Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Заңға көз жүгіртсек, жаңа Салық кодексінің басты ұстанымы мен мақсаты айқын: салықты күрделендіру емес, керісінше елге түсінікті ету. Мемлекет артық есеп пен қағазбастылықты азайтуды көздеп отыр. Осыған байланысты салық есептілігінің көлемі 30%-ға қысқарады, ал салықтар мен алымдардың саны 20%-ға кемиді. Бұрын болған ұсақ төлемдердің бір бөлігі мүлде алынып тасталады.
Қосылған құн салығының негізгі мөлшерлемесі 16% болып белгіленді. Бірақ медицина саласына жеңілдік қарастырылған. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге 2026 жылы – 5%, 2027 жылы 10% ҚҚС салынады. Ал тегін медициналық көмек, МӘМС аясындағы қызметтер, сирек әрі әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, кітап шығару мен археологиялық жұмыстар ҚҚС-дан толық босатылады. Газет пен журнал сияқты мерзімді баспа өнімдеріне ҚҚС 10% болады. ҚҚС бойынша есепке тұру шегі 40 млн теңгеге дейін төмендейді. Осы сомадан асқан кәсіпкерлер міндетті түрде тіркелуге тиіс.
Зейнеткерлер үшін де оң өзгеріс бар. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы жеке табыс салығынан босатылады. 10 жылдан асқан автокөліктерге салынатын салық азаяды.
Кәсіпорындар үшін корпоративтік табыс салығы 20% деңгейінде қалады. Алайда барлық салаға бірдей емес. Банктер мен ойын бизнесі 25%, әлеуметтік сала ұйымдары 2026 жылы 5%, 2027 жылы 10% төлейді. Ал ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін 3% жеңілдік сақталады.
Қор нарығына қатысты жеңілдіктер бұрынғыдай қалады. «Бәйтерек» холдингінің бағалы қағаздарынан түскен табыс 2031 жылға дейін салықтан босатылады. Пайдалы қазбаларды барлау мен өңдеу саласына да қолдау көрсетіледі. Тиімділігі төмен жаңа кен орындары 5 жыл бойы өндіру салығын төлемейді.
Б.Бақытқалиқызының айтуынша, ең бірінші көзге түсетін өзгеріс – салықтық әкімшілендіруде. Мемлекет салық төлеушімен қалай сөйлеседі, қалай талап қояды, қалай шектеу енгізеді – осының бәрі өзгеріп жатыр. Бұрын салықта қателік кетсе, бірден әкімшілік жазаға тартылатын. Қазір жүйе сәл жұмсарды. Егер салық бойынша қарыз 20 айлық есептік көрсеткіштен аз болса, алдымен «Сізде салық қарызы бар, осы қарызды төлеңіз» деген хабарлама келеді. Бірден жазаламайды. Егер сол қарыз 5 күннің ішінде төленбесе, банк шотына шектеу қойылады. Бірақ бұл жерде де бұрынғыдай қатаңдық жоқ.
«Мысалы, менің қарызым 10 мың теңге, ал банк шотымда 100 мың теңге бар делік. Арест бүкіл 100 мың теңгеге қойылмайды. Тек 10 мың теңгесі ғана бұғатталады. Қалған 90 мың теңгені мен пайдалана беремін. Ал қарыз көлемі 20 айлық есептік көрсеткіштен асып, 45 айлық есептік көрсеткішке жетсе, жағдай өзгереді. Бұл кезде банк шоты қарыз сомасына жабылады. Сонымен қатар компания өз мүлкін сата алмайды. Егер компанияның атында мүлік болса, оны рәсімдеу, сату тоқтайды. Ең қатаң шара қарыз 27 мың айлық есептік көрсеткіштен асқанда қолданылады. Келесі жылы бұл сома 116 млн 775 мың теңге болады. Егер осындай қарыз жеке кәсіпкерде немесе компания иесінде болса, онда ол адам шетелге шыға алмайды. Бұл жаңа Салық кодексінде жаңадан қосылған бап», дейді ол.
