденіс ізіне түсу арқылы жаңа биіктерді бағындыруды көксейді. Көздерінде от ойнаған оқушылардың талай биікті бағындыратынына еш күмән жоқ.
– Бұл үйірме маған расымен де қатты ұнайды. Өз қолыммен түрлі робот құрастырып, бағдарламау тетіктерін меңгеріп жатқаныма бек қуаныштымын. Бастапқыда мұны түсіну айтарлықтай қиындық тудырғаны рас. Әйтсе де, ұстаз өткен сабақтар менің математика және физика пәндеріне деген қызығушылығымды арттырып, түрлі тәсілдерді тереңірек түсінуіме көп көмектесті. Осы үйірмеге келу арқылы ойлау қабілетім арта түскенін айтпай кетуге болмас. Менің замандастарым да роботтехникаға қатты қызығушылық білдіріп жатқанына қуаныштымын, – дейді білім алушының бірі Айтөре Оразғали өз ойын білдіріп.
Өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын Нұртөре Мәлікұлының айтуынша, үйірме – жай ғана қосымша сабақ беру тәсілі емес. Ол балаларды жаңашылдыққа баулу арқылы ауыл жеткіншектерін инженер және IT саласына деген қызығушылығын арттыруды көздеген.
Жамбыл облысы,
Қордай ауданы