Салықтық әкімшілендірудегі тағы бір үлкен өзгеріс электрондық шот фактураға байланысты. Бұл тұс көптеген саудагерге тікелей әсер етеді. Қазір электрондық шот фактура беру қатты бақылауға алынып жатыр. Егер сіз дүкен ұстап, нан, сүт, айран сатсаңыз да, қасында канцелярия немесе ойыншық сатсаңыз да, міндетті түрде электрондық шот фактура беруіңіз керек. Бұл жерде екі түрлі бақылау бар.
«Біріншісі – автоматтандырылған бақылау. Ол қосымша құн салығында тұрған кәсіпкерлерге қатысты. Электрондық шот фактура беру үшін алдын ала ҚҚС төлеу керек болады. Екіншісі – тауардың қайдан келгенін тексеру. Мысалы, ойыншық немесе кеңсе тауарын сатсаңыз, салық органы ол тауарды қайдан алдыңыз деп сұрайды. Яғни енді тек «саттым, салығын төледім» деу жеткіліксіз.
Қазір тауарды қайдан алдың, кімнен сатып алдың, соның бәрі маңызды. Салыстырмалы тексеру жүреді. Бұл – көлеңкелі экономикамен күрес», дейді Б.Бақытқалиқызы.
Келесі үлкен өзгеріс арнаулы салық режімдеріне қатысты. Қазір 7 түрлі арнаулы салық режімі бар. Келесі жылдан бастап олардың саны үшеуге қысқарады. өзін-өзі жұмыспен қамтығандар; оңайлатылған декларация; шаруа қожалықтары. Шаруа қожалықтарында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Ал негізгі жаңалық – оңайлатылған декларацияда. Қазіргі бөлшек сауда режімі мен оңайлатылған декларация біріктіріледі. Екеуінің талаптары қосылып, жаңа режім шығады.
«Гибридті оңайлатылған декларация қосымша құн салығынан босатылған. ҚҚС тек шетелден импорт тауар әкелген кезде ғана төленеді. Бірақ осы жерде кәсіпкерлерді алаңдатып отырған бір үлкен мәселе бар. Ең үлкен өзгеріс – осы. Егер оңайлатылған декларациядағы кәсіпкер жалпыға бірдей режімдегі саудагерден тауар сатып алса, ол тауарды шегерімге қоя алмайды. Қазір халықтың бәрі осыған шырқырап жатыр», дейді салық маманы.
Жаңа Салық кодексінде тағы бір жаңа ұғым пайда болды. Ол – сән-салтанат коэффициенті. Бұл коммерциялық емес, жеке тұрғын үйлерге қатысты. Егер бір адамның атына бірнеше үй тіркеліп, олардың жалпы құны 450 млн теңгеден асса, онда асқан бөлігіне қосымша салық салынады. Үйдің бағасына қарай пайызбен есептеледі. Құны 75 млн теңгеден асатын автокөліктерге, 100 млн теңгеден асатын кемелерге, литрі 500 мың теңгеден қымбат алкогольге, данасы 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдеріне 10% акциз салынады.
«Тағы бір маңызды өзгеріс мүгедектігі бар адамдар жұмыс істейтін ұйымдарға арналған. Ондай ұйымдарға үлкен жеңілдік беріліп отыр. Егер қызметкерлердің 51%-ы ерекше жандар болса, олар нақты жалақы алып отырса және 10 адамнан асса, ұйым қосымша құн салығынан да, корпоративтік табыс салығынан да толық босатылады. Бұл жерде де нақты талап бар. Олар тек тіркеліп тұрмауы керек. Нақты жалақы төленуі шарт. Қызметкерлердің жалақысы жалпы жалақы қорының 51%-нан кем болмауға тиіс», деп сөзін түйіндеді сарапшы.